– Шәрбану апай, сіздің бір қанатыңыз – әдебиет болса, бір қанатыңыздың өнер екенін білеміз. Жазушылығыңыздан бөлек, жасыңызда Шара Жиенқұлова құрған «Қырық қыз» деп аталатын би ансамблінде биші де болған екенсіз, Қазақ радиосының «алтын қорында» сақталып қалған әндеріңіз қаншама. Баспасөз бетінде көптен бері көрінбей жүрсіз, қаламнан өзге осы өнердің қайсысын өзіңізге серік етіп ұстап қалдыңыз?
– Ол рас, орыстың белгілі жазушысы Василий Шукшин айтқандай, «қолымнан қаламым түскенше жазамын». Біздің балалық шағымыз соғыспен тұспа-тұс келіп, көргеніміз кедейлік пен қиындық болса да жүрегімізге үлкен қасиеттерді сіңіре білген ұрпақпыз. Мен Алматыдағы №12 қыздар мектеп-интернатында оқып, тәрбиелендім. Қолымыз оқудан босап, арқа-басымыз кеңігендей болса, ұстаздарымызбен бірге опера театрына барып, сол кездегі өнеріміздің биігінде жүрген майталмандардың ойынын тамашалап қайтатынбыз. Ән мен биді айрықша сүйдім, жасымнан әншілерге жақын жүрдім. Ал әдебиет – менің болмысым, өмірге адам болып келгеннен кейін атқаруға келген борышым. Менің кейіпкерлерімнің әрқайсысы әр жаққа қарап сыйдиған, ұсқынсыз кейіпкерлер емес, бәрі де жанды адамдар. Жанды адам болған соң мінезі, қасиеті болады. Кейіпкер ойдан алынғанымен, нақты бір адамның өмірін арқалайды. Жастау күнімде көркем туындылармен бірге деректі дүниелерді де көп жаздым. Соның бірі – «Өнерім менің – өмірім» деп аталатын атақты бишіміз Шара Жиенқұлова туралы өмірбаяндық роман.
– Осы «Өнерім менің – өмірім» туралы арнайы сұрамақ едім, бұл роман бүгінгі тілмен айтқанда, қазақ әдебиетіндегі жастанып жатып оқитын бестселлер ктаптардың біреуі болды ғой, идея қалай туды? Сіз Шара Жиенқұлованы қалай танитын едіңіз?
– Шәкең ауыл-ауылды аралап өнерлі қыздарды жинап «Қырық қыз» ансамблін құрамын деп жүргенде, мен Алматыдағы №12 мектеп-интернатта оқыған, би үйірмесіне қатысып қалыптасып қалған биші-тұғым. «Қырық қыз» құрылған күнінен бастап қызу дайындықты бастап жіберді. Опера және балет театрының сахнасында күн сайын үздіксіз репетиция жасаймыз. Ақ тер-көк тер болып дайындалып жүргенде, театрдың дәлізінен бізге қарап Құрманбек Жандарбеков өтіп бара жатады. Құрманбек ағаның Шараға деген махаббатының қандай болғанын білмеймін, бірақ Шәкең ажырасып кеткен күйеуін өлердей сүйетін. Сондайда Шәкең: «Қараңызшы, Құреке, менің қыздарым қандай сұлу!», дейтін наздана күліп. Құрекең бізге жағалата көз салады да: «Бәрібір ешқайсысы сенен аспайды ғой, Шәкітай», дейді. Бұл сөзге Шара балаша мәз болып қалады. Шараны, міне осы кезден бастап білемін. Мен өмір бойы Шараға ғашық адаммын. «Қырық қыз» болып билеп жүргенде, Шәкең мені топтың ең алдына қоятын. Өзінің де билеп жүрген кезі. Кілең сары көйлек, үкісі үлпілдеген сары сәукеле киген қырық қыз сарғалдақ боламыз да, білезігінен бастап былқылдата, он саусағын көкке қарай дөңгелентіп бүр жарып шыққан қызғалдақ секілді ортамыздан қызыл көйлекті Шәкең ырғалып шығып келе жататын көріністен көрермен көзін ала алмай қалушы еді.
Шара – қайшылықты тағдыр иесі. Бай да болған, кедей де болған, бір терінің ішінде неше толып, неше арықтаған, қиын да қызық өмірді бастан өткерген кісі. Мейірімді, сұлу, өнерлі. Ер адам түгілі, әйелдің өзі елігетін болмысына барлық қасиет қонақтаған қызықты талант иесі туралы жазсам, оқырманды бейжай қалдырмайтынын іштей сезіп жүрдім. Ойымды Шәкеңнің өзіне айтып көріп едім, қарсы болмады, бірден келісімін берді. Осы ойымды баспа директоры Әбілмәжін Жұмабаевқа да айттым, ол кісі тіпті қуанып кетті. Біріншіден, кейіпкерімді өте жақсы көргендіктен, екіншіден, өте жақсы білетіндіктен болар, кітап өте қызықты жазылды. Обалы қанекей, Шараның архивте сақталған материалдары мен деректері мол болып шықты. Шара туралы жазылған кітапты оқырманның жылы қабылдағаны сондай, «Өнерім менің – өмірім» екінші рет басылып шықты. Менің қателігім, тым кішіпейіл болдым ба, кітапта «әдеби жазған Шәрбану Құмарова» деп қана жазған екенмін. Тіпті болмағанда «әдеби нұсқасын» десем болар еді ғой? Кітаптың бас айналдыратын беделі мен танымалдылығына тәнті болған жазушы замандастарым бұған жатып кеп ренжіді. «Кітапты бастан-аяқ сен жазып шығасың, сөйте тұра әдеби деп әдепті бола қалғаныңа жол болсын» деп кездескен сайын кіжініп қалатын. Кейінірек Шәкеңнің өзіне де ренжіген кездерім болды. Үлкенді-кішілі талай мекемелерде кездесулер өткізіп жүріп, кітапты өзі жазып шыққандай, менің атымды атамайтын да болғанына өкпелеп жүрдім. Бірақ қазақ мұндай жағдайды «құдайдан қайтсын» деген бір ауыз сөзбен қайырады ғой, менің де сөйткеннен басқа амалым жоқ.
– Бауыржан Момышұлы сіздің әншілігіңізге жоғары баға берген көрінеді. «Баукеңнің жанына бару тордағы арыстанның жалынан сипағанмен бірдей» деп бәрі алыстан айналып қашып жүргенде, сіз алдына барып қалай ән салып жүрсіз?
– Бірде Рабиға Есімжанованың шақыруымен бір үйге бас сұқтық. Келген үйіміз анау-мынау емес, Бауыржан Момышұлының үйі екен. Бұғанасын ауыртып алып, бір қолын иықтан таңып алған Кәмаш жеңгеміз жадырай қарсы алып, дастарқанға шақырды. Орынның реті солай болып, Бауыржан ағамыз екеуміз қатар отырып қалған екенбіз. Жайғасып отырғанымыз сол еді, құмырадағысын құйып алып, әй-шәй жоқ, маған одырая қарап тұрды да: «Ты кто такая?» деді. «Мына кісі қызық па өзі?» деп, табан астында не айтарымды білмей тосылып қалдым. Бұл аздай-ақ, есімді жинай алмай қысылып отырғанымда: «Ты такая некрасивая» дегені. Екі көзім атыздай болып, бетіне қарап мелшиген күйі қаттым да қалдым.
«Бауке, – деді Рекең қолайсыз жағдайды жаймашуақтауға тырысып, – бұл Шәрбану Құмарова деген жазушы қыз. Сіздің қарындасыңыз. Жақында менің елім Қорғалжынға барып, «Әпитөктің» басқа түрін үйреніп қайтыпты. Рұқсат етсеңіз, Шәрбану бізге сол әнді орындап берсін, мен рояльда сүйемелдейін». Өзіме-өзім келе алмай тұрсам да, намысқа тырысқаным болар, орнымнан ұшып тұрып рояльдің жанына қалай жетіп барғанымды білмеймін. «Қамысы Әупілдектің мүше-мүше» деп әнді шырқап тұрып, Баукеңе қырынан қарап тұрдым. Сол кезде алпысты алқымдап қалған Баукеңнің ақсұр жүзінің профилі сүйектен ойғандай сұлу көрінді. Әнді салып тұрып «мұндай да сұлу адам болады екен-ау» деп ойлап қоямын. Қайырмасына келгенде Рәбиға апамыз да қосылып, кәсіби дауысымен әнді көтеріп жіберді. Кәмаш жеңгей көзіне жас алды. Баукең орнынан тұрып, жаныма келді де, маңдайымнан сүйіп: «Ты такая красивая, милая», деді. Әлгі бұрқ еткен ашудың қайда кеткені белгісіз, батырдың мына сөзі мені лезде қанаттандырып жіберді ме: «Ой, Бауке, жаңа ғана некрасивая деген едіңіз, енді красивая дейсіз, қай сөзіңізге сенейін» дедім өзімсіне. Баукең қайыра жауап қатпады. Әннің әсері болар, көзін терезеден әрі асыра алысқа қараған күйі қайтып жанарын бізге қарай аудармады.
– Шара апай туралы деректі хикаятыңыз жарыққа шыққаннан кейін, танымал әйелдердің тарихы мен тағдыры туралы циклды дүние жазуды ойға алмадыңыз ба? Әйелдің табиғатын әйел түсінеді дегенім ғой...
– «Қазақстан әйелдері» журналында қызмет істеп жүргенімде, танымал, талантты қыз-келіншектер туралы тиіп-қашып, үзіп-жұлқып жазған болдым. Бірақ ол кесек дүниелер емес, журналдың ағымдағы жұмысы ғана болатын. Орындалмай кеткен бір арманым – атақты композитор Ғазиза Жұбанова туралы жазу еді. Қазақтың маңдайына біткен аса талантты қыздарының бірі ғой, ол кісі туралы жинақтаған деректерім де өте көп еді. Ғазизаның серігі реформатор режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің жалғыз әпкесі Аққағаз апаймен Ленин мен Комсомольская (Достық-Төле би) көшесіндегі үйде көрші тұрдым. Мәмбетовтермен жақсы араластым. Балалар үйінде жетім өскен Әзербайжанның мынау жарық жалғанда Аққағаз әпкесі мен жездесінен басқа туысы жоқ еді. Жалғыз әпкесінің жаны Әзербайжанның үстінде тұратын, Ғазиза екеуінің үйленіп, шаңырақ көтеруі жолында Аққағаз апай көп күш жұмсаған адам. Ғазиза туралы жазылған дүние көп, бірақ мен білетін негізгі деректі әлі ешкім айтқан жоқ.
– Мәмбетов пен Жұбанованың ортасындағы ел білмейтін шындықты сіз біледі екенсіз. Мемуар етіп жазсам дейсіз. Бірақ қоғам сіз айтатын шындықты қабылдауға дайын ба? Жалпы, мемуар жазудың мәдениетін қалай түсінесіз?
– Мұндай шындықты айтудан қорықпаймын. «Ол өйтіп еді», «мынау сөйтіп еді» деген сипай қамшылап айтатын жалпылама әңгімеден гөрі, кішкентай шындықты тауып айтса, халық оны дұрыс қабылдайды деп ойлаймын. Көп жазушылар сипақтатып жазады, бірақ шындықты айта алмайды. Мысалы, Шара туралы жазғанда да мен ел естімеген, ешкім білмейтін шындықты айттым. Шәкең оған керісінше: «мен айта алмай жүр едім, сен дұрыс жасадың» деп риза болды. Мемуардың шырайын шындық ашады. Мемуар жазу үшін алдымен, әдеби көркем тіл керек. Қарадүрсін журналистік стиль оған жарамайды. Содан соң адамды иландыратын деректер көп болуы керек. Роман жазудан гөрі мемуарлық шығарма жазу өте қиын. Себебі дөп басу керек. Оқырман оқыған кезде көзімен көргендей әсерде қалсын. Мемуарлық дүниелер шығып жатыр, бірақ көпшілігі өтірік болғаннан кейін мен оларды оқымаймын.
– «Прозадағы жалғыз қызымыз» деп маңдайыңыздан ешкім шертпей, ағаларыңыздың аялы алақанында еркелеп жүріп елге танылдыңыз. Ол уақыттағы әдебиеттің сыны қатал еді ғой, сіз мүлде «таяқ жемедіңіз», сонда бұл қаламгердің бақыттылығын білдіре ме?
– «Социалистік Қазақстанда» жұмыс істеп жүрген кезімде, редакцияға Ахмет Жұбанов келіп: «Шәрбану, сен театр туралы жақсы жазасың, аспирантураға түссең қайтеді?» деп өнерге қарай бейімдегісі келетін. Жұмағали Саин ағамның да қамқорлығын көп көрдім. «Қыз сыры» деген алғашқы кітабым студент кезімде жарыққа шықты, сонда өзі істейтін «Социалистік Қазақстанның» тұтас «подвалына» менің кітабымды талдап тұрып тамаша мақала жазды. Ал Сәбит Мұқановтың пейілі тіпті бөлек еді. Бірде Сәбит басымен мені «Социалистік Қазақстанға» арнайы іздеп келіп, «әлгі Шәрбану деген қыз қайда? Мен оны Жазушылар одағына мүшелікке өткізейін деп едім. Мінездемені өзім жазамын» деп мені жұмыс орнынан таппай, дәлізде айғай салып жүрді деген жақсылығын қалай ұмытамын? 1966 жылы мен Одаққа мүшелікке қабылдануға келген кезде, есік пен төрдің арасындағы ұзын үстелдің бойында Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов, Ә.Әбішев қаздай тізіліп отырды. Мен есіктен кіріп келгенде, Ғ.Мүсірепов бір ауыз сөз айтпастан: «Кітаптарың шыққан екен, тұрақты жарияланып тұрасың, оқып тұрамыз, әр жерде қызмет істеген екенсің, біз сені білеміз, қабылдандың, айналайын, бара ғой», деді. Мен көресіні ағалардан емес, өз замандастарымнан көрдім. Атағынан ат үркетін ақеділ Сәбеңдердің осындай ағалық ықыласы мен пейілін қызғанатынын қанша бүркемелегісі келгенімен, орынды-орынсыз байқатып қоятын еді. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Кімнің тойы?» деген менің комедиям қойылды. Төрт жыл бойы театрда тек аншлагпен жүрді. Сол спектакльде Қамал Қармысов пен Мүлік Сүртібаев, Зәмзәгүл Шәріпова бастаған дүлдүл әртістің бәрі ойнады. Театрға кіре алмаған жұрт билетті өзімнен сұрайтын. Қатарластарыма бұл ауыр тиді, осыдан кейін іштері суыған «достарым» өлтіре сынауды бастады. Олар пасық пікірлері мен жылбысқы ойларын әр жерде айтып, жазып жүріп, ақыры Жазушылар одағының кезекті пленумында Ғабит Мүсіреповтің аузына салды. Ғабеңнің спектакльді көрмегенін білемін, көрмей тұрып әлдекімдердің тіліне еріп, көрінеу көзге маған жала жапқаны жаныма қатты батты, талайға дейін көзімнің жасын тыя алмай жүрдім. Тап сол арада орнымнан тұрып: «Ғабе, сіз спектакльді көріп пе едіңіз?» десем жеткілікті болар еді, бірақ жастығым ба, әлде жасықтығым ба, білмеймін, көмейіме кептеліп тұрған сөзді айта алмадым. Менің театр өнеріндегі «драмам» осымен тәмам болды, ал әдебиетте мүлде сыналмадым, өмір бойы мақталып келе жатырмын.
– «Egemen Qazaqstan» газетіне биыл 100 жыл толып отыр. 60-жылдардағы Балғабек Қыдырбекұлы, Есет Әукебаев, Жекен Жұмаханов, Шерхан Мұртаза секілді талантты буынның бел ортасында өзіңіз де осы басылымда қызмет еттіңіз. Бас басылымда істеген жылдарыңызды қандай оқиғалармен байланыстыра еске аласыз?
– «Egemen Qazaqstan» газеті – менің төркінім. Сол кездегі идеологияның қуаттылығы сондай, университет бітіріп, қолыма дипломымды ұстап тұрып тың және тыңайған жерлерді игеру бастамасын қолдап, Ақмола облысы, Қорғалжын ауданына мұғалім болып баратын ойымды айтқанымда, Темірғали Нұртазиндердің өзі түсінбей қайыра сұрады. Өйткені 2-курстан бастап әңгімелерім жарияланып, жұрт мені жазушы деп танып, болашағым айқындалып қалғандай болатын. 1958 жылы «Жұлдыз» журналының №12 санында алданып қалған қыз туралы жазылған «Бағираш» деген әңгімемнің әдеби ортада дүмпу туғызып өткенін ұстаздарымның бәрі білетін. Студенттің «Жұлдызда» жариялануы сол кездің өлшемімен алғанда, «әдебиеттегі оқиға» болатын. Мұны естіген Д.Әбілов ағамыз айдалада отырып ренжіп, «Социалистік Қазақстанның» бас редакторы Кеңес Үсебаевқа телефон шалады. «Мына қызымыз дипломын алып алысқа кетіп барады. Көп болса, күйеуге тиіп, Қорғалжында қалып қояды, ол жақта басқа не бітіреді? Жұмысқа алсаң қайтеді?» дейді. Сөйтіп бір-ақ күнде жұмысқа қабылдандым. Әлі есімде, оқушының тор көз дәптеріне жазылған Мұқағалидың «Аппассионата» деген поэмасы Нарынқолдан біздің редакцияның хат бөліміне келіп түсті. Төгілген тіл қандай, тереңіне тартатын ойы қандай, бір ғажап әлемге тап болғандай таңырқаған күй кештім. Соңыра поэма газеттің тұтас бір бетіне жарияланды. Ол кезде Мұқағали ауылда тұрады, танылмаған кезі. Бас басылымға поэмасы жарияланғаннан кейін есімін ел біліп, әдеби орта мойындап, көп кешікпей өзі де Алматыға келді. «Социалистік Қазақстанда» 1961 жылдан бастап бес жыл жұмыс істедім, үй алдым. Бас редактор үйді мен үшін Орталық Комитеттің өзінен сұрады. Бір бөлмелі болса да, әппақ кафелі, тақтай паркеті бар айнадай жарқыраған пәтер Абай мен Масаншы көшесінің қиылысындағы Совминнің үйінен бұйырды. «Егемен» менің есімде осындай жарқын оқиға, жылы естеліктерімен қалды.
– Көзі тірісінде көшенің атын иеленген санаулылардың бірісіз. Шәрбану Құмарова атында бір емес, екі көше бар, ауылмен байланысыңыз әлі де үзілмеген болар?
– Біз, ақын Тұманбай Молдағалиев екеуміз бір ауылданбыз. Оның менен бір жас қана үлкендігі бар. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат деген ауылда туып-өстім. Менің атымдағы екі көшенің бірі – Есік қаласында, бірі – Рахатта. Ол уақытта заман да, заң да кең еді ғой, мұндай мәселе жергілікті атқарушы биліктің өкімімен-ақ шешіле беретін. «Туған жеріңмен байланысыңды үзбедің, сенің арқаңда біздің ауылымыздың да аты шығып жатыр» деген ауылдың қадірлі азаматтарының арқасында алдымен Есіктен, кейін елу жасқа толғанымда, кіндік қаным тамған ауылым Рахаттан көше берілді.
– Өмір бойы шығармашылығыңызға әйелді арқау еттіңіз, әдебиеттегі сіз құрған «әйелдер патшалығы» оқырманға боямасыз шындығын айтты. Бүгінгі проза тым баяу дамып келеді, ал поэзияда жүрген кейбір ақын сіңлілеріңіз сезімін жалаңаштап көрсетуден өзара жарысқа түсіп жатқандай. Әйел сезімін, психологиясын бір жазушыдай шеберлікпен суреттеген сіз едіңіз, бірақ ерке қыздардың мына еркіндігін қалай қабылдайсыз?
– Сезімді жабайы тәсілмен, жалаңаштап суреттеуге о бастан қарсымын. Бұл қазір әсіресе ақын қыздардың поэзиясынан қатты байқалады. Турасын айтамын деп өлеңдегі талғамды бұзды. Бәлкім, ашып айтсақ, дараланамыз деп ойлайтын шығар. Ашық-шашық, дөрекі дүниеде әдемілік болмайды. Өлең, ол – сұлулық. Бүгінгі өлеңнің соры сонда – сорғалаған лирика жоқ. Ақындар бұрын лирик болатын. Махаббатын, сүйіспеншілігін, көңілдегісін сезімге орап жеткізетін. Бізден үлкен Тұрсынхан апам да, Мәриям апам да кейінгі Марфуға, Ақұштап, Рза секілді өзім жақсы білетін ақындардың өлеңдері осылай құрылатын. Прозада да қарадүрсіндік пайда болды. Тіпті жазушымын деп жүрген кейбір жас балалардың жазғаны проза деуге келмейді де. Өзім өмірімді жазушылыққа ғана арнадым. Басқа мақсат менде болған жоқ. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылмадым. Бірақ өзім талпынып көрдім. Соңғы жазған «Ғасыр нұры» романымды, екі томдық «Сезім патшалығын» ұсынып көрген едім. Бірақ мені қолдамады. Комиссия құрамында 20 мүшесі бар деген соң 20 кітабымды жібердім. Кейін сол әрекетім үшін өкіндім. Қайран, 20 кітабым, соларға бекер берген екенмін деп ішім удай ашыды. Бірақ Мемлекеттік сыйлықты ала алмағаным үшін еш өкінбеймін. Жалпы, осы атақтарыма да, бүгінгі ахуалыма да ризамын. Елдің ықыласын, әдебиеттің құрметін көрдім, енді немере-шөберемнің қызығын көрсем, осыдан асқан бақыттың да, атақтың да қажеті жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ