Қазақстандағы Жастар жылы аясында қолға алынған жинақта жас дипломаттар берген сұхбаттар топтастырылған. Онда кітап кейіпкерлері дипломат мамандығын неге таңдағаны туралы өз әңгімелерімен, дипломатиялық қызмет өмірінен алынған естеліктері және қызықты сәттермен, сондай-ақ болашақта еліміздің сыртқы саясатына қатысты көзқарастарымен бөліскен.
Шарада құттықтау сөз алған Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко: «Үнемі өзгеріп отырған қоғамда жаңа тенденциялар алдыңғы қатарға шығады. Осы орайда жаңа мүмкіндіктерді игерген, өзгеше идеялы, заманауи талаптарға сай жастар – жаңа Қазақстанның болашағы. Барлық жоғары оқу орындарындағы дипломатия саласы мамандарының сапалы болуы бізге аса маңызды. Өйткені олар Қазақстан мен шетелдер арасындағы алтын көпір бола алуы тиіс. Сондықтан бұл кітап бүгін және болашақ үшін құнды дүние болады», деді.
Соғыстардың не себепті жүріп жатқандығы және оларды болдырмау үшін не істеу керектігі туралы сұрақтар мазалайтын кітап кейіпкері, Қазақстанның Сингапурдағы елшілігінің бірінші хатшысы Айнұр Өзбекова: «Әрбір қазақстандық дипломаттың патриоттық сезімі өте мықты болуы керек, өз елінің қалыптасу тарихын білуі тиіс, халықаралық аренадағы ұлттық мүдделерді тиімді насихаттау үшін барлық жағдайды жасауы қажет», дейді.
Кітаптың тұсаукесері барысында дипломатия саласындағы тәжірибелі әрі майталман мамандар мен жас талапкерлер өзара пікір алмасып, еркін талқылау жүргізілді.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»