19 Сәуір, 2012

Үміткерлер саны азайды

291 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үміткерлер саны азайды

Бейсенбі, 19 сәуір 2012 7:43

Египеттің орталық сайлау комиссиясы алдағы өтетін президенттік сайлау додасынан «Мұсылман бауырлар» исламистік қозғалысының үміткері Хайрат аш-Шатырды, радикальды салафиттік бағытты насихаттаушы Хазем Салах Абу Исмаилды және Мүбарак билігі кезінде арнайы қызметтің басшысы болған Омар Сулейманды шығарып тастады.

 

Бейсенбі, 19 сәуір 2012 7:43

Египеттің орталық сайлау комиссиясы алдағы өтетін президенттік сайлау додасынан «Мұсылман бауырлар» исламистік қозғалысының үміткері Хайрат аш-Шатырды, радикальды салафиттік бағытты насихаттаушы Хазем Салах Абу Исмаилды және Мүбарак билігі кезінде арнайы қызметтің басшысы болған Омар Сулейманды шығарып тастады.

Бұдан басқа сайлау додасынан тағы 7 адам шеттетілді. Осылайша үстіміздегі жылдың 23-24 мамырына жоспарланып отырған президенттік сайлауға 23 саясаткердің 10-ы шығып қалды. Бірінші, не екінші орынды иеленуден үмітті Аш-Шатыр бес рет түрмеде отырған екен. Ал египеттік заңнамада соттал­ған адамның мемлекеттік лауазымды иемденуге құқы жоқ.

Еуроаймақ Жапония үшін де маңызды

Жапонияның қаржы министрі Дзюн Адзуми өз елінің Еуропадағы несиелік дағдарыстың кең етек жа­йып кетпеуімен күресу үшін Халық­ара­лық валюта қорына 60 миллиард доллар беретінін мәлім еткен. Бұл жөнінде NHK телеарнасы мәлім етті.

Қазіргі кезде Жапония еуроаймаққа жатпайтын G20 елдерінің арасында мұндай қадамға барған бірінші ел болып отыр. Адзумидің сөзіне қарағанда, ХВҚ несиелік қабілеттілігі Жапония мен Азия үшін ғана емес, сондай-ақ еуроаймақ елдері үшін де маңызды. Жапония өзге елдер де осындай қадамға барады деген үмітте екендіктерін жасырмады.

Венесуэла Иранға мұнай сатпайды

Венесуэла өткен жылдың соңы мен ағымдағы жыл­дың басында Сирия өтініші бойынша осы елге 600 мың баррел дизель отынын жөнелткені белгілі болып отыр. Егер тағы өтініш түссе, Венесуэланың мұнай министрі оны да қанағаттандыратындықтарын жеткізді.

Алайда министр Иранға мұнай жөнелтілмегендігін және ондай ойдың жоспарда да жоқтығын алға тартқан. Қазіргі кезде АҚШ және бірқатар Батыс елдері Иран бейбіт атом бағдарламасы аясында жасырын ядролық қару жасауда деп айыптап отырған жайы бар. Осы елге БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің төрт қарары қабылданған болатын.

Ауғанстан 2 миллиард доллар сұрады

Ауғанстан президенті Хамид Карзай үстіміздегі жыл­дың 17 сәуірінде егер АҚШ ел аумағын тастап шы­ғатын болса, онда осы елдің өкіметіне жыл сайын кем дегенде 2 миллиард доллар төлеуі тиіс деп мәлімдеген.

Елдің басшысы Кабулдағы университетте сөйлеген сөзін­де былай деді: «Олар ақша береміз дейді, бірақ көлемін айтпайды. Біз азға да келісеміз, бірақ та ол келісім-шартта көрі­ніс табуы тиіс». Кейбір конгрессмендер америкалық қаржы­ның Ауғанстанда қолды болып жатқанын айтады. Соған қарағанда, бұл мәселенің шешімі қиынға соққалы тұр.

Әйелі арқылы ықпал етуді ойлапты

БҰҰ жанындағы Германия мен Ұлыбритания өкілдерінің жұбай­лары Сирия президенті Башар Асадтың зайыбы Асмаға бейнеүндеу жолдап, онда «күйеуі мен оның жақтастарын тоқта­ту­ға» шақырыпты. Соғыста жүздеген бала мен 9 мыңға тарта ересек жандар көз жұмған.

Олар өз бейнеүндеулерінде «Кейбір әйелдерге өздерінің стилі, кейбірулерге өз халқына деген қамқорлық маңызды» деп мәлімдей отырып, Асма Асад пен қолына баласын ұстаған сириялық әйелдердің жағдайын көрсеткен кадрларды берген. Асма Фаваз аль-Ахрас Ұлыбританияда туып, ұзақ жылдар осын­да тұрған. Тек 2000 жылы Башар Асадқа тұрмысқа шығыпты.

Ұлтшылдар митинг өткізді

Украинаның «Свобода» ұлттық партиясы Запорожьеде Украина халықтық республикасы әскерінің 1918 жылдың сәуірінде қаланы «қызыл жаулап алушылардан» азат етуге арналған салтанатты митинг өткізді.

Партияның жергілікті бөлімшесінің басшысы Виталий Подлобников аталған шарада сөйлеген сөзінде Запорожьені жаудан азат ету Батыс пен Шығыс Украина бірігуінің мысалы болды дегенді баса айтқан. Ұлтшылдардың мәлімдеуінше, осы елдің әрбір өңірінен келген әскерилер «коммуно-московскую орду» деп атап кеткен жауларынан қаланы азат етіпті.

Гандидің заттары сатылды

Англияның Шропшир графтығын­да өткен аукционда Махатма Гандиге қас­тан­дық жасалған жерде оның қаны там­ған бір уыс топырақ пен шөптесін £10 мыңға, ал ол тағып жүрген атақты дома­лақ линзалы көзілдірігі £34 мыңға сатылыпты.

Махатма Ганди 1948 жылы 30 қаңтарда құлшылық етуге бару үшін үйінен шыққан кезде өлтірілгені белгілі. Гандиді ұстазым деп қабылдайтын қауым оның аяғына жығылмақ болған сәтті пайдаланған Натхурам Годзе деген адам оған қарай үш рет оқ атқан. Сол жерде Махатма мәңгілікке көз жұмған. Mullock’s аукциондық үйі өткізген саудада 100 мың коллекция сатылыпты.

Екі жақ та келісімге мүдделі

Атақты Apple және Samsung компанияларының басшылары өзара патенттік даулы мәселелерін шешу үшін кездесуге уағдаласты. Қазір бұл даулы мә­се­ле калифорниялық сотта қаралып жатқаны белгілі.

Екі компания да бір-біріне смартфондар мен планшетті компьютерлерде пайдаланылатын технологияларды ұрлады деген айыптар тағып, сотқа жүгінген-ді. Өткен жылдың желтоқсанында сот АҚШ аумағында Galaxy смартфондары мен Samsung планшеттерін сатуға тыйым салу туралы Apple компаниясының шағымын қанағаттандырмай тастаған.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.