Қазақстан • 07 Наурыз, 2019

Өнерпаздар боз кілемде белдеседі

1048 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Эстрада және кино жұлдыз­дарының өнерін тек сахна мен экраннан тамашалап үйренген көрермендерге енді әртістердің шеберлігін боз кілемнен көретін тамаша мүм­кіндік туып тұр. Өйткені 21 наурыз кү­ні Астанадағы «Дәу­лет» спорт ке­шенінде Наурыз мейрамын мерекелеу ая­сын­да қазақ күресінен «Өнер барысы» респуб­ли­калық турнирі өтеді. Жиырмаға жуық өнерпаз балуа­н чемпиондық белдікті сарапқа салады. 

Өнерпаздар боз кілемде белдеседі

«Өнер барысы» жобасының идея авторы Балғынбек Имашевтің айтуынша, жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін, әсіресе қазақ күресін дамыту және дәріптеу, сондай-ақ жастарды саламатты өмір салтын ұстануға баулу. 

– Елбасы үстіміздегі жылды Жастар жылы деп жариялағандықтан өнерде жүрген жастарымыздың басын қосып, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осындай дүбірлі дода ұйымдастырғанды жөн көрдік. Сонымен қатар өнер саласында жүрген әншілердің, ақындар мен сықақшылардың сегіз қырлы, бір сырлы екенін көрсеткіміз келеді. Ертең ұрпақтарымыз осы өнер иелерінің боз кілемдегі өнерін тамашалап, спорт үйірмелеріне барып жатса, біз үшін үлкен қуаныш болатын еді, – дейді Б.Имашев. 

Ал «Өнер барысы» жобасының продюссері Мейіржан Әлібек: ««Қазақ хандығы» фильмінде Жәнібек ханның рөлін сомдаған актер Еркебұлан Дайыровпен сұхбаттасып отырсам, «маған еліктейтін тым болмағанда екі бала қазақ күресіне барса, менің жүлдем сол» деп жатыр. «Өнер барысы» – дәстүріміз дәріптеліп, салтымыз салтанат құратын жоба болады деп күтілуде», дейді.

Қазақ күресі федерациясының ресми ережесіне сәйкес өтетін дүбірлі додаға 16-36 жас аралығындағы 18 өнерлі балуан ұлттық спорт түрінен шеберлік байқасады. Атап айтар болсақ, әншілерден Қайрат Нұртас, Серік Ибрагимов, Нұрболат Абдуллин, Амангелді Өтешов, актерлерден Мейіржан Төребаев, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Аян Өтепберген, Еркебұлан Дайыров, Ғалым Махамбетов, Ақболат Өтебай, Сырымбет Бибосынов, Абай Аязбаев, Хамит Ердехан, ақындардан Нұрлан Мұсаев, Әлібек Серғалиев пен Ардақ Байғабыл және басқалары белдесуге шығады.

Жоба жетекшілерінің айтуына қарағанда, жұлдыздар екі салмақ бойынша өзара бақ сынасады. Яғни, өнерпаз балуандар 60 килодан 75 килоға дейінгі және 75 килодан 90 килоға дейін салмақ дәрежесіне бөлініп, жүлдені сарапқа салады. Турнирді ұйымдастыруға Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы, Қазақ күресінен Қазақстан федерациясы, «Хабар» телеарнасы және «Айтыс – асыл мұра» қоғамдық қоры мұрындық болып отыр. Астана қаласынан өзге аймақтағы көрер­мендер «Өнер барысы» республикалық турнирін «Хабар» телеарнасынан сағат 14:00-де тікелей эфирден тамашалай алады.

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»