Аймақтар • 07 Наурыз, 2019

Шымкентте жекеменшік емхана ардагерлер мен көп балалы аналарға тегін медициналық көмек көрсетеді

1211 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тұрмыс жағдайы төмен жандар және көп балалы аналарға көмек көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы  жақсы бастаманы қолға алды.

Шымкентте жекеменшік емхана ардагерлер мен көп балалы аналарға тегін медициналық көмек көрсетеді

Бүгін бас партияның қалалық филиалы мен «Жас ай» халықаралық медициналық орталығы арнайы меморандумға қол қойды. Мұнан былай шаһардағы шығыс медицинасымен емдейтін жекеменшік емхана ардагерлер мен көп балалы аналарға тегін медициналық көмек көрсететін болды.

Бұл баянды бастама «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға берген нақты тапсырмаларына орай ұйымдастырылып отыр, дейді партия өкілдері.

«Партия филиалына көптеген тұрмыс жағдайы төмен жандар және көп балалы аналар көмек сұрап келеді. Еміне қаражат жетпей жатады. Сондай азаматтарға меморандум аясында бірлесе қолдау жасауды мақсат етіп отырмыз. Бұл бастама қаладағы өзге де жекеменшік мдициналық орталықтарға үлгі болады деген сенімдемін»,  дейді «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.

Меморандум барысында партия өкілдері орталықтың жұмысы және науқастардың жағдайымен танысты.

Естеріңізге салар болсақ,  шығыс медицинасымен тұрғындарды емдейтін «Жас ай» орталығы үшінші мегаполисте өткен жылы ашылған болатын.

«25 жылдан бері  шығыс емшілігімен айналысатын орталықта осы күнге дейін 10 мыңнан аса адамға тегін медициналық қызмет көрсеттік. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды жалғастырамыз»,  дейді «Жас ай» орталығының бас директоры Жасан Зекейұлы.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент