Қазақстан • 11 Наурыз, 2019

Атырауда әкімдер партаға отырды

958 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұнайлы аймақтағы екі қала мен жеті ауданның әкімі Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында өтіп жатқан семинарға қатысуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, семинарда түрлі деңгейдегі әкімдер бес күн бойы трансформациялық ойлаудың жаңа дағдыларын меңгеретін болады.

Атырауда әкімдер партаға отырды

Семинардың алғашқы сабағын аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев бастады. Облыс әкімі халықпен  өзара байланыстың тиімді технологиясын білудің және білім деңгейін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

- Жергілікті атқарушы органдардың алдында мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша жауапты міндеттер тұр. Барлық жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілуі тиіс, - деді Нұрлан Ноғаев. 

–Бүгінгі мемлекеттік қызметші білікті болып қана қоймай, халықтың сеніміне ие болуы тиіс. Көп ақпарат әлеуметтік желілер арқылы таралады. Бұл бағытта жұмыстанып жатырмыз. Telegram желісінде чат-канал ашылды, мобильді қосымша қаладағы проблемаларды шешуге ықпалын тигізуде, мемлекеттік органдардың басшылары әкімдіктің ресми парақшасы арқылы әлеуметтік желіде тікелей байланысқа шығады. Бұл адамдардың шағымдарына, өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жаңа технология мүмкіндіктерін пайдалана отырып, билік пен халық арасындағы байланысты жедел, тиімді ету бағытында жұмыстар жүруде.

Облыстағы барлық аудандық әкімдіктер халықпен байланыс орнату үшін Telegram әлеуметтік желісінен чат-канал ашты. Ол жерде кез келген тұрғын өзін мазалаған мәселе бойынша сауалын қалдыра алады және тиісті органдар тарапынан жедел жауап беріледі.

Мемлекеттік басқару академиясы Атырау филиалы басшысының міндетін атқарушы Жаннат Нұртілеуова: «Атырау қаласы мен аудандарының әкімдері 40 академиялық сағат бойы лекциялар мен стратегиялық сессияларды тыңдап, интерактивті сабақтарға қатысады» -дейді.

Бақытгүл БАБАШ,

«Egemen Qazaqstan».

Атырау