Алайда, сол зорлық-зомбылық көретін әйелдер есебіне заңды күйеуінен немесе аға-әкесінен таяқ жеуді қалыпты қабылдайтындар қосылмай қалып жатады. Осы орайда, «Қазақстанда әйелдер құқығы қорғалған ба?» деген сұрақ туындайды.
Биылдан бастап 111 сенім телефоны арқылы балаларға ғана емес, барлық азаматқа психологиялық, консультациялық көмек беріледі. Осы қызметке әйелдер жиі хабарласады екен. Олар көбіне үйіндегі зорлық-зомбылықтан қашып, баласымен бас сауғалап, қайда барарын білмегенде сенім телефонына қоңырау соғады. Психолог Ғалия Әбдіғаппарға (қажеттілікке қарай аты-жөні өзгертілген – А.Ш.) жақында бір әйел хабарласыпты. Оны күйеуі екі баласымен тастап кеткен. Ақыры қарыз алады, ақша берген адамдар пайыздық үстемесімен қайтаруын талап етіпті. Сонан соң балаларын өз анасына қалдырып, Алматыға жұмыс іздеп келеді. Жұмыс тапқанымен істей алмайды, себебі тіркеуі, орналасатын тұрағы жоқ. Ал азын-аулақ қаржысы жүріп-тұрудан таусылған.
– Өзін ешкімге керексіз сезіну адамды күйзеліске алып келеді. Ол бір қорап дәрі ішіп алып: «Сізден өтінемін, балаларыма айтыңызшы. Мен оларды қатты жақсы көремін. Қазір кеткелі жатырмын», деп хабарласып тұр. 40 минуттық қызметтің, психологиялық көмек пен әңгімелесудің арқасында оның тұрған жерін анықтап, медициналық көмекті жөнелтіп, әзер аман алып қалдық. Ол бүгінде арнайы орталықта көмек алуда, – дейді психолог.
Психологтың арнайы орталық деп отырғаны – қиналғандарды дағдарыстан алып шығу мақсатында ашылған мемлекеттік мекеме. Астана қаласы әкімдігі жанынан 2013 жылы ашылған «Үміт» дағдарыс орталығының заңгері Зарина Дәулетқызы әйелдер құқығының тапталуына көбіне тұрмыстық түсініспеушіліктер себеп болатынын айтады. Кикілжіңнің соңы қол көтерумен аяқталады. «Орталықты бәрі өзі тауып, біліп келмеген. Кейбіреуін полицейлер, енді біреулерін дәрігерлер, әлеуметтік қызмет көрсетушілер немесе білім саласының мамандары бағыттап жібереді», дейді заңгер. Маманның мәліметінше, әйелдер құқығының бұзылуына көбінде олардың сауатсыздығы себеп болады екен. Зардап шеккендердің басым бөлігі – қарапайым құжаттарды, жеке мәліметтерін дұрыс толтыра алмайтындар және орта біліммен шектелгендер. Бұдан бөлек, азаматтық некедегі әйелдердің құқығы жиі бұзылатын көрінеді.
Бір ғана Алматы қаласындағы осындай орталықта 2018 жылы барлығы 274 адам қызмет алған, оның 99-ы әйел, қалғаны – балалар. Демек, шамамен елімізде жыл сайын 1300-ге жуық әйел, құқығының тапталуы былай тұрсын, өз отбасында өздерін керексіз сезінеді, содан соң өмірден безінеді. Ал мұндай орталықтар барлық облыста әлі ашыла қоймаған. Сондықтан тіркелмеген, көмек сұрай алмай жүргендері қаншама? Осыдан-ақ олардың құқығы қорғалған деп кесіп айтуға келмейді. Қайтпек керек?
Тәуелсіз Қазақстан тарихына көз жүгіртсек, облыс басшыларының тізімінде бірде-бір әйел әкім жоқ. Осы уақытқа дейін әйел премьер-министр болмағанын білеміз. Бір ғана мысал, жақында жаңадан жасақталған үкімет құрамының 11 пайызы ғана әйелдер. «World Economic Forum» халықаралық ұйымы 2018 жылғы Гендрлік айырмашылық туралы ғаламдық баяндамасын (The Global Gender Gap Report) жариялады. 149 мемлекет, оның ішінде Қазақстан қатысқан зерттеуде: «Ешбір ел әлі күнге дейін саяси саладағы алшақтықты толығымен жойған жоқ», делінген. Сондықтан әйелдердің қоғамдық-саяси өмірде белсенді болмауы – әлемге ортақ мәселе. Алшақтықты сәл де болса алға ілгерілетудің әйелдер құқығының қорғалуына қандай қатысы бар?
Біріншіден, әйелді әйел жақсы түсінеді. Әйел жәбір көргенде есігін қағатын полиция да, сот, заңгер, адвокат та – әдетте ерлер. Психологтардың айтуынша, қазақ қоғамындағы әйелдер осы мамандарды құқық қорғаушы ретінде емес, алдымен еркек деп қабылдайды. Ал отбасы құндылықтары тақырыбын көтеріп жүрген жазушы Камал Әбілқасымқызы құқық қорғау саласындағы қызметкерлердің 90 пайызы ерлер екенін, мұндайда «Бөріктінің намысы бір» деген қағида алға шығатынын айтады. «Өйткені әйелге зәбір көрсететін еркектер. Бас прокуратураның сайтында тұр, былтырдың өзінде елде 400 әйел зорлық-зомбылықтан қайтыс болған», дейді ол.
Екіншіден, халыққа ортақ нормативтік құжаттарды қабылдауда әйел адамдардың ерекшеліктері (жүкті кезіндегі жұмыс жүктемесі, балалы аналардың вахта немесе ауысымдық қызметтегі кестесі, т.б.) ескерілмей кетеді. Себебі оны дауыс беріп, қабылдайтын парламенттің басым бөлігі тағы да ерлерден тұрады. Үшіншіден, заңсыз әрекеттер азаяды. Құқық қорғаушы Абзал Құспан 15 жылдан аса тәжірибесінде заңды бұзатын, қылмыстық істерді жасайтын көбіне ер адамдар екенін, әйелдердің әдетте жәбірленуші болып келетінін айтады. Төртіншіден, қоғамдық көзқарас қалыптастыруға септігін тигізеді. Ел басқармаса да, ел бастаған әйелдер тарихымызда көп болған. Соның жалғасы әлі үзілмегенін ұғындырады. Бесіншіден, жоғарыда заңгер айтқан әйелдердегі сауатсыздық азаяды. Өйткені адамға жауапкершілік артылған сайын ол өз бетінше іздене бастайды.
Жыл сайын жарыққа шығатын жоғарыда аталған ғаламдық баяндама нәтижесінде әйелдерге ең қолайлы елдер анықталған. Мұндағы мемлекеттер несімен ерекшеленеді? Швецияда нәзік жандардың жоғары білім алуына баса көңіл бөлінеді. Онда әрбір 3 университет дипломының 2-уін әйел азаматтар алады екен. Аустрияда әйелдер мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы конвенция бар. Ал Люксембург – «Саясат сізге жарасар еді, ханым?» (Would politics suit you madam?) атты бастамасын батыл қолға алған ел. Бұл үкіметтегі әйелдер санын арттыруды мақсат етеді. Канаданың Қаржы министрі 2018 жылы жұмыс күшіне мүмкіндігінше әйелдерді көбірек тартуды көздейтін жаңа жоспарын жариялаған.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»