Қазақстан • 11 Наурыз, 2019

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Ұлттық гвардияда көшпелі отырыс өткізді

926 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жедел мақсаттағы астаналық бригадасында (5573 әскери бөлім) көшпелі отырыс өткізді. Онда «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заңның іске асырылу барысы және Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қызметінің өзекті мәселелері талқыланды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Ұлттық гвардияда көшпелі отырыс өткізді

Көшпелі отырыс барысында Мәжіліс депутаттары Ұлттық ұлан туралы заңды іске асырудың, құқық тәртібі әскерлерін қаржыландырудың, әскери қызметшілерді әлеуметтік және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін көтерді.

Тақырып бойынша Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов баяндама жасады.

Депутаттар Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен елордада қоғамдық қауіпсіздікті және құқық тәртібін, әскери қызметшілердің өмір сүру және тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз ету үшін құрылған әскери бөлімнің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен, қару-жарақ пен байланыс құралдарының көрмесімен, сондай-ақ жедел бригаданың жеке құрамының және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағының киім-кешегімен танысты.

Мәжіліс депутаттары әскери қалашықтың инфрақұрылымы жеке құрамның жауынгерлік дайындығын жоғары деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Оған автомобиль паркі, тренажер және күрес залдары, спорттық ойын алаңдары мен заманауи мультимедиялық атыс тирі бар спорттық кешен кіреді. Сондай-ақ стадион, спорттық және оқу қалашықтары, 60 орынға есептелген лазарет бар.

Келісім шарт бойынша жұмыс істейтін офицерлер мен әскери қызметшілердің отбасыларымен ықшам өмір сүруі үшін абаттандырылған 104 пәтерлі тұрғын үй салынды. Іс-шара Қорғаныс, Қаржы, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері басшылықтарының, Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі командалық құрамы өкілдерінің қатысуымен өтті.