Жастар ғалым болғысы келе ме?
Елімізде ғылымның беделі төмен екенін, ғылыммен шұғылдануға қызығушылық азайып бара жатқанын басқа емес, ғалымдардың өзі айтып, дабыл қаққанына талай жылдың жүзі болды. Әсіресе, соңғы бірнеше жылдың бедерінде ғылымға бет бұрған жастардың қатары қатты кемігені осы проблеманы айғақтай түседі. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің 2017 жылғы дерегіне жүгінсек, бүгінгі таңда елімізде 22 081 адам ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Олардың ішінде жасы 25-ке жетпегендері – 1909, 45-ке толмағандарының саны 16 мыңға жуықтайды.
2014 жылғы есеп бойынша, Қазақстанда ғылымнан нан іздеген жандардың саны 25 мың 793 адам болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 24 мың 735-ке азайған. 2016 жылы күрт төмендеп, 22 985 ғалым қалған. 2017 жылғы деректі жоғарыда келтірдік. Егер кейбір деректер бойынша тоқсаныншы жылдары азаттықтың алтынкүрек желі енді есе бастаған тұста ғылыми-зерттеулермен шұғылданатындардың саны 42 мың адамнан асып түскенін ескерсек, қазіргі көрсеткіш екі есеге дейін құлдырағанын аңғарамыз.
Бір айта кетерлігі, жалпы ғалымдардың ғана емес, ғалым болсам деген жастар қатарының кему үрдісі күшейіп бара жатқандай. Ал жастары ғылымға қызықпайтын, ғылым культі жоқ елде «қазақстандық кремний алқабын құру» сияқты идеялардың құрғақ қиял күйінде қалатыны анық.
Бұрынғы Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жасалған «Қазақстан жастары-2018» Ұлттық баяндамасын шолып, саладағы ахуалды бажайлауға тырысқан едік. Осы еңбекте көрсетілгендей, 2017 жылы елімізде ғылыми-зерттеулермен және әзірлемелер жасаумен 386 мекеме айналысқан екен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда, мекемелер саны 3-ке көбейгенін көрсетеді.
Есесіне 2014 жылғы көрсеткіштен (392 мекеме) төмен. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізетін орталықтар негізінен Алматы (131 мекеме) мен Астанада (62 мекеме) шоғырланған. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары бұл көрсеткіш бойынша ең төменгі сатыларда.
Жарайды, ғалым көп елде де ғылым шарықтап дамып кетеді деуге бола қоймас. Мәселе ғылымның әкелетін пайдасында, өнеркәсіпке, экономиканың түрлі салаларына, тұрмысқа енгізетін озық жаңалығында екені түсінікті. Бұл орайда да айдарымыздан жел есіп тұр деп айта алмас едік. Физика-математика ғылымдарының докторы, Техникалық физика және экология мәселелері жөніндегі ҒЗИ директоры Темірғали Көкетайдың айтуынша, Қазақстан әр салаға енгізген ғылыми жаңалықтар көрсеткіші бойынша дүние жүзіндегі алғашқы алпыс елдің санатында жоқ. Отандық кәсіпорындардың да инновациялық белсенділігі дамыған елдерді айтпағанда Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Украина сынды елдерден төмен.
– Ғылымнан жаңа әрі жақсы нәтиже алу үшін зерттеушілер көп болу керек. Сонда бәсекелестік артып, саннан сапа туады. «Көп ақша беремін, 2-3 жылда жаңалық аш» деп кесіп айтуға тағы болмайды. Қаражаты аз, қатары кем ғалымдардың беретін өнімі де төмен болады. Ондай жолмен ғылымды дамыту мүмкін емес, керісінше құрдымға жіберіп алуымыз мүмкін,– дейді Т.Көкетай.
Бөлінетін қаржы 0,16 пайыз
Сонымен, ғылымға құмар жастар аз екенін көрдік. Өндіріске енгізілген ғылыми жаңалықтар, патент алу бойынша да мақтанатын деңгейде емес екенбіз. Бұған не себеп? Бәлкім, проблеманың төркіні қаржыландыруға келіп тірелетін болар?
Бүгінгі таңда ғылымды қаржыландыруға елімізде ІЖӨ-нің 0,16 пайызы ғана бөлінеді. Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қосылуға ниетті екенін ескерсек, бұл көрсеткішті айтарлықтай көтеруге тура келеді. Себебі, аталған халықаралық ұйымға қосылу үшін экономиканың жаңа жоғары технологиялық салаларын қалыптастырып, ІЖӨ-нің кемінде 3 пайызын ғылымды дамытуға жұмсау керек деген талап қойылады.
Жалпы, ғылымға ІЖӨ-нің 1 пайыз немесе одан төменгі үлесі бағытталуы ел үшін ғылыми-техникалық тұрғыда қауіпті саналатынын да айта кетейік. Біздегі көрсеткіш осы шектен бақандай 6 есеге төмен.
Forbes.kz-тің Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап берген деректеріне сүйенсек, соңғы төрт жыл ішінде ғылым саласын дамытуға бөлінген қаржының жалпы көлемі де, олардың нақты номиналды саны да құлдыраған екен. Мәселен, 2015 жылы 20155 ғылыми жобаға 16,7 миллиард теңге бөлініпті. 2016 жылы жоба саны 1581-ге, қаржыландыру 11,8 миллиардқа түскен. 2017 жылғы көрсеткіш – 1558 жоба, 10,5 миллиард теңге. Былтыр 1096 жобаға 9,5 миллиард теңге бөлінген. Яғни, ғылымға құмартқан адамдардың азайғаны, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын мекемелердің қысқарғаны қаржыландыру көлемінің кемігенімен тікелей байланысты деген қорытынды жасауға негіз бар сияқты.
Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте беруге тағы болмайды. Былтыр Дүниежүзілік даму банкі мен Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен елімізде «Постдокторанттардың (PhD) зерттеулері мен тренингтерін қолдау гранттары» бағдарламасы бастау алды. Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияларды қолдау» жобасының аясында отандық ғалымдарға ағылшын тілін үйрету қолға алынып, 5 мың ғалымды қамтыған екен. Ғылым мен ғылыми-техникалық жұмыстарды «Ғылым қоры» АҚ-ның, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның қаржылай қолдауы инновациялардың өндіріске енуіне біршама ықпалын тигізіп келеді.
Еліміздің Стратегиялық даму жоспары бойынша ғылыми зерттеулер және тәжірибелік-конструкторлық жүргізу орталықтарына бөлінетін қаржы көлемін ІЖӨ-нің 1 пайызына дейін көтеру межеленіп отыр.
Алпауыт елдер ақша аямайды
Әлемнің дамыған мемлекеттеріне, алпауыт компанияларына ортақ қасиеттердің бірі – ғылымнан ақша аяп қалмайтыны деуге болатын шығар. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш ұлғайып бара жатқанын да атап өту керек. Мәселен, ІЖӨ-нің 1 пайызын жұмсау туралы межеге АҚШ 1997 жылы қол жеткізген екен.
Ресейдің «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университетінің жанындағы зерттеу институты былтыр осы салаға ең көп қаражат бөлетін 10 елдің тізімін жасап, АҚШ-ты алдыңғы орынға қойды. 2017 жылы Америка бұл салаға 511,1 миллиард доллар, яғни, ІЖӨ-нің 2,74 пайызын жұмсапты. Әрбір зерттеушіге жұмсалатын ақша көлемі бойынша АҚШ екінші орында – 359,9 мың доллар.
ІЖӨ-нің 2,12 пайызын, сәйкесінше 451,2 миллиард доллар бөлген Қытай екінші орынға жайғасты. Көршілес елде әр зерттеушіге 266,6 мың доллардан келеді екен.
Әлемдік ғылымның көшбасшылары санатындағы Жапония үшінші орында –168,6 миллиард доллар. Жоғары технология, автокөлік өндірісі, энергия үнемдеу, роботтехника, медицина, ғарышты зерттеу салалары ерекше дамыған елде зерттеушілердің саны 670 мыңнан асады.
Өзге де Батыс Еуропа елдері сияқты, Германияда ғылымға негізінен жеке бизнес қаражат құюға құштар көрінеді. 118,5 миллиард доллардың басым бөлігі ірі компаниялар тарапынан бөлініп, қалғаны мемлекет тарапынан жұмсалуы осыны көрсетеді.
ІЖӨ-нің 4,24 пайызын ғылымға жұмсайтын Оңтүстік Корея бұл көрсеткіш бойынша әлемде екінші орын алады. Samsung, Hyundai-Kia, LG, POSCO сынды алпауыт корпорациялар Кореяны өрге сүйреп келе жатқанын ескерсек, ІЖӨ-нің өсімінің өзі осы ғылымның нәтижесі деуге негіз бар.
Озық ондықтың сапында Франция (62,2 миллиард), Үндістан (50,1 миллиард) Ұлыбритания (47,2 миллиард), Бразилия (41,1 миллиард), Ресей (39,9 миллиард) бар.
Ғылымға салынатын корпоративтік инвестицияның жөні бір бөлек. Бүгінгі таңда бірқатар трансұлттық корпорациялардың ғылымға құйған инвестициясы көлемі жағынан талай дамушы мемлекеттердің инвестициясын он орап алғандай. Мәселен, Samsung осы бағытқа 14 миллиард доллар бөледі екен. Apple, Volkswagen, Intel сынды алпауыттар да одан кем жұмсамайды.
Бір айта кетерлігі, трансұлттық компаниялардың корпоративтік инвестициясы қандай да бір елдің аумағымен шектеліп қалмайды. Мысалы, Samsung бөлген қыруар қаржының 10 пайыздайы ғана Кореяда қалып, қалғаны АҚШ, Израиль, Франция, Үндістан сынды әлемнің әр түкпіріндегі инновациялық орталықтардың, инноваторлардың кәдесіне жарайды екен. Сарапшылар осы құбылысқа байланысты ғылымды қаржыландыру әлемінде шекара қалмағанын, трансұлттық компаниялардың қарқынына дамушы елдердің төтеп беруі қиынға соғатынын айтады. Есесіне бұл инноваторларға, талапқа тез бейімделе алатын инновациялық орталықтарға жаңа мүмкіндіктер береді.
Жоғарыда «Өнімді инновацияларды қолдау» жобасы бойынша отандық ғалымдардың ағылшын тілін меңгеріп жатқаны туралы айтқанбыз. Ағылшын тілі оларға халықаралық ұйымдардан, компаниялардан зерттеулерін қаржыландыруға қажетті қаржы алуына жол ашуы мүмкін. Қысқасы, шет тілін меңгеру отандық ғалымдардың жаһандық ғылымды қаржыландыру нарығына енетін баспалдағы болады деген үміт бар.
Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan»