Бүгінде елімізде ешқандай баламасы жоқ жобаның етек-жеңі түріліп келеді. Оның тағы бір ерекшелігі жайында жабық су бассейні жағдайында өсіріп қана қоймай, оны өңдеп әзір өнім күйінде дүкен сөрелеріне жеткізіп, тұтынушыларға ұсыну мақсаты қойылуында. Әуелі бұл шіркінді бастау қиын дегендей, бұл іс ең алдымен жайынның аналық түрінің шабақтарын Ресейден әкеліп өсіруден басталыпты. Бұлардың уылдырық шашатын кезі де жақындап қалыпты. Балық тағамдарын тұтынудың жай-күйіне көз салсақ, бұл өнімдер көп жағдайларда елімізге сыртқы нарық жүйесі арқылы жеткізіліп жүргенін көреміз. Жаңа жоба бұл бағыттағы импорттық тауарлардың көлемін азайтып, керісінше экспорттық үлестің көрсеткішін көтеруді көздейді. Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 5 –ұазандағы Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселе жөнінде бизнес пен сала өкілдеріне жауапты міндеттер жүктелген. Біз Президент тапсырмасына нақты іспен жауап қайтаруды қажет деп таптық. Айырықша жобаны қолға алуға қозғау салған Елбасы Жолдауы. Қазір бұған қызығушылық танытып отырған тұтынушылар еліміздің өз ішінен де, шет елдерден табылады. Біз мұндай тұжырымға тиісті маркетингтік зерттеулер жүргізілгеннен кейін келіп отырмыз дейді жабық су айдынында жайын өсіру жөнінде салынып жатқан зауыттың директоры Нұрлан Құмаров.
Аталған жоба аяқталу деңгейіне жақындап келеді. Оның пайдалагуға берілу мерзімі биылғы жылдың ІІІ тоқсанына есептелген. Атап айтқанда қазіргі кезде аналық балықтардың өсіп-өнуіне арналған құрылыс бөліктері толықтай аяқталған. Сондықтан да оған бүгінгі күннің өзінде аналық африкалық жайындар әкелінді. Сонымен бірге бұл күндері балықтарды азықтандыру мен өсіру алаңдары құрылыстары жүргізілуде деді газет тілшісіне Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай.
Жобаның жалпы құны -1 миллиард 535 миллион тенге құрайды. Оның 15 пайыздық бөлігіне жеке инвестордық қаражаты тартылса, 85 пайыздық қомақты бөлігі «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерді субсидиялау арқылы қаржыландырылған. Зауыт құрылысы толықтай аяқталған кезде 42 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылмақ. Сондай-ақ өндірісте жылына 1,5 -2 мың тонна әзір өнім өндірілмек.
Біз Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру: табыс пен өнім сапасын жақсарту» атты Жолдауынан туындайтын жарқын жобаны газет өндірісіне әзірлеу кезінде Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Эұмағазиевке жолығып, юұған байланысты өз ой-пікірін айтып беруді өтінген едік. Сенатор Ақтөбеге келген сапарында зауыт құрылысының қазіргі жай-күйімен толықтай танысып шығыпты. Оның айтуынша «Мұрагер» ЖШС қолға алған жоба отандық өнім түрлерін көбейтуге сүбелі үлес қоса алады. Маған Ақтөбе облысының ауылшаруашылығына қатысты мәселелері жақсы таныс. Соның ішінде балық өсіру ісінің жай-күйіне келсек, өңірде мұны кәсіпке айналдыра білгендер жеткілікті. Ал балықты өсірумен қоса өңдеу ісі өңірде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Соның ішінде жайын еті өңір тұрғындары үшін таңсық тағам деуге болады. Республикамызда тұқы балық пен бекірені жабық су айдынында өсірушілер үшін мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі. Мұндай субсидияны жайын өсіріп, оның етін өңдеушілер үшін де белгілесе артық етпейді деп білемін. Алықтың бұл түрінің тұйықталған тоған жағдайында тез өсіп көбейетіні де осындай оңтайлы шешім қабылдауға итермелей береді деп толғанады Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиев.
Балық пен бекіре шаруашылығы дегенде ойымызға ең алдымен Атырау мен Ақжайық, кәрі Каспий оралады. Енді міне Президент Жолдауынан кейін жайын өсіру мен өңдеу ісі Ақтөбе аймағында да қолға алынды. Тек бір айырмашылығы алдыңғы аталған өңірлерде тірі балықтарды аулау негізінен табиғи су айдындарында жүргізілсе, кейінгі жағдайда бұл кәсіп әлемдік үрдістерге сай жабықсу айдынында жасақталуда. «Мұрагер» компаниясы бастамашы болған балық өсіру мен өңдеу ісі ертең ірі де іргелі кәсіпорынға, дәмді де сапалы балық өнімдерін шығаратын алып комбинатқа айнала алатынына сенім мол.
Темір Құсайын,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ
Суретте: Жабық су айдынынан көрініс