Әлем • 11 Наурыз, 2019

ДАИШ-тың соңғы тірегі

1126 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы 2 жылда Сириядағы барлық жерінен айрылған террористер өзінің соңғы тірегі Багуз қаласына келіп жасырынды. Жан-жақтан қысым артқан соң желтоқсан айынан бері бұл аймақтан бірнеше мың халық Иракқа қарай көшіп кеткен. Негізінен сол қарулы жендеттердің отбасы мүшелері екен. Жақында 500-дей террорист берілді. Қаланы қоршаған күрд жасақтары оны жақын уақытта алары белгілі бола бастады. Алайда бұл ДАИШ күштері толық жеңілді дегенді білдіре ме? 

ДАИШ-тың соңғы тірегі

2014 жылы Португалияның жерін­дей аймақта халифат құр­дық деген террористер қазір Сирия мен Иракта жеңілді, жері­нен, күшінен айрылды. Оған қоса, 1 наурыздан бері өзін Сирияның демократиялық күш­тері деп атайтын күрд тобы­ның өкілдері ДАИШ-тың соңғы тірегі, Дейр-эз-зор провин­ция­сындағы террористер бақы­лайтын аумақты шабуылдап жатыр. Ол Иракпен шекаралас жердегі Багуз қаласы. Күрд жасақтары қаладан бей­біт халықтың кетуін күтті. Әдет­те күрд әскері жерде шабуыл­дайды, ал АҚШ авиация күші­мен қолдайды. Осы әдістің ар­қа­­сында ДАИШ жендеттері бері­ле бас­таған. Соңғы уақытта Ба­гуз­ды 3,5 мың­дай адам тастап кеткен. Ең қиыны олар­дың ара­сын­да тығылған террористер де болған. Күрд жағы бұл мекен­нен тағы адамдар шы­ғуы мүм­кін дейді. О баста Багуз­да 500 ДАИШ жен­деті қалды деп  бол­жанған, алайда ұрыс бас­талғанда олардың саны одан да көп екені анықталды. Қа­ланы алуға терро­ристер қолдана­тын ракеталар мен жера­сты тоннельдері кедергі. 4 нау­рыз күні тағы 150 жендет бе­рілген. Бірақ әлі де қалада негіз­гі күш сақталып тұр. 

Алайда бұл әскери операция аяқ­талса, ДАИШ-тың көзі толық жойыла­ды деуге бола ма? Әрине, жоқ. Оған бір­неше себеп бар. Біріншіден, террористер соңғы жылдары 60 мың адамынан айрылса да, Ирак пен Сирияда тағы 14-16 мың жендеті қалған. Негізгі күші жойылған соң олар енді партизандық қарсылыққа көшкен. Екіншіден, Ирак пен Сириядағы соғыс салдары бұл ел­дердегі инфрақұрылымдарды жойып жіберді, жаппай жұмыс­сыздық пен кедейшілік орнады. Ал бұл әдетте терроризм идея­сы тарау үшін қолайлы жағ­­дай. Үшіншіден, екі елдің ішкі нарығы қару-жарақтың сан түріне толып тұр. Оларды ер­тең өзге діни радикалдар қол­данып кетуі бек мүмкін. Төр­тін­шіден, бұл аймақтан Ресей, Түркия, Иран, Британия, Фран­ция, АҚШ армиялары әлі кет­педі. Олардың кейбірі өзінің уақыт­ша мақсатына жету үшін ради­кал­дарды астыртын қолдап жібе­руі де ғажап емес. Әлемдік тарих­та аталған фактілер жетіп артылады.

ДАИШ жеңіліп, о бастағы діни эйфория тараған соң енді бұрын қару ұста­ғандар, оларға қызмет етеміз деп келген әйелдер басын аман алып қашу­дың жол­дарын іздеп жатыр. Қазір Си­рия мен Ирактағы 14-16 мың қару­лы топтың 3 мыңы шет ел­дік­тер екен. Олар өздерінің аза­мат­тығын еске түсіріп, өз үкі­мет­терінен өздерін Сириядан дін-аман алып кетуін талап етіп жа­тыр. Бұл мәселе көптеген Еуро­па­лық елдер үшін кәдімгі бас ауруға айналды. Алып кете­йін десе, ДАИШ қатарында бол­ған адамдар, алып кетпейін десе, Конституциясы азаматтарын қорғауға міндеттейді. Енді Германия, Аустрия, Бри­та­ния үкіметі ұқсас шешімге кел­ді. Олар ДАИШ қатарына бар­­ған­дарды не азаматтықтан айы­­рады, не консулдық көмек бер­­мейді. Айтпақшы, сол 3 мың шет елдіктің арасында біз­дің елдің азаматтары да бар екен. Қазақстан қаңтар айында сол Шам елінен 47 азаматын, негізінен әйелдер мен бүл­дір­шіндерді алып шығару үшін Жусан операциясын іске асырды. Бірақ бұл Сирияға бет алған қазақстандықтардың 10 пайызына да жетпейді. Себебі ол жаққа 900-дей азаматымыз кетті деген мәлімет бар. Олардың қазір қаншасы аман қал­ғаны туралы мәлімет жоқ. Енді соғыс көріп, оралғандар арнайы орталықта бейімделу курсынан өтеді. Алайда Сирияға өз еркімен барған әйелдердің радикалды діни көзқарастары өзгере қоя ма? Бұл қоғамды ойландыратын сұрақ. Себебі тергеушілер әйел­дердің іс-әрекетінде қыл­мыс­тық элементті таппаса, онда азаматшалар туған жеріне оралып, ертең кейбіріңізге қайта көрші болуы мүмкін.    

Енді ДАИШ-пен күрес аяқталып жатқанда, Сирия мен Ирактың жағдайы не болмақ деген сауал алға шыға­ды. Осы мәселеге қатысты АҚШ-та үлкен дау туын­даған. Ол Дональд Трамп­тың Си­рия­дағы 2 мыңдай әскерін шы­ға­ра­мын деген шешімі еді. Енді ол жақында 200 әскерді уақытша қалдырамын деп, өз­­геріп отыр. Ресей армиясы да авиа­ция­­­сын бүгін-ертең алып кететін ойы жоқ. Ал Түркияның кірген әскері енд­і шы­ға қоюы неғайбыл. Себебі олар күрд жа­сақ­тарына қарсы «Зәйтүн бұ­та­ғы» әс­ке­ри операциясын қатар жүргізіп отыр.  

Аталған сұрақ Сирия жерін­дегі соғыстың жылдам аяқ­талуы­на кедергі болары хақ. Неге? Өйткені Түркия күрд жасақ­­тарын террористер қа­тары­на жат­қызады. Ал күрд хал­­қы­ның кейб­ір әскери күш­тері АҚШ-тың одақтастары, себе­бі екі жақ ДАИШ ұйымына қар­сы бірге соғыс­ты. Дәл солар қазір Багуз қала­сын қоршап тұр. Алай­да егер АҚШ өз әскерін осы ай­мақ­тан әкете қалса, Түр­кия сол күрд­терге қарсы жаңа күрес бас­тамақшы. Қаңтар айын­да Трамптың қауіпсіздік жөнін­дегі кеңесшісі Джон Бол­тон Анкараға арнайы ұшып келіп, Түркия Сириядағы күрд халқ­ына шабуылдаудан бас тарт­­пайын­ша, АҚШ әскері ай­мақ­­тан кетпейді деген ультима­тум қойды. Енді Түркия Вашинг­тон­ның бұл талабын орын­дай ма, жоқ па, ол ДАИШ то­лық жеңіл­генде белгілі болуы мүмкін. 

Дәл осы жерде ДАИШ мәсе­ле­сін зерттеп келе жатқан сарап­шы Хишам Әл-Хашимидың мына сөзін келтірген дұрыс сияқты: Ирак ДАИШ-тан сабақ алмады. Әсіресе, бірге өмір сүру, азаматтық қауіпсіздік, өзгелерді қабылдау және кешірім сұрау деген мәселеде. Дәл сол қателіктер кезінде ДАИШ-тың мемлекет болуына себепші болған еді дейді маман. Әл-Хашимидың айтып отырғаны Ирактағы шииттік үк­і­меттің жергілікті суннит ха­лық­­ты тықсыруы еді. Өз үкіме­ті­нен сондай бас­сыз­дықты көр­ген Ирактың суннит халқы 2014-2015жылдары ДАИШ-қа қатты қар­сы­лық та көрсетпеген еді. Міне, осын­дай қателіктер жойылмаса, ке­дей­лік, жұмыссыздық, сауат­сыз­дық азаймаса, дәл осы аймақта ертең келесі бір ДАИШ-тың бас көтеруі әбден мүмкін.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА,

«Egemen Qazaqstan»