Біздің отандастарымыз кеңес дәуірінде дипломатиялық қызметте өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Сыртқы саясат ведомствосының тарихында Балжан Бөлтірікова Қазақ КСР Сыртқы істер министрі (1966-1971 жылдар), яғни, тұңғыш әйел Сыртқы істер министрі ғана емес, сондай-ақ БҰҰ мінберіне көтерілген алғашқы қазақ қызы болып қалды. Ол дүниежүзілік бас ұйымның Бас Ассамблеясының XXI және XXV сессияларында кеңестік делегацияның құрамына енді. Біздің әріптесіміз, дипломатия ардагері Төлеутай Сүлейменовтің естелігіне сүйенсек, кеңес дипломатиясындағы Б.Бөлтірікованың рөлін АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер атап өткен. Америкалық саясаткер айтқандай, «ер адамдарды айла-тәсілмен айналып өтуге болғанмен, дипломат әйелдерді қулықпен арбау мүмкін емес еді».
«Тарихымыздың алғашқы уақыттарында, тағдыршешті Тәуелсіздік алған кезеңде Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосын Акмарал Арыстанбекова басқарды. Мемлекет басшысының серіктесі А.Арыстанбекова көп жағдайда қазақстандық дипломатияның айтулы тұлғасы және мақтанышы болды. Ол Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі ретінде еліміздің тәуелсіздігіне халықаралық мойындауды қамтамасыз ету, халықаралық ұйымдарға мүше болу, әлем елдерімен дипломатиялық қатынастар орнату бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Кейін Қазақстанның Франциядағы елшісі, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі, сондай-ақ СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарды.
Қазақстанның Израиль, Италия, Куба мемлекеттеріндей елшісі және БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болған Бірғаным Әйтімова бүгінде сенатор және СІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде парламентаралық байланыстарды нығайту және еліміздің халықаралық мүдделерін ілгерілету бойынша белсенді қызмет атқаруда.
«Көп нәрсеге қол жеткізе алған әйел» атты дүниежүзілік естелік белгісінің иегері Мәдина Жарбосынова Қазақстанның халықаралық ұйымдары мен дипломатиялық қызметі ортасында айтарлықтай беделге ие. Оның қызметі мен өмір жолы қазіргі заманғы қазақстандық әйелдің үлкен мүмкіндіктерінің айқын көрсеткіші болып табылады. М.Жарбосынова – СІМ басшысының орынбасары болған тұңғыш әйел, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, ЕҚЫҰ-ның Украинадағы жобаларының үйлестірушісі, ЕҚЫҰ-ның Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі мен үйлестірушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі үшін жетекші рөл атқарғандардың бірі – Қазақстанның қазіргі саяси элитасының тағы бір жарқын өкілі Жанар Айтжанова. БҰҰ Даму бағдарламасы жүйесінде жауапты лауазымдарда жұмыс істеген соң, ол ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерде Қазақстанның арнайы өкілі болды, Экономикалық даму және сауда министрі, Экономикалық интеграция істері министрі қызметтерін атқарды.
Бүгінгі таңда Ж.Айтжанова – Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі. Сонымен қатар еліміздің Лихтенштейндегі және Ватикандағы елшісі қызметін қоса атқарады.
Халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін отандастарымыздың қатарында БҰҰ жүйесінде өзін жақсы таныта білген Жұлдыз Ақышеваны атап өту қажет. Соңғы 20 жылда ол БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасында (ЮНОДК) жауапты лауазымдарда қызмет атқарды. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Оңтүстік Африкадағы Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасына жетекшілік етеді.
2007-2016 жылдары Қазақстанның Нидерландтағы және Норвегиядағы Төтенше және өкілетті елші қызметін қоса атқарушы лауазымында Майнура Мұрзамадиева болды. Оның белсенді қатысуымен Елбасы Н.Назарбаевтың Гаагаға ресми сапарлары, сондай-ақ Нидерланд Премьер-министрі Марк Рюттенің Астанаға сапары ұйымдастырылды. Нидерланд – Қазақстанның ірі инвестициялық және сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Бүгінгі күні М.Мұрзамадиева Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетін басқарады.
Тәжірибелі дипломат Раушан Есболатова 2017 жылғы маусымнан Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарады. Сонымен қатар, ол еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы жанындағы Тұрақты өкілі (ЭСКАТО). Р.Есболатова бірнеше жыл бойы Қазақстан Республикасының Нью-Йорктегі Бас консулдығын басқарды.
2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда 20 жылға созылған күрделі келіссөздерден кейін Каспий жағалауындағы бес мемлекетінің басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды. Осы құжатқа қол жеткізудегі үлкен жетістік Каспий теңізі бойынша келіссөздерде Қазақстан делегациясының жетекшісі, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зүлфия Аманжоловаға тиесілі. Ол Каспий мәселесімен қатар, көп жыл бойы мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау мәселелері бойынша жұмыс істеді және СІМ-нің халықаралық-құқықтық бөлімін басқарды.
Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі – Еуропалық одақпен ынтымақтастық. Бұл міндет бүгінде тәжірибелі дипломат, айтулы тіл маманы Айгүл Құспанға сеніп тапсырылған. Ол – Қазақстанның Бельгиядағы елшісі, сондай-ақ Еуропалық одақ пен НАТО жанындағы өкілдіктерінің басшысы және Люксембургтегі елші қызметін қоса атқарушы. Ол бірнеше жыл бойы еліміз сыртқы саясат ведомствосында Еуропа департаментінің директоры қызметін атқарды. Оның ұйымдастыруымен соңғы жылдары Мемлекет басшысының Франция, Германия, Ұлыбритания, Италия, Нидерланд және басқа да Еуропа мемлекеттері басшыларымен маңызды кездесулері өтті.
Бүгін еліміз әлемдік қоғамдастықта зор құрметке ие. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ мінберінен және басқа да халықаралық форумдардан ұсынылған бастамалары әлемдік қолдауға кеңінен ие болды және дәйекті түрде жүзеге асырылуда. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға, ИЫҰ-ға, АӨСШК және басқа да көптеген ұйымдарға төрағалық етті, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде екі жыл мүше болды. Осының барлығында дипломатиядағы әйел азаматтардың қомақты үлесі бар.
Бейбіт АТАМҚҰЛОВ,
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі