Аймақтар • 12 Наурыз, 2019

Мақсаты биік «Маревен фуд»

1271 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Алматы облысы аумағында трансұлттық компаниялар­дың қатысуымен 9 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның екеуі былтыр іске қосылды. Іле ауданында Германияның «Wilo» компаниясының сорғы насостарын шығаратын зауыты жұмыс істесе, Қапшағай қаласында «Маревен фуд» зауыты тез дайындалатын кеспе өнімдерін нарыққа шығарып жатыр. Біз осы зауыт туралы айтпақпыз.

Мақсаты биік «Маревен фуд»

– Жаңа зауыт жылына 417 млн данаға дейін жылдам дайындалатын кеспе өнімдерін шығарады. Бұл «Қазақстанда жасалған» белгісімен ішкі және сыртқы нарыққа шы­ғары­ла­тын өнім түрі. Қазір отандық нарық­қа 50 пайызға, сыртқы нарыққа 50 па­йызға өнім шығарады. Бүгінде Қап­ша­ғайда жасалған дайын кеспе Қазақ­станның  барлық аймағынан бөлек, Орталық Азия елдеріне, Қытай, Иран, Ауғанстан, Моңғолия мемлекеттеріне  экспортталуда, – дейді «Маревен фуд» зауытының атқарушы директоры Александр Вязников.

«Маревен фуд Тянь-Шань» – әлем­ге танымал брендтің бірі. Оның өні­мін дүние жүзінің көптеген елі тұты­нады. Қапшағайдағы зауыт ком­­панияның «Роллтон» және «Big Bon» сауда белгісі бойынша  да­йын өнімін шығарады. Зауытта 370 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмыскерлер саны 523 адамға жетпек. Компания өндіріс ерекшелігіне орай, жергілікті жұмысшылар­ды қайта даяр­лаудан өткізіп, жаңа технология­ны меңгерген бесаспап маман етіп шығарған.

Алматы облысы әкімдігі мен тран­с­­­ұлттық компания арасындағы әріп­­тестік аясында ашылған зауыт­қа 15,4 млрд теңге шетел инвес­ти­ция­сы тартылған екен. Қазір қап­тама­сында «Маревен Фуд» зауытын­да, Қазақстанда өндірілген» деген анықтама жазуы бар «Роллтон» кеспесі мен «Үй Роллтоны» тұздығын Алматы облысы ғана емес, Алматы қаласының тұрғындары да тұтынып отыр.  

Айтпақшы, облыста бүгінде жалпы сомасы 1,3 трлн теңге болатын 50 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның 32-сі тікелей  шетелдік компаниялардың қатысуымен жүзе­ге асады. Жетісу жерінде «Маревен фуд» брендінен бөлек, әлемге әйгілі «Кока-кола», «Фуд мастер», «Да­нон», «Эфес», «Джи Ти Ай», «Ти­ку­ри­л­ла» сияқты жиырмадан астам транс­ұлттық компания жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы облыста «Кәсіпкерлікті қолдау» картасы бойынша 575 адамды жұмыс орнымен қамтыған 3 ірі өндіріс іске қосылғанын да айта кетейік. Со­ның бірі біз сөз еткен Қап­шағай қала­сы аума­­ғын­­д­ағы азық-түлік шыға­ра­тын «Ма­ре­вен фуд Тянь-Шань» зауы­т­ы бол­са, одан бөлек тағы екі өнді­ріс жұ­мыс істеп тұр. Мысал­ы, Тал­ғар ауда­нын­дағы лифт шыға­ратын және лифт жабдық­тарын жаңғыр­ту қыз­мет­терін көрсете­тін «LGS Kazakhstan elevator group» ком­па­ния­сының өндірістік цехы және Қаратал ауданында керамзит шығаратын «As-Biba» құрылыс зауыты сұранысқа ие өнім шығаруды көздейді. Өндірістерді іске қосу мақ­сатында жалпы құны 15,8 млрд теңге қаражат игерілген.

– Қапшағай қаласының маңында ашылған «Маревен фуд Тянь-Шань» зауыты облыс экономикасы­на ғана емес, еліміздің нарығына ең­бек етеді. 370 адамды жұмыспен қам­тыды. Өнім­ді экспорттауға кірісті. Мақ­саты биік деп айтуға болады. Бұл бағыт­­тағы жұмысты жалғастырамыз. Биыл экспортқа бағытталған үш ірі кәсіп­­орынды іске қосу жоспарланып отыр. Іле ауданында ресейлік «Лукойл» ком­паниясының майлау мате­риал­дарын өндіретін, қуаты 21 мың тонналық зауыты жұмыс істей­тін болады. Соның нәтижесінде 27 млрд теңге инвестиция тартылып, 200 жұ­мыс орны құрылады, – дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы