«Түркістан қаласының тазалығын қамтамасыз ету мақсатында негізгі 72 көше бюджет қаражаты есебінен тазаланып келсе, биыл тазаланатын көшелер саны 122-ге көбейді. Қала тазалығын қамтамасыз етуге «Түркістан-Жарықтазалық» мекемесінен 164 адам, 36 техника жұмылдырылған. Көлік козғалысы және автокөлік жолдарын реттеу арқылы қала тазалығын қамтамасыз етуге толық мүмкіндігіміз бар. Бұл мақсатта 2019 жылы қаламыздағы 62 шақырым жол инфрақұрылымын дамыту үшін 5 көше күрделі, ал 27 көше орташа жөндеуден өтті. Қала аумағын көгалдандыру мақсатында 2018 жылдың күз айында көше бойларына 46 мың түп ағаш егілді», – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев Әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтардағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарымен таныстырды.
Баяндамаларды тыңдаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бірқатар тапсырмалар берді.
«Түркістан қаласының дамуын басты назарда ұстағанымыз жөн. Саябақтарды суландыру жүйесін жолға қойып, қаланың айналасын көгалдандыруды қолға алу қажет. Ескі каналды және жер асты суын пайдалану бойынша арнайы зерттеу жасап, бір апта көлемінде нақты ұсыныс беруді тапсырамын. Түркістанның жері жайлы, мұнда кез-келген ағаш жайқалып өседі. Сондықтан да, қаланы көркейту, тазалығын сақтау – біз үшін басты орында. Қала айналасындағы «жасыл белдеуді» ұлғайтып, ағаштардың жаңа түрін егуіміз керек. Салынатын нысандардың барлығы дерлік өзінің ортағасырлық келбетін сақтауы тиіс. Қала көшелерін кеңейтіп, жақсы, жаңа автобустар жүргізу қажет», – деді облыс басшысы.
Одан өзге, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов өңірдегі экономикалық көрсеткіштерге тоқталды.
«2019 жылы облыстың бюджет көлемі 561 млрд. теңгеге жетті. Бюджетте ағымдағы шығындар 473,9 млрд. теңгені, даму бюджеті 87,1 млрд. теңгені құрап отыр. Бюджет шығыстарының басым бөлігі мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде орындауға бағытталды. Бюджет көлемінде әлеуметтік салаға бағытталған шығыстар 310,6 млрд. теңгені немесе үлесі 55%-ды құрады. Даму бюджетінде негізгі басымдықтар апатты және үш аусымды, ыңғайластырылған мектептер, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы, ауыз су, табиғи газ және сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету болып табылады», – деді басқарма басшысы.
Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі кешенді жоспарды қайта жасауды тапсырып, бюджет жоспарлауға қатысты сын-ескертпелер жасады.
«Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын көздейтін кешенді және бюджеттік жоспарларда Түркістан басымдықта болуы тиіс. Облыс орталығы барлық жағынан өзінің статусына сай дамуы керек. Дегенмен бюджеттің кіріс бөлігін салықтық түсімдер арқылы көбейту мүлде көңіл көншітпейді. Бұл бойынша жеке жұмыс жүргізетін боламыз. Ал жол жөндеуге милллиардтаған ақша бөлінген. Жөнделген жолдың сапасы сын көтермейді. Бюджет қаражатын шашпай үнемдеп тиянақты жұмсауды үйрену керек. Нақты жөнделген жолдардың тізімі жасалсын. Түркістан қаласында медициналық орталықтар аз, оларды көбейту қажет. Бұл мәселелердің барлығын нақты жоспармен шешу қажет», – деді Өмірзақ Естайұлы.