Қазақстан • 08 Наурыз, 2019

Шуақты көктем шырайы

1765 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биылғы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған еліміздің басты шарасы жылдағы игі дәстүр бойынша Ақордада өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отбасы мен қоғамда ерен еңбегімен еленіп, сый-құрметке бөленіп жүрген бір топ нәзікжанды азаматтарды қабылдады. Ақ тілек, емен-жарқын әңгіме, риясыз пейілмен өткен салтанатты кездесу жылы шырайлы лебіздерге толы болды. Бұл кездесу «Көктем шуағы» деген атауына да толығымен сай болғанын атап өткен жөн. 

Шуақты көктем шырайы

Кездесуді ашқан Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды және еліміздің бүкіл әйелдер қауымын 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні-мен құттықтады.

Қазақстан Президенті көп балалы аналарға қолдау көрсетуге арналған жаңа ауқымды әлеуметтік шараларды жүзеге асырудың маңыздылығын айтып, бұл көмектің көлемі біртіндеп арта беретінін атап өтті.

– Негізінен, бұл қолдау шаралары табысы төмен көп балалы отбасылар үшін әлеуметтік көмекті күшейтуге бағытталатын болады. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар көлемі артып, бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысы өседі, тұрғын үйлер салынады. Сондай-ақ «Бақытты отбасы», «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев келешек ұрпақты тәрбиелеу ісінде әйелдердің айрықша рөл атқаратынын айтты.

– Әлемдегі ең маңызды нәрсе әйелдің қолынан келеді. Ол адамға өмір сыйлайды. Орта есеппен, бір отбасында үш бала тәрбиеленіп отыр десек, бір жылда шамамен 400 мың сәби өмірге келеді. Бала – бір отбасының байлығы мен мақтанышы ғана емес, тұтас елдің баға жетпес капиталы. Сондықтан біздің аналарымыз, әсіресе көп балалы аналар, ерекше құрмет пен алғысқа лайық. Олар халқымыздың игілігін еселеп, нағыз ерлік көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы қазақстандықтардың әл-ауқаты мен отбасылық өмірдің құн­ды­лықтары мемлекеттің берік негізі саналатынын атап өтті. 

– Қарқыны күшті әрі жаңашылдыққа толы заманда сіздер ел игілігі үшін өз әлеуеттеріңіз бен қабілеттеріңізді табыс­ты жүзеге асырып келесіздер. Түрлі салалар мен бағыттарда жаңа белестерді бағындырып, маңызды нәтижелерге қол жеткізіп отырсыздар. Менің жаңғыру жөніндегі идеяларымды іске асырудың бастауында әйелдер қауымы тұр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әйелдердің ел өміріне белсенді атсалысып отырғанын атап өтті.

– Бүгінде білім беру және денсаулық сақтау саласындағы әйелдердің үлесі 70 пайызға жетсе, қаржы және сақтандыру мекемелерінде 60 пайызды құрайды, ал ауыл шаруашылығында – 45 пайыз. Бизнесте, шығармашылық саласы мен спорт әлемінде зор табысқа қол жеткізген әйелдер аз емес. Бізге, яғни ерлер қауымына, сіздерден қалып қоймау үшін ойланатын кез келді, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының қабыл­дауына жасанып, ерекше көңіл күймен келген қонақтар арасынан Премьер-Министрдің орынбасары, Президент жа­нындағы Әйелдер істері және отба­сылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова сөз бастады. 

– Тәуелсіздігіміздің 27 жылы ішінде әйелдерге үлкен мүмкіндіктер жасал­ды, жаңа ұрпақ қалыптасты. Осы уақыт аралығында көптеген салаларда озық жетістікке жеткен әйелдер аз емес. Ал әйелдер Сіздің халықтың әл-ауқа­тына байланысты жүргізіп отырған мемлекеттік саясатыңызды қолдайды, – деді Г.Әбдіқалықова. 

Ал «Астана-Зеленстрой» АҚ бригада жетекшісі Наталья Ермолина елорданы гүлдендіру, көріктендіру ісіне 20 жылдан аса белсенді үлес қосып ке­ле жатқан маман ретінде Астананың құл­пы­ра түс­кендігі үшін Елбасына алғысын білдірді. 

Бұдан соң сөз алған Алматы облысы Алакөл аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Ұлжалғас Дүйсебаева 45 жыл ұстаздық еткен мерейлі жан. Ол еліміздің жетістіктеріне көңілі тола­тын­дығын айта келе, Мемлекет басшысына Алакөл ауданының деңгейінде табысты жүргізіп отырған жоба туралы да айтып берді.

– Тәуелсіздік жылдары өзінің бола­шағына сенген талай жас отау құрды. Оның ішінде өмірдің ыстық-суығына шыдай алмай, ажырасып кеткендер де аз болған жоқ. Бұл мәселе мені, 45 жыл ұстаз болған, бүгінде 4 бала, 5 немере тәрбиелеп отырған ана ретінде, әже ретінде, қатты алаңдатады. Сондықтан біздер – Алматы облыстық Аналар кеңесі «Ақ отауға – ақ бата» жобасын қолға алдық. Алакөл ауданынан бастау алған бұл жобаның мақсаты – жастарды ата-баба дәстүрімен, аға ұрпақ өнегесімен тәрбиелей отырып, отауының босағасының берік болуына жол сілтеу. Бүгінде осы жоба аясында бас қосқан 42 отбасы тату-тәтті өмір сүруде, ал 70 отбасына ақыл-кеңесімізді айтып табыстырып, оларды ажырасудан сақтап қалдық, – деген Ұлжалғас Дүйсебаева ішкі қуанышын жасыра алмады. 

Бұл мәліметтер, яғни ақ жаулықты аналардың жас отбасылардың берік болуына қосып жүрген үлесі Мемлекет басшысының да көңілінен шықты. 

– Барлық өңірлер осы жобаны қолдаса ғой... Ажырасу үшін сотқа бет алған жастарды шақырып алып, ақыл-кеңестерін берсе құба-құп. Кей­біреулер үй-жайы болмағаннан кейін, кейбіреуі бөлек тұруды аңсап уақытша қиындықтарға төзбейді. Әрбір ана өз ұлы мен қызын келіні мен күйеу баласынан артық көрудің, қызғанудың кесірі де тиіп жатады. Осындайда, ақ жау­лықты аналар жастарды түсіністікке шақыруы керек, – деп Мемлекет басшысы оң пейілін білдірді.

Өз кезегінде «ДАНА» жеке білім беру мектебінің бас директоры Күләнда Ба­тыр­­бекова Алматы облысының аума­ғын­да бірнеше балабақша мен мектеп салғандығын, халықты жұмыспен қам­туда белсене жұмыс істеп жатқа­нын баяндады. Осы орайда ол кәсіпкер­лікті қол­дап, мемлекет-жекешелік әріптестігінің дамуына серпін берген Мем­лекет басшысының әлеумет­тік саладағы ұс­танған саясатына риза­шы­лығын білдірді. 

Ал Елбасымен кездесуге келген Қазақстан полициясының өкілі Ай­жан Әбішеваның тағдыры мүлдем ерек. Оның жары полиция лейтенанты Ри­шад Әбішев осыдан сегіз жыл бұрын өз үйінің алдында әйел адамды бел­гісіз қарақшылардан қорғап қалмақ болған сәтінде, ауыр жараланып, соның салдарынан көз жұмған. Бұл жан­қиярлық ерлігі үшін Р.Әбішев «Айбын» орденімен марапатталған. Кейін Алматы қалалық полиция басшылығы оның зайыбына пәтер беріп, қызметке шақырған. 

– Мен Отанға қызмет ететін адам­дар­дың еңбегі бағаланатындығына сенім­дімін. Біздің қызметкерлер күні-түні ел тыныштығын күзетуге жұмыл­ды­рыл­ған. Бүгінгінің батырлары өз арамыз­да жүр, – дей келе полиция капита­ны А.Әбішева өз сөзін Мемлекет бас­шы­сына ризашылық білдірумен түйін­деді.

Жуырда ғана Жастар жылының ашы­луында Мемлекет басшысының алдында «Сен менен алыстама» деген өлеңін оқып берген ақын қыз Мақпал Мыса арада екі ай өткенде Мемлекет басшысынан шақырту алып, тағы бір жүздесуге мүмкіндік алған. 

– Сіздің «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­лаларыңызда айтылған ойлар та­рихтың жаңа беттерін ашып, көркем туын­дыл­ар­дың тууына ықпал етіп жатыр. Сол үшін де Сізге барша қаламгер­лердің атынан ризашылығымды білдір­гім келеді, – деген ақын қыз бұл жолы Президенттің сұрауы бойынша туған жеріне арнаған жыр шумақтарынан шашу шашты. 

Кездесу барысында Қостанай облысы Мичурин ауылдық округінің әкімі Вера Клочко ауылдық елді мекен тұрғындарын жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау, жастарға көмек көрсетудегі жетістіктерін сөз етті. 

Ал «Атыраумұнаймаш» кәсіпор­нында 12 жылдай уақыттан бері краншы болып жұмыс істейтін Айжан Ас­ма­­ғамбетова өзге замандастарына қа­ра­­ғанда, Елбасы алдындағы толқуын жа­сыра алмады. Кәдімгі жұмысшы маман­ды­ғының иесі көк тіреген кранды шебер бас­қарғандай сөзге де жүйріктігін көрсетті.

 Бұдан соң сөз алған Қызылорда об­лыстық онкологиялық орталығының бө­лімше меңгерушісі, онколог-дәрігер Вик­­тория Юн қызметке тұрғалы он жыл­­дың ішінде бес мемлекетте білімін же­тіл­діріп, қолы алтын маманға айнал­ған. 

– Менің маман болып жетілуіме туған елім – Қазақстаным көп мүм­кін­дік жасады. Медицина саласында әйел­дер қауымының үлесі басым. Солар­дың атынан Сізге медицина саласы­на ерекше ықыласыңыз үшін алғысы­мыз­ды білдіреміз. Елімізде өмір сүру ұзақты­ғы­ның көрсеткіші жыл сайын артып ке­леді. Бұл біреулер үшін әншейін цифр бол­ғанымен, мен маман ретінде бұл көрсет­кішті тұтас денсаулық сақтау саласы­ның, дәрігерлердің еңбегінің көрінісі деп білемін. Бірақ әр адамның денінің сау­лығы өзіне байланысты. Осы орайда көп­шілік Сізден үлгі алуы тиіс, – деді В.Юн. 

«Назарбаев Университет» ДББҰ Ғылым және технологиялар мекте­бінің ассистент-профессоры Анар Санды­ғұ­лова – «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша Ирландияда оқып, әлем­дік деңгейдегі білім нәрімен сусын­да­ған маман. Қазіргі қызметінде аутизм­ге шалдыққан балаларға роботтехника­сы­ның әсерін зерттеуде. Осы орайда А.Сан­­ды­ғұлова жастардың білім алуына ба­рынша жағдай жасап отырған Елба­сына ерекше ризашылығын білдірді. 

Ал «Qazaq-Oner» қолөнершілер орта­лығының басшысы Айгүл Жансерікова қолдан басқан киізден бұйым жасау арқылы ұлттық қолөнерімізді насихаттап, еліміздің атын асқақтатып жүр­гендігін асқан қуанышпен баяндады. Ол намысқа тырысып, мақсатына жеткенше тыным таппайтын жандардың бірі ретінде Алматыда үлкен орталық ашуға қол жеткізген. Ал Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы кәсіп­кер келіншекті қанаттандыра түскен. Бүгінде А.Жансерікова басқара­тын кәсіпорында жасалған кәдесыйлар алыс-жақын шетелдердегі көрмелерге қойылуда. 

Ішкі сезімін аса мақтанышпен жет­кізген кәсіпкер кәдімгі алқызыл ал­маның киізден жасалған, көздің жауын алатындай пішіндерін Мемлекет басшысына тарту етті. 

Кездесуде сөз алған шығысқа­зақ­стандық ұстаз Нұржамал Садықова білім саласындағы жетістіктерін, батыс­қа­зақстандық «Нұр» шаруа қожалығының басшысы Светлана Маутеева мен қос­та­найлық «Кішкентай» әлеуметтік ателье» жобасының жетекшісі Айгүл Мұстафина кәсіпкерлік саласындағы табыстарын мемлекеттің, Елбасының ұстанған саясатымен байланыстыра отырып баяндады. Әсіресе сал ауруы, аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған киім тігу жобасын жолға қойған А.Мұстафинаның әлеуметтік жаңашылдық іспетті кәсібін Мемлекет басшысы жоғары бағалады. 

Ал бүгінде аты жаһанға жайылған актриса Самал Еслямова Мемлекет басшысына алдағы жоспарларын айтып берді. 

Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған жерлесіміз атағы жер жарып тұрғанымен, өзіндік қарапайымдылығы мен ұяңдығын сақтап қалғандығын қазақы ілтипатымен тағы бір дәлелдеді.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен үшін бүгін үлкен мәртебелі, есте қалар күн. Мен әлемнің қай мемлекетінде жүрсем де Қазақстанға әрқашан үлкен қуанышпен, үлкен бақытпен ораламын. Елді сағынамын, елдің аспанын сағынамын. Осы аспанымыздың ашық, елімізде бейбітшіліктің салтанат құруы Сіздің еңбегіңіздің арқасы деп білемін, – деді актриса. 

Осы орайда Елбасы: «Самал Есля­мова еліміздің атын әлемге танытты. Оған қоса, мигранттардың аянышты тағ­дырына әлем назарын аударды. Құ­дайға шүкір, тәуелсіздігіміздің 27 жы­лында отандастарымыз шет жерде жал­шы болған жоқ», – деп шүкіршілігін жет­кізді. 

Ал Ақтөбедегі «Life4job» ЖШС дирек­торы Айнұр Бақтығалиева жуырда «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесінің құрамына кіргендігін, Мемлекеттің оңтайлы саясаты арқылы шетелде білім алғанын айта келе, қазір төрт саланы қамтитын отбасылық кәсіпті жүргізіп отырғанын жеткізді. 

– Мемлекет өз кәсібін ашқысы келген жандардың қолын қаққан емес. Қазірдің өзінде бизнесті автоматтандыруға бай­ланысты да ауқымды көмек көрсе­тілуде. «Даму» қоры арқылы субсидия төленіп, жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр. Сондықтан да білім алып, кәсібін ашқысы келген жастардың алдында ешқандай кедергі жоқ, – деді А.Бақтығалиева. 

Ал Мемлекеттік күзет қызметі Пре­зиденттік оркестрінің жетекші солисі Клара Төленбаева сөз алған сәтте әнші­нің қоңыр дауысына кездесуге қаты­сушылар ерекше назар аударды. 

Ол: «Бірлігі жарасқан ұжымда қан­шама шығармашылық жобамды іске асырдым. Үш балапаным Астанада дү­ниеге келіп, өсіп-өніп жатырмыз», деген жезтаңдай әнші Мемлекет басшысына өнер саласына ерекше қолдауы үшін алғысын айта отырып, барша ару­лар­дың құрметіне тамылжыта ән шыр­қап берді. 

Кездесу соңында Қазақстан Пре­зи­денті еліміздің әйелдер қауымы өмі­ріміздің айнасы екенін әрі халқымыздың мінез-құлқын айшықтайтынын айтты.

– Біздің міндетіміз – сіздер үшін жасампаз бастамаларыңыздың толық жүзеге асуына жағдай жасау, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев үстел басын­дағы жиыннан соң 36 жасында жеті бала сүйіп отырған Алтынай Сәрсенбаеваға – «Алтын алқа», ал алты баланың анасы Мәншүк Мәмбетоваға «Күміс алқа» тақты. Осы орайда «Атым Мән­шүк болған соң, батыр атанбай қой­маймын деп өз-өзіме серт берген­мін. Сол мақсатыма жеттім» деп ағынан жа­рылған «Күміс алқа» иегері жиналған­дар­ды ду күлдірді.

Салтанатты жиыннан соң елден ерек арулар Мемлекет басшысының қо­лынан сыйлық алып, естелік суретке түсті.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»