Мәселен, алып елдердің саяси мүдделер қақтығысынан туған санкциялардың қайталануы, қоғамдық қатынастар мен өндірістің, тіпті қызмет көрсету саласының цифрлануы, біліктілік талаптарының күрт өзгеруі және жұмыссыздықтың өсуі сияқты мәселелер көптеген елдің даму бағытын қайта қарауға алып келді.
Осы орайда Қазақстан экономикалық дағдарыс толқыны жылдарында индустриялық даму бағдарын таңдап алып, нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын құрумен және инфрақұрылымдық желілерді жаңғыртумен аталған кезеңнің ауыртпалығынан сәтімен шыға білгені белгілі. Ал соңғы уақытта Қазақстан әлеуметтік саясатқа басымдық беріп отыр. Әлбетте, мемлекеттік институт әлеуметтік саладағы реформаларды тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам кезеңінде үздіксіз жүргізіп келеді. Десе де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтыр күздегі халыққа арнаған Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасының заңды жалғасы іспетті жуырдағы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде де әлеуметтік тұғырнаманы бекіте түсуге ден қойылды.
Съезде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев әсіресе халықтың аз қамтылған бөлігін әлеуметтік қамтамасыз етуге байланысты нақты тапсырмалар жүктей отырып, ел азаматтарын әлеуметтендірудің өзекті міндет екенін жеткізген болатын. Партияның кезекті съезінен кейін қайта жаңарған Үкімет мүшелері осы бағдарда қандай жұмыстар атқарылатынын екшеп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын бастап кеткен-ді. Мәселен, Президент тапсырмасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев аз қамтылған, табысы күнкөріс минимумынан төмен көп балалы аналар мен толық емес отбасыларға, мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен қамқоршыларға арналған атаулы әлеуметтік көмектің биыл 1 шілдеден бастап берілетінін мәлімдеген еді.
Алайда, кеше Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен әлеуметтік саясатты іске асыру жөніндегі кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев аз қамтылған және көп балалы отбасылар мемлекеттің қамқорлығын жақын арада сезінуге тиіс екенін атап өтіп, бұл санаттағы азаматтар биылғы 1 сәуірден кешікпей әлеуметтік көмекті алуы қажеттігін айтты. Президент бұл ретте жоспарланған іс-қимыл шараларының уақтылы жүргізілуіне, түсіндіру жұмыстарының кеңінен қамтылуына және жергілікті жерлердегі атқарушы биліктің қызметі осы арқылы бағаланатынына ерекше екпін беріп, бұл жұмыстың барысын өзі қадағалауына алатынын да атап өтті.
Бұл – басқа елдермен салыстыра қарағанда Қазақстандағы әлеуметтік әлеуетті мемлекеттің әлеуетіне айналдыруды көздеген сындарлы платформа қалыптастыруға бағыт түзегенін көрсетеді. Өйткені сананы тұрмыс билеген нарықтық қоғамда өмір сүріп жатқан қай елде де мұқтаж жандар бар. Ал елімізде мұқтаждықты масылдыққа емес, әлеуметтендіруге алып келетін жаңа әлеуметтік доктрина бекіді. Жаңа бағдарлама бойынша жекелеген әлеуметтік санаттарға енетін азаматтардың саны артты. Кедейшілік шегін 21 мың теңгеге дейін көтеру шарасы 830 мыңнан астам адамды қамтыды. Жалпы, бүгінге дейін өңірлерде көп балалы отбасыларды қолдауға байланысты жергілікті әкімдіктер мен кәсіпкерлерден, жекелеген қорлардан біршама көмек көрсетілді.
Ал Елбасы жүктеген міндеттер алдағы уақытта орталық мемлекеттік органдар мен атқарушы билікке жаңа сыни кезең болмақ. Себебі Ұлттық қордан бөлінген қыруар қаржы атаулы әлеуметтік көмектерді өсіруге ғана емес, жаңа әлеуметтік тұрғын үй нарығын нығайтуға, білім беру, денсаулық сақтау салалары мен өмір сүру сапасын жоғарылатуға, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға, қаржы саясатын тұрақтандыруға, ауылдарды көтеруге жұмсалады.
Ең бастысы, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың алдағы сәуір айында басталатындығы мұқтаж азаматтардың еңсесін көтеріп, ел ертеңіне сеніммен қарауына септігін тигізеді. Көктемнің алғашқы күндеріндегі бұл қамқорлық барша ел азаматтарының жүрегіне жылылық ұялататыны анық.
Бақытгүл ХАМЕНОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Елбасының көп балалы аналар мен көмекке мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмекті кешіктірмей, 1 сәуірден бастап беру туралы шешімі дер кезінде қабылданды деп білемін. Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде Үкіметке берген тапсырмасының жедел орындалуы қажет екендігін байқатты. Бұл шешімі арқылы мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне бірінші кезекте көңіл бөлетінін көрсетіп отыр. Сонымен қатар көп балалы аналардың Мемлекет қамқорлығын ұдайы сезініп отыруы тиіс екендігін аңғартты. Өз кезегінде бұл шара халықтың Елбасына деген сенімін одан әрмен нығайтып, болашаққа деген үкілі үміттің шоғын маздатары сөзсіз.
Жалпы, Елбасы әу бастан ананы қадірлеп, анаға құрмет көрсетуді, мемлекеттің аналарға қамқор болуын басты назарда ұстап келген. Осы жолғы шешімінде де аналарға құрметтің көрінісі бар. Елбасы тапсырманы 8 наурыз – аналар мейрамы қарсаңында беріп отыр. Өз басым бұл шешімді еліміздегі барлық аналарға көрсетілген құрмет ретінде бағалаймын.
Рамазан САЛЫҚЖАНОВ, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты:
– Мемлекет басшысының көмекке мұқтаж және көп балалы аналарға әлеуметтік көмекті биылғы 1 сәуірден бастап беру туралы тапсырмасы бұқараның көңілінен шықты деп ойлаймын. Бұл шешім халықтың Елбасы мен мемлекетке деген сенімін одан әрмен нығайта түсті.
Рас, «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде әлеуметтік мәселелерді шешу туралы нақты тапсырмалар берілген. Дегенмен, ел ішінде түрлі қауесеттер де тараған болатын. Әрі «шілдеге дейін әлі де уақыт бар ғой, тағы да өзгеріс болып қалмай ма екен?!» деген күдік те кездескен болатын. Президенттің әлеуметтік көмекті 1 сәуірден бастап беру туралы шешімі қоғамдағы барлық қауесетке нүкте қойып, күдіктерді сейілтті.
Сонымен қатар мемлекеттің елдегі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін жедел шаралар қабылдап жатқанын көрсетеді. Әрі бұл шешім әлеуметтік көмек беруге қажет қаржы да толық есептелгенін аңғартады. Халық үшін көңіл қуантатын жаңалық болды деп есептеймін.
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»