Қазақстан • 11 Наурыз, 2019

Жаңа әлеуметтік бетбұрыс

1208 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Таяуда өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетіп, алдағы 10 жылдың негізгі басымдықтарын белгілеп берді. Бұл – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік бағдардағы мемлекет ретінде даму арқылы Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енудегі шешуші кезең болмақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы съезде жүктелген міндеттер мен тапсырмалардың жүзеге асырылуы аясында атаулы әлеуметтік көмектің мұқтаж жандарға жуық арада жетуін, яғни 1 сәуірден бастап беріле бастайтынын атап өтті. Осы орайда маңызы зор міндеттердің әлеуметтің әлеуетін арттыруға әсері жөнінде бірқатар сарапшының пікірін тыңдаған едік.

Жаңа әлеуметтік бетбұрыс

Жаңа әлеумет­тік бағдарламаның өңірлердегі жұртшылықтың көңілінен шыққаны, сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек бойын­ша тұрғындар тарапынан көптеген сауал қойылып жатқаны партия съезінде межеленген міндеттерді түсіндіру мақсатында өңірлерде жүрген Парламент депу­тат­тарының кездесулері кезінде байқалуда.  Бұл ақпараттық түсін­діру жұмыстарын белсенді жүр­гізу қажеттігін де білдірсе керек. Ал бүгінде жаңа әлеу­меттік шаралар, негізінен үш бағыт бойынша жүзеге асырылатыны белгілі болып отыр. Атап айт­қанда, халықтың күнкөрісі төмен тобы­ның табысын арттыру мен қолдауға, жа­лақысы төмен азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсартуға, сондай-ақ өңірлерді кешенді дамытуға басымдық берілген.

«Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мү­шесі ретінде айтарым, бұл ең алдымен өңірлерді, ауылдарды қолдауға бағыт­талған бағдарлама. Өйткені бюджет­тік саланың жалақысы төмен қызмет­кер­лердің көбі ауылда тұрады. Олар­дың жалақысы 30 пайызға дейін артатын болды. Бұл 1 миллион азаматтық қыз­метшіге, денсаулық, білім, әлеуметтік қолдау, мәдениет, спорт, ауыл шаруа­шылығы және басқа салада жұмыс істейтіндерге тікелей қатысты. Сонымен бірге атқарушы органдардың төменгі сатыдағы жұмыскерлері де қамтылады. Мәселен, жалақыны арттыру ауылдар, аудандар мен облыс деңгейінде жұмыс істейтін 78 мың мемлекеттік қызметшіге қатысты. Оның орташа өсімі 25 пайызды құрап отыр. Бұл мақсатқа мемлекет алдын ала 3 жыл ішінде шамамен 77 миллиард теңге бөлмек», дейді сенатор Д.Мусин.

Жалпы, әлеуметтік жәр­дем­ақы­лар­дан бөлек, көп балалы отбасыларды жұ­мыспен қамту аясында гранттар мен шағын несиелер беру отбасылық бизнестің жандануына негіз болатыны анық. Мәселен, аталған санаттағы адам­дарға өз ісін ашуға өтеусіз негізде 505 мың теңге көлемінде грант немесе 6,5 мил­лион теңгеге дейін шағын несие бе­рі­леді, сұранысқа ие мамандықтарға қысқа уа­қыт­та оқыту ұйымдастырылады. Әсіре­се, жергілікті жолдарды жөндеу, сумен қамту, «Ауыл – ел бесігі» тәрізді жо­ба­лар ауыл тұрғындарын ерекше қуан­тып отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаментінің басқарма басшысы Асқар Ниязов осыған дейін қоғамда әр­түрлі түсінбестікке негіз болған табыс­ты есептеу туралы түсіндірді. Оның ай­туынша, әлеуметтік жәрдемақылар тө­леуде ендігі уақытта 4 және одан көп баласы бар отбасылар, «Күміс алқа» жә­не «Алтын алқа» иелері және мүгедек ба­ла­лардың жәрдемақысы, шәкіртақы сияқты  басқа да кірістер табыс ретінде есептелмейді. 20 789 теңге көлемінде белгіленген кедейшілік шегінен табысы төмен көп балалы отбасына берілетін атаулы әлеуметтік көмек 103 945 тең­геге дейін артады. Оған әлеуметтік мем­ле­кеттік көмек ретінде берілетін 10 504 теңгені қоссаңыз, отбасының жалпы табысы 114 449 теңгені құрайды. 

20 789 теңге көлеміндегі атаулы әлеу­меттік көмек балаларға 18 жасқа дейін, студенттерге 23 жасқа дейін төленеді. Сон­дай-ақ бұрын 10-ға жуық құжатты талап ете­тін АӘК белгілеу тәртібі «Е-халық» ақпа­раттық жүйесі арқылы тек жеке куәлікпен атқарылатын болады. 

Әлеуметтану ғылымдары докторы Ләз­зат Нұрқатованың айтуынша, кедейшілік шегіне жеткен азаматтар мен көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі соңғы жылдары қазақстандық әлеуметтік қызметтің тұтас ребрендингі жағдайында түбегейлі өзгеріске ұшырады. 

– Мемлекет басшысы «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдар­ламасының ірі ауқымдағы мақсаттарына қазақстандық қоғамның қол жеткізуін жеделдету қажеттігін жеткізді. Осыған орай қоғамды әлеуметтік салада қойылған міндеттерді шешуге жұмылдырудың стра­тегиялық құралы Қазақстанның әлеуметтік саясатының стейкхолдерін, яғни мүдделі тараптың баршасының іс-әрекетін үйлестіру болмақ. Бұл барлық микро, мезо және мега деңгейлерінде жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірлер мен ауылды жерлерде жұмыспен қамтуды арттыруға, бюджетке салық түсімдерінің уақтылы түсуіне басымдық беруді қажет етеді. Мұны әлеуметтік экономикаға жұмылдырудың биік шыңы деуге болады. Яғни бірде-бір отбасы қараусыз қалмайды. Бұл ретте олардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының деңгейі облыс әкімдері мен орталық мемлекеттік ор­ган­дар жетекшілерінің қызметін бағалау­ға тікелей ықпал етеді. Міне, мұның бәрі халықтың аз қамтылған бөлігін әлеу­мет­тік қорғаудың жаңа форматы, – дейді Л.Нұр­қатова.

Ал саясаттанушы Жұлдызай Ысқақова соңғы уақытта еліміздегі қоғамдық талқыға отбасы тақырыбының өткір көтерілуі, орталық және ресми биліктің осы бағыттағы қадамдары негіз болғанын айтады. Мұны жуырдағы «Нұр Отан» партиясының съезіндегі Президенттің баяндамасында жиі қолданылған «отбасы», «әлеуметтік», «көмек» және басқа сөздерінен де көруге болады. Бұл еліміздегі әлеуметтік дамудың, соның ішінде отбасы саясатының жаңа кезеңі туралы айтуға мүмкіндік береді.

– Президент азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту туралы байыпты жоспарын мәлімдеді. Мен мұны нағыз әлеуметтік бағдардағы мемлекетке деген бетбұрыстың бастауы санаймын. Неліктен? Кейінгі айларда елімізде көп балалы отбасылар мен басқа да әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, олардың мәселесіне билікті назар аударуға шақыру үрдісі байқалды. Мемлекет бұл мәселеге жіті назар аудара білді. Яғни, әлемдік тәжірибедегідей мемлекет пен қоғамның ортасында «сауал-жауап» диалогы орнады. Осылай болуға тиіс еді. Оны шегіне дейін жеткізудің қажеті жоқ. Осылайша тұрақтылықтың «омырылуына қарсы» иммунитет пайда болады. Жаңа кезеңге енудің тағы бір себебі, соңғы жылдары қазақстандықтардың азаматтық санасының айтарлықтай өсуі. Қоғам құқықтық тұрғыдан жетіле бастады. Өзінің құқы мен міндеттеріне бей-жай қарамайтын болды. Бұл мемлекет дамуының сапалы қырларын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге әлі де әлеуметтік мемлекет құру жолында екенімізді атап өткім келеді. Бұл – азаматтардың өмірі мен әлеуметтік қорғалуына қолайлы жағдай жасау деген сөз. Әрине, бұл орайда әңгіме тұтастай теңгермешілік туралы емес, бастапқы мүмкіндіктер теңдігін құру туралы болып отыр. Егер баспана туралы айтар болсақ, оның тегін таратылуы туралы түсініктен арылу қажет. Мемлекет оны өз азаматтарына қолжетімді қылса жеткілікті. Бұл нақты жүзеге асуы үшін Үкіметке де, қоғамға да бақылау тұрғысынан бірдей жауапкершілік керек, – деді Ж.Ысқақова. 

Саясаттанушы мемлекеттің әлеуметтік салаға шығындарының көлемі бюджеттің 45 пайызынан асқанын, бұл көптеген елдермен салыстырғанда ірі қаражат екенін айтады. Әлемде бұл көрсеткіш мемлекет бюджетінің 35 пайызын ғана құрайды. Президент әлеуметтік салаға бағытталатын қаржы көзі Ұлттық қордан бөлінетінін айтты. Бұл қаржы мемлекеттің өзіндік стратегиялық қоры саналатындықтан қажет жағдайда ғана жұмсалуы тиіс. Сондай-ақ аталған қор қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын сақтап қалу үшін де құрылғанын ұмытпаған ләзім. Сондықтан ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты даму тұрғысынан бұл өзін өзі ақтайтын қадам деп ойлаймын, деді Ж.Ысқақова.

Ал белгілі экономист Сапарбай Жұбаев мемлекеттің негізгі міндеті – салық түсімінен құралатын бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыны әділетті түрде бөлу екенін жеткізді. 

– Өркениетті елдерде әлеуметтік салаға бюджет түсімінің 60-70 пайызы жұмсалса, қалған міндеттер бизнестің жауапкершілігінде болады. Салыстырмалы түрде біздің бюджетіміз дамыған елдерден аз болғандықтан оны нақты бөліп, жеткізу керек. Сондықтан Президенттің атаулы әлеуметтік көмектің кейбірін 1 сәуірден бастап беру туралы шешімі бір жағынан отандық бюджетке қосымша ауыртпалық түсіреді. Бірақ бөлінген қаржыны нақты жеткізетін болсақ, айтарлықтай қиындыққа тап болмаймыз. Бұл негізінен салықтан, жекешелендіруден түсетін капиталдан есептелген болатын. Ал Ұлттық қордан трансферттелетін қаражат 2 триллион 400 миллиард теңгені құрайды. Яғни осы Ұлттық қордан 1 триллионға жуық қаржыны Президент алдағы 3 жылға бөліп беру туралы шешім қабылдады. Сонда бюджетке қосымша жылына 350 миллиард теңгеге жуық қаржы түседі. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін тиісті мемлекеттік органдар шілде айына дейін кімге қанша бөлінетінін нақты есептеп шығуы тиіс болатын. Бұл дайындықты, ұқыптылықты талап етеді. Ал енді аталған тапсырманы 1 сәуірден бастап орындау әлеуметтік саладағы ведомстволардың жауапкершілігін арттырып отыр, – дейді С.Жұбаев. 

Оның айтуынша, бюджеттен бөлінген қаржы өңірлерде өз иесін табуы қажет. Көп балалы аналар, басқа да мұқтаж жандардың басым бөлігі бұған дейін тұрғылықты жерлерінде әділеттілікті шеше алмаған соң ірі қалаларға көшкені белгілі. Олар енді ауылдарына, тіркелген жеріне барып, қосымша беріліп жатқан заңды әлеуметтік көмектерін талап етуге тиіс немесе өздері тұратын ірі қалаға тіркеуге тұрып, қажетті құжаттарын жинауы керек. Бұл күрделі процесс. Сондай-ақ салыстырмалы түрде дәулеті бар азаматтар да құжат жинап, бұл қаржыға ортақтасуы мүмкін. Яғни мұны Астанадан, бір орталықтан бақылау мүмкіндігі аз. Сондықтан, жергілікті жерлерде қоғамдық бақылау құру маңызды. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайластықтың алдын алады. Өйткені бюджетті өзгерту – ең күрделі мәселенің бірі. Мәселен, құжаттарды ауылдан ауданға, ауданнан облысқа, облыстан республикаға жібереді. Трансферттер осы жолмен қайта жолданады. Бұл бюджет Парламент депутаттарымен, облыстар мен аудандарда жергілікті мәслихат депутаттарымен бекітіледі. Екінші мәселе, Ұлттық қор болашаққа салынған инвестиция екенін де ұмытпау керек. Осыған дейін аталған қаржы трансферттері әлеуметтік инфрақұрылымға, жаңа жұмыс орындарын құруға жұмсалды. Яғни қор қаражаты қайтарымды негізде инвестициялық жобаларға салынуы керек. Бұл үшін дәулетті азаматтардың санын көбейтуге, мұқтаж жандардың санын азайтуға әрекет жасаған абзал. Әр мұқтаж адам кәсіп ашып, өзін өзі қамтамасыз етуге әрекет қылуы қажет. Қазір елімізде мұқтаж адамдардың үлесі 10 пайыз делінеді. Осы көрсеткішті Еуропа елдеріндегідей 4-5 пайызға түсірсек, экономикамыз дамып, мұқтаж адамдарға жәрдем беру мүмкіндігіміз де кеңейе түседі, – деді С.Жұбаев. 

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»