Әлем • 09 Наурыз, 2019

АҚШ-та теннисшілердің дүбірлі додасы басталды

1136 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Индиан-Уэльс қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің әйелдер арасындағы сайысында Қазақстанның қос аруы кортқа шықты.

АҚШ-та теннисшілердің дүбірлі додасы басталды

Жүлде қоры 8 359 455 АҚШ долларын құрайтын айтулы жарысты Юлия Путинцева жеңіспен бастады. Әлемнің 47 ракеткасы өзінің тұсаукесер кездесуін WTA тізімінде 102 орында тұрған венгриялық Тимя Бабошқа қарсы өткізіп, 6:1, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Енді ол Германияның атақты теннисшісі, әлемнің сегізінші ракеткасы Ангелина Кербермен шеберлік байқасады.

Іріктеу сынындағы жеңістерінің арқасында осы жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болған Зарина Диас тұсаукесер кездесуінде америкалық Джессика Пегуладан ұтылып қалды – 1:6, 1:6.

Ерлер бәсекесінде бақ сынаған Михаил Кукушкиннің де жолы болмады. Оған сербиялық Филипп Крайинович сан соқтырып кетті – 6:3, 6:4.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»