Аймақтар • 12 Наурыз, 2019

Тиянақтылық пен тиімділікті талап етеді

1072 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы 20 жылда еліміздің экономикасы өсті. Халқымыздың әл-ауқаты артты. Миллиондаған шаршы тұрғын үй, мыңдаған мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысаны салынды. Осының бәрі Елбасымыз Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. Әрине, экономикадағы ауқымды жетістіктер әрбір қоғам мүшесінің әл-ауқаты мен тұрмыс дәрежесінің артуына әкелуі тиіс.

Тиянақтылық пен тиімділікті талап етеді

Алайда, осындай жетістіктерге қара­мас­тан, қоғамның әлеуметтік дамуын­да елеулі кемшіліктер мен теңсіздік­тер орын алуда. Байлар мен кедейлер ара­­сын­дағы алшақтық ұлғайып, әл-ауқаты төмен және көп балалы отба­сы­лар­­дың жағдайлары қиындап, қоғам­дағы атмосфера шиеленісе түсуде. Ел­ба­­сы­мыз Н.Назарбаев осы және тағы басқа бір­қатар мәселенің уақтылы шешімін тап­пай, созылуына байланыс­ты Үкіметті отс­тавкаға жіберіп, жаңа Үкімет алдына осы проблемаларды тез арада шешу міндетін қойды. Елбасы жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін Ұлттық қор мен бюджеттен орасан зор көлемде қаржы бөліп, оны қандай мақсаттарға қалай жұмсау керектігін айқындап берді.

Бүгінде елімізде толық шешімін таппай жатқан ең өзекті мәселелер: жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың жағ­дайын жақсарту; оларды баспанамен қам­тамасыз ету; балалар жәрдемақысы мен жалақысы төмен азаматтардың ең­бек­ақысын көтеру; елдегі, әсіресе өңір­лер­дегі, ауылдық жерлердегі әлеумет­тік инф­ра­­құрылымды жаңғырту, жолдар салу, ауыз сумен, газбен қамтама­сыз ету. Бұл 3 бағыттағы мәселе бір-бірі­мен тығыз бай­ланысты. Елбасымыз Н.Назарбаевтың тап­сырмасына сәйкес, 2019 жылдың 1 шіл­десінен бастап, жалақысы төмен азамат­тарды қолдау мақсатында, бюджет са­ла­сында жұмыс істейтін азаматтардың еңбек­ақысы 30 па­йызға көтерілетін бол­ды. Еліміздегі 540 мың 4 және одан көп баласы бар от­ба­сы­лардың табыстары­на қарай, жағ­дайы төмен көп балалы отбасындағы әр балаға ай сайын 20789 теңге, яғни ең төменгі күнкөріс көрсеткішінің 70 пайызы көлемінде жәрдемақы төленетін болды. Табысы төмен, көп балалы отбасыларды көбірек қамту үшін, көмек көрсету өлшемдерінің ең төменгі күнкөріс шегі 70 пайызға дейін көтеріледі. Егер, бұ­рын­ғы көмек көрсету көлемі ең төменгі күн­көріс деңгейінің 50 пайызын құрап, 14879 теңге болса, енді бұл көрсеткіш 70 па­йызды яғни, 20789 теңгені құрайды.

Мемлекет басшысы атқарушы билік­ке жағдайы төмен көп балалы отбасы­лардың жиынтық табысын есептегенде, көп балалы отбасыларға бұрыннан бері­ліп келе жатқан мемлекеттік жәрдем­ақы, мүгедек балалар үшін беріле­тін жәр­демақы, стипендия сияқты жәрдем­ақыларды есепке алмау керектігін, әлеуметтік көмек алуды сөзбұйдаға салмай, оның ашықтығын, жариялылығын қам­тамасыз етіп, барынша жеңілдету керектігін қатаң ескертті. 

Бұл – өте ма­ңыз­ды мәселе. Үкімет, жергілікті атқару­шы органдар жұмыс барысында осы жайт­қа ерекше назар аударуы қажет. Ай­тыл­ған мәселелер тиянақты орындалса, 2019 жылы елімізде 830 мың адам, оның ішінде 550 мың бала әлеуметтік көмекпен қамтылады. Сонымен бірге 100 мыңнан астам адамды қамтитын, мү­гедек балалар асырап отырған ата-ана­ларға, отбасыларға жәрдемақы 30 па­йызға көтеріледі. Бұл шараларға 2019-2021 жылдары қосымша 300 млрд теңге бөлу тапсырылды.

Айта кететін бір жайт, масылдыққа жол бермеу үшін әлеуметтік көмек бері­летін отбасылардың еңбекке жарамды мүшелері міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Бұл үшін көп балалы отбасыларға үйде отырып жұмыс істеуге жағдай жасау, ал ауылдағы көп балалы отбасыларға арнайы гранттар мен шағын несиелердің квоталарын бөліп, олардың мал өсіріп, егін салып, шағын бизнестің басқа бағыттарымен шұғылданып табыстарын көбейтуге, балаларын еңбекке баулуға жағдай жасау керек. Көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге 40 мың арендалық тұрғын үй салу үшін жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетін болды. Бұл тұрғын үйлер көп балалы отбасыларға жалға төлейтін қаржыларының есебінен жеке меншікке сатып алу құқығымен берілсе құба-құп болар еді. Табысы төмен көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала­лары бар отбасыларға бас­пана алу­дың қолжетімділігін арттыру үшін «Тұр­ғынүйқұрылысжинақбанкі» арқы­лы жылына 2-3 пайызбен тұрғын үй несие­лерін беру шешілетін болды.

Елбасы өз сөзінде өңірлерді дамыту мә­се­­­­лесіне де тоқталды. Бүгінде өңір­лер­­­­­де, ауылд­ық жерлерде халықтың жағ­­­­­­дайы әр­түрлі. Бір өңірлерде тұрғын­дар­­ға тиіс­­ті жағдай жасалған. Ауыз су мен га­з­бен қам­тамасыз етілген, мектеп пен ден­­­сау­лық сақтау ұйымдары жұмыс іс­­­тей­ді, елді мекендер арасында тас жол қа­­ты­­нас­­тары бар. Ал басқа өңірлерде кері­сінше ауыз су да, жол да, газ да жоқ. Бұл енді сол өңір басшыларының іскер­лі­гі­­не байланысты. Әйтпесе, бағдар­ла­ма бар, қаржы бар, бірақ нақты нәти­же­­лер аз, ат­қа­рылып жатқан жұ­мыс­тың тиім­ді­лі­гі, тұрғындардың өмір сүру дең­гейі тө­мен. Елбасы осы мәсе­ле­ле­р­­ді шешу мақ­сатында «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» жобаларын қол­­ға алып, халық тұтынатын тауар­лар, ауыл­шаруашылық өнімдерін өң­деу, құрылыс материалдарын шығару кәсіп­орындарын салып, шағын бизнесті да­мы­тып жұмыссыздықты барын­ша азайту, елді мекендер арасында са­­па­­­лы жолдар, ауыз су, кәріз, газ жүйе­­ле­­рін салуды қолға алуды тапсырды. Осы Ел­ба­сы қойған мақсаттарды 3 жылда орын­­­дау үшін 3 трлн теңгеден артық қар­­­жы бөлініп отыр. Халқымыздың әл-ауқа­т­ы мен тұрмысын, өмір сүру сапа­сын жақ­сартуға бағытталған бұрын-соң­­ды мұн­дай қамқорлық болған емес. Бү­гін­де, Елбасы тарапынан жаса­лып жат­қан қам­қор­лықты естіген қарапайым халық­тың қуа­ны­шында шек жоқ. Олар әр­бір отба­сын­да, кездесулер мен жиын­дар­да, әлеу­­мет­тік желілерде, мешіт­тер­де Елба­сы­­мыз Н.Ә.Назарбаевқа риза­шы­лығын білдіруде.

Алға қойылған орасан зор міндетті орындауға бөлінген 3 жыл көп мерзім емес. Әне-міне дегенше зу етіп өте шығады. Мақсат қойылды, бағдарлама бар, қаржы бөлінді. Ендігі мәселе Үкіметтен бастап барлық деңгейдегі әкімдер, әлеуметтік сала­ның қызметкерлері «көмектер на­ғыз мұқтаж адамдарға жетуі керек» де­ген Елбасының тапсырмасын бұл­жыт­­пай орындауга білек сыбана, үл­кен жауап­кершілікпен кірісулері керек. Үкі­меттің құрамына тәжірибелі, білікті кадр­лардың келуі, тапсырманы орындаудағы Үкіметтің алғашқы қадамдары көңілге сенім ұялатады.

Елбасы съезде сөйлеген сөзінде Үкі­мет мүшелері мен әкімдердің халық ал­дын­дағы есептері соңғы кездері форма­лизмге айналып бара жатқанын, олар­дың тұрғындармен жиі кездесіп, көкей­кесті мәселелерін тыңдап, оны ше­шіп отырулары керек екенін қа­дап айт­ты. Ең алдымен, халыққа жаса­лып жа­т­қан қамқорлықты әрбір қазақ­стан­дық­қа толық түсіндіру керек. Бұл мақ­сат­т­ың ой­дағыдай орындалуы үшін, әр­қай­сы­сымыз қайда жұмыс істесек те, өз мін­д­ет­тері­мізді толық атқарып, үлес қосуға тиіспіз. 

Осы кезекте Үкімет назар аударатын үлкен мәселе, бұл тарифтердің және азық-түлік өнімдері мен халық тұ­­ты­­натын тауарлардың бағасының қым­­бат­­­тауына жол бермеу. Халықтың та­быс­­тарының өсуі сұранысты арттырады, Үкі­меттің, жергілікті атқарушы орган­дар­дың міндеттері сұранысқа сәй­кес тиісті ұсыныстардың болуын қам­тама­сыз ету, арадағы делдалдарды барынша азай­ту. Әйтпесе, баға қымбаттап, инфля­ция­ға жол ашылып, атқарылып жатқан шаралардың тиімділігі төмендеуі мүмкін. Тағы бір мәселе, еліміздегі қол­даныстағы ең төменгі күнкөріс көлемі мен ең төменгі жалақы көлемін қайта қа­райтын уақыт жетті. Бүгінгі таңда ең төменгі жал­ақы 29690 теңгені құрайды. Бұл сом­а еліміздегі қазіргі қалыптасқан эко­номикалық жағ­дай мен халқымыздың әл-ауқатының көр­сеткіші бола алмайды.

Халықтың әл-ауқатын арттыруға, өмір сапасын жақсартуға бөлінген қар­жыны әрбір отбасына, нақты адамға жет­кізуді қамтамасыз ету Үкіметке, жер­гі­лікті атқарушы органдарға үлкен жауап­кершілікті, тиянақты, тиімді жұмыс істеу­ді талап етеді. Бұл билік үшін үлкен сын.

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

экономика ғылымдарының докторыәл