Көлік инфрақұрылымы жаңарады
Биылғы жылдың соңына таяу еліміздің Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен арадағы 9 автокөлік және 1 темір жол өткізу бекеттерін жаңғырту мен техникалық түгел жарақтандыру жұмыстары басталуы тиіс. Бұл жұмыстарға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы еліміздің экономикасын дамытудағы басымдықтардың бірі ретінде жаңа Еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытуға байланысты тапсырмалары негіз болған. Осыған байланысты жүк транзитінің еркіндігі, көлік дәліздерін құру және жаңғырту мәселелері күн тәртібінде тұр.
Жалпы отырыста баяндама жасаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов осы мақсатта Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасындағы Қазақстан учаскесіндегі өткізу пункттерінің кедендік инфрақұрылымдарын дамыту қажеттігіне тоқталды.
– Қазіргі бар инфрақұрылым өсіп жатқан ағынды біркелкі және жедел өткізуге мүмкіндік бермейді. Мысал ретінде Қазақстан – Өзбекстан шекарасында туындаған ахуалды келтіруге болады. Қазір Қазақстан жағындағы өткізу бекеттерінің алдында күн сайын тәулігіне 70-тен 300-ге дейін автокөлік құралдары жиналып қалуда, тасымалдаушылар кезекте 3 тәулікке дейін тұруға мәжбүр. Өткізу мүмкіндігін ұлғайту үшін Қаржы министрлігі «Эталондық өткізу пункті» тұжырымдамасын әзірледі, – деді Ә.Смайылов.
Жоба жүзеге асырылғаннан кейін өткізу бекеттері қазіргі тәулігіне 450 көліктен 4500 көлік өткізетін шамаға дейін кеңейеді.
Ал бұл жұмыстарға қажетті 100 млрд теңгеден аса қаражат Қытай Халық Республикасынан 20 жылдық мерзімге, жылдық 2 пайыздық үстемемен жеңілдетілген несие түрінде алынады.
Осы орайда Ә.Смайылов депутаттардың сауалына орай, бұл соманы өз қазынамыздан бір мезетте алу бюджетке салмақ болатындығын айтты. Оның үстіне, біздің елімізбен тұрақты жұмыс жүргізіп отырған халықаралық қаржы ұйымдары – Дүниежүзілік банк, Еуропа даму және қайта құру банкі, Азия даму банкі, сондай-ақ Ислам даму банкінің несиелерінің пайыздық үстемесі долларға маталған және жылдық 3-4 пайыздық өсіммен беріліп келген. Ал қытайлық несие юаньмен есептеледі және жоғарыда айтылғандай, жылына 2 пайыздық үстемемен беріледі.
Сонымен өткен жылы Бейжіңде қол қойылып, кеше депутаттар ратификациялаған келісім арқылы жүзеге асырылатын жұмыстар ЕАЭО сыртқы шекарасының барлық белдеуі бойынша өткізу бекеттерін жаңғыртуға, сондай-ақ тауарлардың барлық өту циклын автоматтандыруға, кедендік әкімшілендіру деңгейін көтеруге, өткізу пункттерінің инфрақұрылымын жақсартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сыртқы экономикалық қатысушылардың қаржы шығындарына және елдің рейтингісіне оң әсер етеді. Жоспарланған жұмыстар 2022 жылға қарай аяқталуы тиіс.
Байқоңырдан бақ тайған жоқ
Жалпы отырыс барысында депутаттар «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да мақұлдады.
2016 жылғы желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында қол қойылған құжатқа өзгерістер енгізу мәселесі бойынша Цифрлы даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндама жасады.
– Хаттама Қазақстанның Байқоңыр қаласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдар тізбесіне қосымша еліміздің 10 мемлекеттік органдары бөлімшелерін қосуды көздейді. Олардың арасында қазынашылық комитетінің бөлімшесі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, шекара қызметінің бөлімшесі мен басқа да органдардың бөлімдері ескерілген. Бұрын бұл келісімде Байқоңыр қаласында тек 8 мемлекеттік орган бекітілген, яғни сот, прокуратура, аэроғарыш комитетінің бөлімшесі, Байқоңыр кешеніндегі Қазақстан Президентінің арнаулы өкілі және басқа да органдар қамтылған еді, – деп атап өтті А.Жұмағалиев.
Жаңа министрліктің жаңа басшысы депутаттардың сауалдарына орай Байқоңыр қаласы мен ғарыш кешеніне байланысты сауалдарға да жауап берді.
Мәселен, А.Жұмағалиевтің тиісті сауалдарға орай баяндауынша, қазіргі кезде Ресей тарапы Байқоңыр ғарыш кешенінің объективті себептермен пайдаланбай отырған бірқатар нысандары өз меншігімізге өткендігін, олардың ғарыш нысандарына қатысы жоқтары Қызылорда облысының әкімдігіне берілгендігін мәлімдеді. Ал ғарыштық нысандарға байланысты министрлік тарапынан тиісті жоспарлар жасалған.
Министрдің айтуынша, жуырда Қазақстан меншігіне өткен 243 нысанды қамтитын «Зенит» зымыран кешені инфрақұрылымы еліміздің ғарыш саласына қатысты бағдарламалар үшін өте қажет. Атап айтқанда, оларды игеру мақсатында қазір «Бәйтерек» атты арнайы жоба әзірленіп жатыр екен.
Жалпы отырыс барысы негізгі баяндамалардан соң дәстүрлі депутаттық сауалдармен жалғасты.
Мәселен, депутат Сауытбек Абдрахманов депутаттар тобының атынан Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған сауалында мал ұрлығының асқынып кетуіне байланысты тиісті шешімдер қабылдау керектігін жеткізді. Атап айтқанда, мал ұрлығымен күресті күшейту жөнінде мақсатты жұмыс жүргізу, бұл іске барлық деңгейдегі әкімдіктердің күшін, Ішкі істер министрлігінің аудандық, облыстық және республикалық құрылымдарының барша әлеуетін, техникалық мүмкіндіктерін жұмылдыруды, Ішкі істер министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық инспекциясымен бірлесе отырып, базарларға, қоғамдық тамақтандыру орындарына, соның ішінде әскери бөлімшелер мен медицина мекемелеріне түсетін еттің қайдан, қалай келетінін анықтаудың дәлме-дәл тәртібін айқындауды сұрады.
– Облыстық әкімдіктер жергілікті полицияның ауылдық жердегі құрылымдарын техникалық және кадрлық тұрғыдан күшейту жөнінде нақты қадамдар жасауы керек. Ауыл әкімдері мал ұрлауды, сойылған етті сатуды кәсіп ететіндерді анықтауға бар күшті жұмсағаны жөн. Кімнің не істеп жүргенін ауылдағылар білмейді емес, біледі. Олар не мал ұрыларын әшкерелеуден қорқады, не жалған ағайыншылдықтан аса алмайды. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық қызметі облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, малды таңбалау мен есепке алу, далада еркін жайылатын малға чип салу жөніндегі жұмыстың тиімділігін қамтамасыз етуі керек, – деді депутат.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»