20 Наурыз, 2012

Тыныштық. Жүрекке тым ыстық!

572 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тыныштық. Жүрекке тым ыстық!

Сейсенбі, 20 наурыз 2012 8:04

Еуропа төріндегі Бельгияда Ипр деген қаланың бар екендігін, сонау бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде сол бейбіт қала хи­миялық қарудан зардап шеккендігін біреуміз білсек, екіншіміздің білмеуіміз әбден мүмкін. Сол сияқты сайын Сарыарқа төсіндегі қазақ жерінің тұтас бір бөлігі кешегі кеңес заманында қырық жыл бойы ядролық сынақ аймағына айналғанын да әлем халқы жете біле қоймағаны және рас. Яғни, Елбасымыз өзінің алғашқы Жарлық­та­рының бірімен атом аждаһасы атанған Семей полигонын жапқаннан кейін ғана әлем егемен елімізді танып-біле бас­таған.

Сейсенбі, 20 наурыз 2012 8:04

Еуропа төріндегі Бельгияда Ипр деген қаланың бар екендігін, сонау бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде сол бейбіт қала хи­миялық қарудан зардап шеккендігін біреуміз білсек, екіншіміздің білмеуіміз әбден мүмкін. Сол сияқты сайын Сарыарқа төсіндегі қазақ жерінің тұтас бір бөлігі кешегі кеңес заманында қырық жыл бойы ядролық сынақ аймағына айналғанын да әлем халқы жете біле қоймағаны және рас. Яғни, Елбасымыз өзінің алғашқы Жарлық­та­рының бірімен атом аждаһасы атанған Семей полигонын жапқаннан кейін ғана әлем егемен елімізді танып-біле бас­таған. Содан бергі жерде Қазақстанның әлемде бейбіт­шілікті орнықтыруға байланысты түрлі бастамаларымен көшбасшы мемлекеттердің біріне айналғаны баршаға мәлім. Сол игі бастамалар бүгінде заңды жалғасын тауып келе жатқаны және сүйсінтеді.

Соның айғағындай, өткен жұма, сенбі күндері еліміздің шығыс аймағында ауқымды шаралар өткізілді. «Мэрлер бей­біт­шілік үшін» халықаралық ұйымы өкілдерінің қатысуымен өткізілген бұл шаралар облыс орталығы – Өскеменде басталды. Алыс-жақыннан жиналған қонақтар мұнда Үлбі металлургия зауытында болып, тантал өндірісімен танысты. Бұдан ке­йін олар ядролық сынақ құр­бандарына арналған Семейдегі Ертіс өзені айрығындағы «Ажал­дан да күшті» мону­ментіне атбасын тіреді. Өткен жылы осында Елбасы Жар­лығымен Семей атом поли­го­нының жабылғанына 20 жыл толуына орай және бір ай­шықты монумент – «Бейбіт­шілік стелласы» бой көтерген еді. Жұма күні, міне, осы екі монумент аралығында бес мыңдай адам қатысқан митинг өткізілді. Оны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аша келіп, еліміздің бейбіт мақсат жо­лындағы миссиясына тоқталды. Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың осыдан үш жыл бұрын осы арада Семей атом полигонының жа­былған күні – 29 тамызды Ядро­лық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау жөніндегі ұсы­нысы Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тапты. Бүгінгі жиынға семейліктердің, оның ішінде жастардың көптеп келуі қуантады, деді әкім.

Бұдан кейін Бельгиядағы Ипр қаласының мэрі, «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы «2020 келешек» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Люк Деана сөз алды. Оның сөзі семейліктермен мұ­ңымыз да, жырымыз да бір, сондықтан әлемде бейбіт­ші­лікті орнықтыру жолында бір­лесе жұмыс атқарып, бауырлас қалаға айналайық дегенге сайды. Бұдан кейін екі күндік шараның басты оқиғаларының бірі – ядролық қарусыз әлемді қолдайтын қалалардың мэр­леріне арналған естелік құлпытас салтанатты жағдайда ашылды. Оның үш бүйіріне «Мэрлер бейбітшілік үшін» деген сөз үш тілде қашап жазылған. Солайша осындағы бұрынғы екі монумент аралығында тағы бір маңызды құлпытас орнатылды. Ал мұның маңыздылығы сол,  қатерлі қаруға жол бермеу мәселесі әлемдік деңгейде одан әрі қолдау таба бастағанында ма дейміз.

Бірақ солай дей тұрғанмен, ескерткіш белгі бір басқа да, бү­гінде тарихқа айналып бара жат­қан Семей қасіретіне көз жет­кізудің жөні бөлек. Соған орай қонақтарды Семей мем­лекеттік медицина универси­тетіне, онко­логиялық диспансер мен радио­логиялық медицина және эко­логиялық ғылыми-зерттеу институтына алып барып, ондағы атқа­рылып жатқан жұ­мыстармен таныстыру оңды шаруа болды. Со­ңынан мұны қо­нақтардың өздері де айтып жатты.

Келесі маңызды шара қала­лық әкімдікте өз жалғасын тапты. Яғни, мұнда «Мэрлер бей­бітшілік үшін» халықаралық ұйымы хатшылығының өкілдік кеңсесі салтанатты жағдайда ашылды. Одан кейін осында Семей қаласы әкімдігі мен Ипр қаласы мэриясының арасындағы бауырластық меморандумына аталған қала басшылары Айбек Кәрімов пен Люк Деана  қол қойды. Деана өз кезегінде се­мейлік әріптестерін еліне жауап сапармен келіп қайтуға ша­қырды. Осы орайда Семейде өт­кен бұл шараларға Хор­ватиядағы Биоград қаласының мэрі, «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйы­мы­ның вице-президенті Иван Кнездің, Норвегиядағы Фрогн Дробак қаласының мэрі Тор Весбидің, бірқатар мемлекет­тердің елші­лері мен жауапты қызметкер­лерінің, атом саласына қатысты басшылар мен Қарағанды және Павлодар қа­лалары, еліміздің шығыс ай­мағындағы сегіз қала, аудан әкімдерінің қатысқанын айта кетейік. Әкімдер аталған ұй­ымға мүше болып кірді.

Сенбі күні қонақ­тар­ды облыс басшысы Бер­дібек Сапарбаев пен «На­зар­баев-орта­лық» көп салалы ғылыми-талдау жә­не гу­манитарлық-ағарту мем­­­лекеттік мекемесінің директоры Қанат Саудабаев ертіп жүрді. Қо­нақтар жарылыстардың темір­қа­зығы болған «Ground Zero» алаңын, EAGLE зерттеу, зерделеу жұ­мыстарын, «Токамак КТМ» термоядролық материалтану реакторы мен ядролық технологиялар паркін көріп, Ұлттық ядролық орталықтың ра­диа­циялық қауіпсіздік және экология институтында атқа­рылып жатқан жұмыс­тар­мен танысты.

Бұдан соң Ұлттық ядро­лық орталықта «Жаңа ұрпақ ядро­лық қарусыз әлемді қа­лайды» деген тақырыпта ха­лықаралық ғылыми-тәжіри­белік конфе­рен­ция өткізілді. Конференция жұмысы Қа­зақстан Рес­публи­касының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баевтың ке­лелі кеңеске қа­тысушыларға арнаған жолдауын жариялаумен басталды. Жиын барысында «Мэрлер бейбітшілік үшін» халық­а­ралық ұйымы хатшылығының басшысы Люк Деана ұйымға мүше болып енген қазақ­стан­дық қала басшыларына арнайы сертификаттар тапсырды. Шығыс Қазақстан облысы мен «Мэрлер бейбіт­шілік үшін» халықаралық хат­шы­лы­ғының бірлескен іс-жос­парына қол қойылды.

Бүгінгі таңда аталған ұй­ым­ның қатарында бес мыңнан астам қала бар. Енді оның қатары біздің қалалар есе­бінен  арта түсіп отыр. Шы­ғыс­қазақстандық жастардың бел­сенділігімен «Қалаларды ядро­лық соққының нысанына айналдырмаңдар!» деген ұран­­мен қол жинау басталып кетті.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,

Семей.