Аймақтар • 08 Наурыз, 2019

Әлемдегі жалғыз мұражай

1184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетау жоғары медициналық колледжінің «Мейірбандылық және ержүректілік» қоғамдық мұражайы сонау 1982 жылы көпшіліктің бастамасымен ашылған болатын. Бұл – Флоренс Найтингейл атындағы медальмен марапатталған мейірбикелерге арналған төрткүл дүниедегі жалғыз мұражай.

 

Әлемдегі жалғыз мұражай

Әрідегі тарихына ой көзімен үңіліп, сөз сабақтайтын болсақ, медаль 1854-1856 жылдары Қы­рым соғысы кезінде мейір­бикелердің отрядын бастаушы ағылшын санитарының атын иеленген екен. Әлемнің әр түк­пірінде осындай медальмен 1408 мейірбике марапатталыпты. Оның бесеуі Қазақстаннан. Нақтырақ айтатұғын болсақ, Антонина Дмитриева, Рәзия Ысқақова, Анна Дмитриенко, Мария Смирнова және Вера Широкая. Кейін арада көп жыл өткен соң осы колледждің түлегі, Санкт-Петербург қаласындағы наркология ауруханасының бас мейірбикесі Любовь Клокова Ф.Найтингейл атындағы медальмен марапатталған. Осы бір мейірбикеге көрсетілген құр­­меттен кейін ержүрек адам­дар­­дың ерлікті бейбіт күнде де жа­сай­тындығын аңғаруға болады. 

Жоғары колледж директоры Қарақат Қадырбаева қо­ғам­дық мұражай 1990 жылы «ха­лықтық» атағына ие болған­ды­ғын мақтанышпен айтады. Мұ­ражайдың арнайы төсбелгісі бар екен. Төсбелгі өз ісінің хас ше­берлеріне, таңдаулы мейірбикелерге табысталып, есімдері мұражайдың Құрмет кітабына енгізіледі. 

Мұражай кеңесі «Мейір­бандық» ерік­тілер қозғалысы бойынша арнайы бағдарлама әзірлеген. Негізгі мақ­саты – облыстағы денсаулық сақтау ұйым­дарымен әріптестік қарым-қатынас ор­нат­ып, науқастар мен мүгедектерге кө­мек көр­сету. 

Колледж бастамашылдығымен ірге­дегі облыстық аурухана аумағының көр­некті жеріне «Мейірбикелер аллея­сы» ұйымдастырылған. Аллеядағы со­ғыс жылдарындағы және бейбіт өмірдегі ме­дицина қызмет­кер­лерінің ерлігі мен қажырлы еңбегін бейнелейтін стел­ла сал­танатты шаралар жиі өткізетін ұла­ғатты орынға айнал­ған.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Ақмола облысы