Фото: Александр КУПРИЕНКО
Оқиға ақпан айының 22-сінде болған: көршісінің үйі өртеніп жатқанын байқаған Мирас жақындап келгенде, жас баланың жылаған дауысын естіп, ойланбастан түтін басқан үй ішіне кіріп кетеді. Сөйтіп, 8 жасар Ғалым Батырбекті көтеріп алып шығады. Сол кезде үй ішінде Бейбіт Демеуғалиев есімді ересек адам да түтінге тұншыңып, жөн таба алмай жатқан екен. Қ.Байсықов атындағы мектептің 11 сынып оқушысы екінші адамды да демеп, қауіпсіз жерге алып шығады.
Бір қызығы, 22 ақпан күні кешкісін болған өртте жасөспірім жігіттің ерлік көрсеткенін ел білмей қала жаздапты. Оқиға орнына шақырумен келген өртсөндірушілер тілсіз жауды бір сағат ішінде өшірген. Ал олар келгенге дейінгі болған оқиғаны, яғни Мирастың ерлігін тағы бір көрші Жадыра Хасанова хабарламағанда, бұл жөнінде ешкім білмей қалуы да мүмкін екен.
Тайпақ ауылының әкімі Болат Шәленовтің айтуына қарағанда, Мирас Медетұлы - оқу озаты, «Алтын белгіден» үміткер оқушы екен. Қоғамдық шараларға белсене араласатын Мирас облыстық «Эрудит» байқауының жүлдегері. Құдай тіл-көзден сақтасын, тамаша жігіт өсіп келеді.
Мирастың бұл ерлігі жергілікті және республикалық БАҚ-тарда жарияланып, тиісті орындардың да көзіне түсті. Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті жассөпірімді «Қазіргі заман каҺарманы» медалімен марапаттады. Бұдан Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті де қалыспай, жасөспірім қаһарманның кеудесіне «Өртте көрсеткен ерлігі үшін» медалін тақты. Ең соңында облыс әкімі Алтай Көлгінов Мирас Жүнісовті арнайы қабылдап, ерлігіне алғыс білдірді.
- Әркімнің қолынан келе бермейтін ерліктің, қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеттің. Сонда да нағыз ер азаматқа тән қарапайым қалпыңды сақтап отырсың. Саған осындай тәрбие берген ата-анаңа, жас та болсаң азаматтығың үшін өзіңе де алғысымды білдіремін,- деді А.Көлгінов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан