Бокс • 06 Наурыз, 2019

Ақтаулық боксшылар Америкаға аттанды

1015 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атақты бапкер Марат Жақиевтің қол астында жаттығатын төрт боксшы Америкаға аттанды. Сол жақта олар АҚШ-тың кәсіпқой боксшыларымен бірлескен жаттығу жиынын өткізеді. 

Ақтаулық боксшылар Америкаға аттанды

Америкаға сапар шеккен қандастарымыздың есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Кезінде жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқыраған Саматәлі (60 кило) мен Санатәлі Төлтаев (64 кило), Бекзат Нұрдәулетов (91 кило) және Айболды Дәуренұлының (+91 кило) барлығы да ересектер дуына еркін қосылып, бұл күндері ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүр. Олардың барлығы да Ақтау қаласында белгілі бапкер Марат Жақиевтің қол асытнда жаттығуда. Сол өрендер енді шеберліктерін одан әрі шындай үшін АҚШ-та барып жаттығуды жөн көріп отыр. 

Олар Калифорния штатындағы Окснард қаласына аттанды. Сол жерде орналасқан әйгілі базада Майки Гарсия, Василий Ломаченко, Александр Усик, Александр Гвоздик және тағы басқа кәсіпқой бокстың шоқ жұлдыздары жаттығады. Сондай-ақ, Окснардта біздің Мейірім Нұрсұлтанов пен Мадияр Әшкеев те даярлануда. Кәсіпқой боксшылармен бірге жаттығу техникалық та, физикалық тұрғыдан да өте тиімді. Ондай жиындардың біздің жігіттерге берері көп. Сол себепті де Марат Жақиев осындай ұсыныс білдіргенде, мен бірден өз келсімімді бердім, – дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев.

Мұхиттың арғы бетінде айтулы боксшылар бір ай жаттығады. Содан кейін олар елге оралады. Ал отандық былғары қолғап шеберлері үшін алдағы уақыттағы басты сынақ – Азия біріншілігі. Сол жарыста әлем чемпионатының жолдамалары сарапқа салынады.         

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»