Жиынды ашқан Ж.Түймебаев: «Биыл Ғылыми-сарапшылық кеңестің 10 жылдығы. Бірге жұмыс істеп келе жатқан ғалымдар мен сарапшыларды, кеңес мүшелерін мерейтоймен құттықтаймын! Қоғамдағы әрдайым өзгеріп отыратын мәселелерге қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Елбасы ұлтаралық қатынастарға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұдан бөлек, өңірлік белсенділікті арттыру, әлеуметтік-экономикалық мәселелер назардан тыс қалмайды», деді.
Шара барысында баяндама жасаған кеңес төрайымы Айгүл Сәдуақасова кеңестің қызметі мен жоспарларына тоқталды. Оның айтуынша, бірнеше бағытта жұмыс істейтін және Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған кеңес құрамында 52 ғалым, оның ішінде 31 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, зерттеу институттарының басшылары мен қоғам қайраткерлері бар. «Кеңес қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласында қабылданатын шешімдерді сараптамамен қамтамасыз ету, олардың жай-күйі мен қалыптасып отырған үрдістерді тереңдете зерделеу, одан әрі дамытудың ғылыми негізделген болжамдарын тұжырымдау жөніндегі міндеттерді орындайды», деді.
Ал ҚХА кафедралары қауымдастығының төрағасы, профессор Анатолий Башмаков кафедралар қызметі туралы әңгімелеп берді. Аталған лауазымымен бірге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚХА кафедрасының меңгерушісі болып қызмет ететін А.Башмаков сол жоғары оқу орнындағы барлық кафедраларда Президенттің бастамаларына сәйкес, «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» курстарының, түрлі лекция мен семинарлар тұрақты өтіп отырғанын айтты. «Бұл қауымдастықтың алғашқы, яғни білім беру міндетіне жатады. Екінші міндеті – саяси. Бұл бағытта шетелдерден келетін мамандармен тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық конференциялар мен практикумдар ұйымдастырылды. Ал үшінші, ғылыми бағытта этностар құрамы анықталған зерттеу жүргізілді. Мәселен, елімізде 40 мыңға жуық поляктар бар. Соған сай жұмыстар жүзеге асырылады», деді.
Ұлттық экономика министрлігі «Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Шахарбану Жақыпова институт аясында атқарылған істерді баяндады. Ол Экономикалық зерттеулер институтының басым бағыты халықтың демографиялық хал-жағдайын жан-жақты зерделеуге арналғанын тілге тиек етті. Маманның мәліметінше, халықтың ұзақ мерзімді демографиялық жай-күйіне болжам жасалған. Бұл болжам демографияны дамытуға бағытталған мақсат-міндеттерді айқындауға септігін тигізеді.
Ал Еуразия ұлттық университетінің профессоры Наталья Калашникова кеңестің өзекті жобаларын баян етті. Оның ішінде 10 жылдан бері жемісті жүзеге асырылып келе жатқан «Тарихи тағылым – өткенге тағзым» атты жобасын айрықша атап өтті. Ассамблея бастамасымен қолға алынған бұл халықаралық жоба сонау 1920-1930 жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандар мен әр қиырға жер аударылғандардың ұрпақтарын осы бағытта ізденіп жүрген ғалымдар мен шетелдік сарапшылармен кездестіріп, тарихқа тереңдеп, ата-бабаларының ізін табуға, өмір жолын зерделеуге мүмкіндік береді.
Талқылауды қорытындылаған Ж.Түймебаев кеңестің 2019 жылға арналған іс-шараларының тізбесін жасауды тапсырып, кеңес мүшелерін қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік моделін ілгерілетуде, жұртшылықты этносаралық өзара қатынастар саласындағы әлеуметтік зерттеулердің, талдамалық әзірлемелердің нәтижелері туралы хабардар етуде белсенді болуға шақырды.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»