Еуразиялық Топ ERG кәсіпорындары орналасқан моноқалаларда кешенді әлеуметтік зерттеулер жүргізген. Осы елді мекен тұрғындары арасында компания қызметкерлері жүргізілген сауалнама нәтижесі ерекше назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелерді айқындап берді. Осы әлеуметтік зерттеу негізінде республика Үкіметі бекіткен аймақтарды дамытудың үш жылдық бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын маңызды әлеуметтік жобалар әзірленіп, оларды жүзеге асыру жолдары ұсынылған. Олар республикалық және жергілікті бюджетпен қатар Eurasian Resources Group тарапынан да қаржыландырылмақ. Қол қойылған меморандум да осы әлеуметтік зерттеулер нәтижесі мен үшжылдық бағдарлама негізінде әзірленген.
Қалыптасқан дәстүрге сәйкес қаражат Қостанай облысындағы әлеуметтік маңызды жобаларға, аймақты әлеуметтік-экономикалық дамытуға, оның инфрақұрылымын салуға жұмсалады, әсіресе оларды Eurasian Resources Group-тің «Туған жер – Родные города» бағдарламасы аясында дамытуды көздейді. Былтырғыдай Меморандумға ERG кәсіпорындарының қызметкерлері ұсынған нысандар да енгізілген. Олардың қатарында Арқалық қаласында балалар ойын алаңдарын орнату, Лисаковск қалалық жағажайын абаттандыру сынды ERG инноваторларының ІІІ форумында жеңіске жеткен жобалар бар.
2019 жылы Топ кәсіпорындары орналасқан Қашар кенті мен Октябрь сияқты шағын елді мекендерге ерекше көңіл бөлінбек. Ауылішілік жолдар мен мәдениет үйлері жөнделіп, спорт алаңдары орнатылады.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың қазан айындағы Жолдауы мен «Нұр Отан» партиясының съезінде қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру кер ектігін баса айтты. Президент елдің тұруға жайлылығы – қолжетімді баспана, қауіпсіз аула, тұруға қолайлы әрі жайлы инфрақұрылым екенін ұдайы айтып келеді. ERG Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқан 25 жыл ішінде өз миссиясын бұлжытпай сақтап, тек компания қызметкерлері ғана емес, кәсіпорын орналасқан өңірлердің тұрғындарына да қамқорлық жасап келеді. Топ қаржыландырған әрбір жоба қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған» деді ERG директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
Қаражат Рудный қаласының жылу желілерін күрделі жөндеуге, сондай-ақ, қаладағы жолаушылар тасымалын жақсарту үшін 7 автобус сатып алуға жұмсалмақ.Лисаковск қалалық стадионы қайта қалпына келтіріліп, Қашар кентінің ауруханасына 2 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. Рудныйдың қалалық ауруханасын да жабдықтау көзделген. Осы қаладағы балабақшалар мен мектептердің шатырын жөндеу жоспарда бар.
ERG балаларға сапалы білім беру – инвестицияның ең озық тәсілі екенін ескере отырып, Рудный индустриалды институты мен Рудныйдағы Тау-кен технология, Құрылыс және көлік және Лисаковск қаласындағы техникалық колледждерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жобаларын да қаржыландырмақ.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай