Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов құттықтау сөзінде әйелдер қауымының ел және өңір дамуына қосып келе жатқан зор үлесіне кеңінене тоқталды.
Қазір мемлекеттік органдарда басшы әйелдерді жиі кездестіруге болады. Өңірде әрбір үшінші депутат – нәзік жандылар. Мемлекеттік қызметшілердің 63 проценті әйелдердің үлесіне тиеді. Өңірдегі әрбір төртінші кәсіпорынды бизнес-леди басқарады. Аудан әкімдерінің әйел орынбасарлары жөнінен өңір көш басында.
«Біздің облыс республикада аудан әкімдерінің орынбасарлары саны бойынша бірінші орын алады. Басшылықта жүрген әйелдер ер адамдарға қарағанда жүктелген міндеттерді мінсіз атқарады. Біз әйел азаматтарды мемлекеттік қызметке тартып, басшылыққа ұсынуды жалғастыра береміз. Менің ойымша, әйелдер аудан әкімі болатын кез келген сияқты», - деді Құмар Іргебайұлы.
Қ. Ақсақалов отбасы мен қоғамда ерекше орын алатын ананың маңызды рөлін атап өтті. Көп балалы аналарға «Күміс алқа» белгісі табыс етілді.
Облыс дамуына үлес қосқан бірқатар солтүстікқазақстандық нәзік жандылар облыс әкімінің құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапатталды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.