12 Наурыз, 2019

Шенеуніктер неге «комфорт-аумақтан» шыққысы келмейді?

1407 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоғамда шенеуніктердің бұқара халықпен жұмыс істеуіне қатысты сын көп айтылатыны жасырын емес. Әсіресе, басшылықтағы мемлекеттік қызметкердің ортақ іске емес, жеке жағдайына көбірек көңіл бөлуі тұрғындардың түсінбеушілігі мен ашу-ызасын да туғызатыны сөзсіз.  

Шенеуніктер неге «комфорт-аумақтан» шыққысы келмейді?

Сол келеңсіздіктің қатарында шенеу­ніктердің жұмыс кабинетін жасақтауға қатысты уәж бар. Және ол негізсіз емес екен. Жақында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті аймақтағы мемлекеттік мекемелерге арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрс­е­тілетін орындарға қатысты бір­талай жайт анықталды. Мәселен, ақ жағалылардың дені атшаптырым кабинеттерде отыруды ұнатады екен. Жайлы кабинеттегі жұмсақ жиһаз бен жағымды атмосфера бұл жерге алғаш келген адамды мемлекет адамының қызмет ор­ны емес, жеке кәсіп иесінің демалыс бөл­месіне кіргендей әсерге бөлейді. Қыз­меттік тексеру аймақтағы сегіз жүз­­ден астам мемлекеттік мекемелерді қам­тыған. Нәтижесінде қызметтік ғи­мараттарды пайдалануға қатысты заң бұ­зушылық орын алғаны анықталып, 50 000 шаршы метр аумақ тиімсіз қол­даныста болғаны дәлелденді. 

– Мемлекеттік мекемелердегі пайдаланылатын аумақ заңда белгілен­ген талапқа сай болуы тиіс. Олай бол­ма­ғанда қазына қаржысына артық шы­ғын әкеледі. Мысалы, Талдықорған қа­ласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы осыған дейін жалпы алаңы 206 шаршы метр ғимаратты жалға алып, оған әр жыл сайын 7 млн 380 мың теңге ақы төлеп отырған, – дейді Мем­лекеттік қызмет істері жә­не сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттік қыз­мет­тер басқармасының басшысы Жеңіс Ан­дабеков.

Тексеруден кейін бұл мекеме Тал­­ды­қорған қаласының жұмыспен қам­ту және әлеуметтік бағдарламалар бө­лімінің ғимаратына көшіп, жалға бе­рілетін қаражат үнемделді. Ал Текелі қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі де жекеменшік ғимараттан кеңсе жалдап, айына 100 мың теңге, жылына 1 млн 200 мың теңгені орынсыз жұмсаған.

Айтпақшы, осындай қолайлы аумақт­а ұзақ жыл отырып, басшылық ету­ге бейіл жандар білім саласында да жетіп-арты­лады екен. Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аймақтағы мек­теп ди­рек­торларының жұмыс каби­неттеріне де мони­торинг жүргізген екен. Нәтижесінде кейбір мектеп басшы­лары кабинеттерінің аума­ғы атшаптырым екендігі анықталды. Яғни, бұл бөлмелер де білім мекемесінде тиімсіз пайдаланылатын алаң қатарына жатқызылған. 

– Бүгінде мемлекеттік қызметшілер мен ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының алдында өз жұмыс стилін қайта қарастырып, мемлекет пен қо­ғам арасындағы алшақтықты жою мін­­деті тұр. Осыған орай, облыстағы білім мекемелеріне арнайы мониторинг жасадық. Нәтижесінде 740 мектеп дирек­торының кабинетін зерделеді. Жал­пы облыс бойынша аудан, қала­лардағы мектеп директорларының кабинеттерінен жалпы көлемі 1500 шаршы метр, нормадан асып тұр. Аумағы атшаптырым, көлемі заңда бел­гіленген талаптан артық 174 кабинет анық­талды, – деді бізге департаменттің Мем­лекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ж.Андабеков.

Ал Мемлекеттік қызмет істері және сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша де­партаменті өз тарапынан жоғарыдағы мек­теп басшыларына регламентке сәй­кес жұмыс кабинетіне орналасуды мін­дет­теген. 

Жалпы, мемлекеттік қызметкер­лер­дің бюджет қаржысы есебінен үлкен кеңсе жалдап, «комфорт аумақтарда» жұмыс істеуге деген құмарлығы заң­ аясында шектелуі тиіс. Сонда бұл­ ке­леңсіз үрдістің жолы кесіліп, бас­шы­­лардың да елге бет бұруына жол ашылмақ. Бұл әдеттен бас тартудың тәсілі де жет­кілікті көрінеді. Соның бі­рі, қазір қолданысқа кеңінен енгізіліп жат­­қан Open space жобасында қызмет көр­сету үлгісі шенеуніктерді бұқара халық­пен жақындатып, еркін қалыпта жұмыс істеуге бейімдеуде. Алматы облысындағы Үштөбе қаласының әкім­дігі осы жоба бо­йын­­ша қызмет көрсетуді бастаған еді. 

Үштөбедегі «Сервистік әкімдіктің» та­ғы бір ерекшелігі, бұл жерде әдет­те­гідей кілем төселген дәліз бойына қаз­дай тізілген емен есікті кабинеттер жоқ. Есе­сіне, ұядай ғана ғимаратқа қа­жетті қыз­меттің 41 түрін ұсынатын Үш­төбе қа­ласы әкімінің аппараты, білім беру, сәу­лет және қала құрылысы, жер қа­ты­настары, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімдері, Қа­ратал ауданы әкімдігінің Жұмыспен қам­ту орталығы сияқты нағыз жұрт жиі із­дей­тін ресми органдардың жұмысына тұр­ғындар дән риза. 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы