Солардың қазіргі кезде басты бағыттарының бірі – тәуелсіз мемлекетіміздің жас азаматтарының бойында отансүйгіштік қасиеттерді егу мен тарихи сананы қалыптастыру барысында бабаларымыздың қалдырған әлеуметтік-адамгершілік үлгідегі өсиеттері мен рухани мұрасын терең насихаттап, қалың көпшіліктің игілігіне жарату.
Бабаларымыз дүниетанымының негізгі ұстанымдары – аңыз, әпсана, жыр-дастандарда адамның қайрат-жігері, еркі мен жауапкершілігі, абсолюттік құдірет иесі және оның билігі арасындағы әмбебап тұтастық пен үйлесімділік айқындалады. Оның дүниетанымындағы дін ретінде қаралатын универсализмді исламнан бұрынғы түркілік өркениеттегі діни-философиялық ағым десек те болады. Қазақ универсализм дүниетанымында ең негізгі құбылыс «тұтастық». Бүкіл жанды-жансыз болмыстар – жер, көк, тау, тас, күн, жұлдыз сияқты элементтер жиылып, осы тұтастықтың, бүтіннің бөлігі ретінде біртұтас космостық жүйе құрайды. Осы бүтіндік пен тұтастық негізінде құндылықтар пайда болып, бүкіл адамзат «еркіндікке» қауышады. Міне, дін, философия және саясат объектілерінің нығаюына ықпал еткен қазақы дүниетанымдағы элементтер мен құбылыстарды олар исламдық дүниетаным формалары ішінде қорытып, оларды осы тұрғыда түсіндіре білді.
Адамның рухы жоғары идеяларға ұмтылғанда ғана игілікке беттейді. Бұл мәртебеге жетудің жолы – дүниелік, материалдық тәуелділіктен арылу. Дәстүрлі дүниетаным мен ислам өркениеті негізінде сусындаған даналар тарихи таным мен тарихи ұстаным арқылы адам баласының мәселелері төңірегінде ой толғаған. Біріншісі Ұлы бақытқа жету жолында рух-сананың жігерлігін, екіншісі рухын тарихи санамен байыту жолын көрсетіп отыр. Екі ілімде де «сөз бен іс», теория мен практиканың үйлесімділігі негізгі мақсат. Екеуінде де адамның мәні – рух. Екеуі де ақиқат болмысқа жету әдісі мен ұстанымы жағынан діндер үсті пайымдауларды ұсыну арқылы дәстүрлі түркілік дүниетанымның универсализм ерекшеліктерін көрсетіп отыр. Екеуінде де ішкі еркіндік – моральдық еркіндік негізгі тақырып.
Тарихи оқиғалар – тек қана күні өтіп кеткен жайлар емес, өзге түрде, өзгеше мәнде қайталанып, оралып отыратын қоғамдық иірімдер, адам санасының ой-толғамдарының бейнелену нәтижесі. Бабаларымыздың толық, толымсыз қоғам аталған саяси тағылымдарын далалық елді басқару тәсілдерін, дала тұрғындарына қайырымдылық пен игіліктерге қандай жолмен жетуге болатынын өсиет еткен. Әртүрлі қоғамдар мен әлеуметтік орталар сипатын көрсету арқылы елді ақылмен басқарудың шарттары жөнінде батыл пікірлер нұсқасын көрсеткен. Оның аясында тектілік мінез қай кезде де халықтың парасат биігінде болуын қамтамасыз етеді, адамды аздырар жаман мінездерден сақтандырады деген идея басымдыққа ие екені байқалады.
Қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша адамның бала күнгі кезінен бастап бүкіл бірлігі қоғамның бақылауында болған. Сондықтан қоғам мүшесінің бірде-бірінің жасаған жақсы ісі де, жаман ісі де назардан тыс қалмастан, дер кезінде өзіне лайық әділ бағасын алып отырған, бар тірлігі таразыға тартылып, соған орай ортасы өз бағасын беріп отырғаннан кейін, адамның өзі туралы мақтануының да ақталуының да қажеттілігі болмаған. Бәрін өскен ортасы дұрыс та әділ бағалап отырған соң, адам ештеңеге алаңдамай барынша қоғам талабына сай тірлік кешуді мұрат еткен.
Аманжол ҚАСАБЕК,
философия ғылымдарының докторы, профессор, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ, «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығының жетекші ғылыми қызметкері
ТАЛДЫҚОРҒАН