Жас кезімнен қалыптасқан әдетім – кітап оқу. Бұл менің мамандығыма да сәйкес келеді. Біздің уақытымызда жақсы кітапты (мағынасына қарай айтып отырмын) іздеп жүріп, иесінен қиылып сұрап алып оқитынбыз. Онда да берсе, кейде бермей де қояды ғой. Жасыратыны жоқ, ондайда кітаптың иесіне (авторына емес – С.Оразбай) азын-аулақ азық-түлік (ет, картоп сияқты) беретін де кезіміз кездеседі. Өстіп өскен қазақпыз. Әдебиетке құштарлығымызды осыдан-ақ біле беруге болады.
Мен бұрыннан Қали Сәрсенбайдың кітаптарын ұнатып, қызығып оқып жүрген оқырманымын. Өнер адамдары туралы тұрақты қалам тербеп, өндіріп жазып жүрген осы саланың бірден-бір жанашыры әрі жоқтаушысы. Жаны күйіп жазады. Жүрегімен тебіреніп айтады әңгімені. Өнер тарландары мен қоғам тұлғаларының өмірін, тағдырын, мәселесін қаузайды. Бүгінгі әңгіме арқауы болып отырған «Шал мен шындық» ұзақ жылдан бері өзі қалам тербеп жүрген тақырыпты бір ізге түсіріп жүйелеген, жетілдірген, заманға сай соны оймен толықтырған жаңа ізденістің нәтижесі іспетті.
«Түсіме жылан кіріп жүр» деген толғамында былайша ой қозғайды.
«Құдайдың құдіреті, кейінгі кезде түсіме жылан жиі кіріп жүр. Қазақ әдетте жыланды киелі нәрсеге балап жатады ғой. Ал мынау баяғы Сәбең айтатын «жесең тоймайтын, тойсаң да сұрап қоймайтын» ұзындығы екі-үш метр жылан емес, кеспірі жаман-ақ, бір тұтам нәрсе. Өзімді жыланның жағындағы шөпті алатын адамға ұқсатушы едім, мына пәлені ұстап алып, уысымда-ақ өлтіре салайын десем, судағы балықтай ұстатпайды.
Бірде мойныңа алқызыл галстук секілді орала кетеді де біртіндеп қылқындыра бастайды. Бірде аузыңнан шығады, бірде артыңнан шығады, бірде қолтығыңнан шығады, бірде ішіп отырған тамағыңнан шығады, енді бірде арқаңды құмырсқаша жыбырлатады, бірде шаққысы келеді, бірде жолыңнан қаққысы келеді, бірде арбайды, бірде қарғайды, әйтеуір саған әбден жаққысы келеді, қысқасы сенімен құшақтасып жатқысы келеді.
Бір ғажабы, о заман да, бұ заман, жыланның күлгенін, күлімсірегенін кім көрген? Ал мына жыланның күлімсірегені біртүрлі қасіреттей көрініп, әбден жүйкеме тиіп, жанымды қоярға жер таппаған соң, оның үстіне ныспысын да жете біле алмай жүдә басым қатқан соң, ырымшыл қазақ емеспіз бе, түс жорушыға барайын. Ол кісі екі көзін тарс жұмып алып, біраз теңселіп отырды да:
– Е, байғұс балам, менің айтар екі тілегімді тыңдасаң, шақшадай басың шарадай болатын түгі де жоқ. Саясатпен айналыспағаның жөн болар еді, одан да ел аралап саяхатпен айналыс. Бұл – бірінші тілегім. Екінші тілегім: теледидар көрмегенің дұрыс, – деді.
Түс жорушы шынында ақылды адам екен. Мен саясатпен айналыспауға, теледидар көрмеуге тарс бекіндім, содан бері ұйқым тыныш. Ал сіздер ше? Түстеріңізге жылан кіріп жүрген жоқ па?».
Шынында да бар «пәле» осы теледидардан келіп отырған сияқты. Қызыл-жасыл, у-шу бірдеңе. Түгіне түсінбейсің. Музыкасы шетелдікі, сөзі қазақтікі дей ме, әйтеуір бір қойыртпақ. Қазіргі жастар (бәрі емес, әрине) әнді ырғақпен, әуенмен емес, ұлып айтатын болды. Не айтып тұрғанын өздері де білмейтін болса керек.
«Дәстүр сақталмаған жерге жын-шайтан үйір» деп ашынады автор.
«Бір тойда отырмыз. Ортаға үлкендігі үйдей жерді алатын торт алып келді. Тортты айнала қаптатып балауыз жағып қойыпты. Бір уақытта жұрт жабылып жүріп жанып тұрған шырақты өшірді. Үрлеп жүріп, өз отын өзі өшірді. Ырымға жақсы ма? Жақсы емес. Бұл қазақтардың «өз отыңды өшірме» деп кеткен Оралханды оқымағаны өз алдына, еуропалық дәстүрде той өткізуге бет бұруы біраздан бері қалыптасып келе жатқан жағдай...
Қазіргі өзіміз көп баратын үйлену тойларында дәстүрдің қарапайым деген түрлерінің өзі сақтала бермейді. Көзіміз үйренген көрініс – қаптаған тамада, әртіс жалдау, бірін-бірі жата келіп мақтау, қысқасы, қып-қызыл бәсеке. Тойдан тобықтай тағылым түйе алмай, түңіліп қайтасың. Дәстүр сақталмаған жерге жын-шайтан үйір. Дәстүр қандай болады, қалай дамиды, қалай жаңғырады, ұрпақтан-ұрпаққа қалай жалғасады?..».
Авторды алаңдататын осы сұрақтар. Дегенмен әрі қарай дәстүрімізді жалғастырып, жаңғыртып отырған жұртшылықтың да бар екені айтылып, оған нақты мысал келтіріліп, енді осы игілікті жаңалық еуропашыл қазақтарға да жұғысты болуын сөз етеді.
«...Осы күндері, шынымды айтайын, Ресейдің теледидарын көріп жаным қалды. Задорнов, Петросян, Галкиндер қандай?! Задорнов айтады: «Ресей жойылып кетсе де, жемқорлық, мафия жойылмайды. Егер жемқорлық, мафия басқа жерге көшіп кетсе, сол жерден Ресей басталады», дейді.
Міне, сахнадағы шындық қалай айтылады? Сатира тек күлдіру емес, күрсіндіру де ғой.
Біздегідей «Мафия жойылсын!» деп бәрімізге атам заманнан таныс көріністі қайталап, қайтадан арзан, салмақсыз күлкіге айналатын адамнан қандай әсер алдыңыз? Біздің Үмбетбай Уайдаұлы, Көпен Әмірбектер қайда? Осылар Задорновтан асып кетпесе, кем түспейді. Әлде көрсеткісі келмей ме, айтқызбай ма?..».
Жазушының «Орта бойлы, орта ойлы көрермен» деген толғамынан үзінді бұл. Шындық бетке ұрып тұрған жоқ па? Қазіргі біздің сахналық әзілдерде түйін, тұжырым жоқ. Көрерменге не айтып, олардан не талап етіп отырғанын түсінбейсің. Тақырып аясы тар, отбасы, ошақ қасынан әрі аспайды. Шынтуайтына келгенде әзіл-оспақтан гөрі оспадарсыз көшенің әңгімесіне немесе желөкпе жеңгейлердің өсегіне ұқсайды.
Кітаптан ойып орын алған «Партиялар алдымен Абайды оқысын», «Шал мен шенеунік», «Саяси күреске емес, рухани күреске тоймасақ керек еді», «Түлен түрткендер мен түнде көлеңке іздейтіндер», «Досы жоқ заман», «Тұлға топқа емес, ұлтқа қызмет етеді», «Коррупцияның күретамырын тіліп жіберетін бір өткір алмас керек» деген ойтолғам тақырыптары еріксіз елең еткізеді. Тың, батыл тақырыптар. Бүгінгі заманның үнін, қоғамның тынысын, онда өмір сүріп жатқан жаңа уақыт адамдарының бейнесін бұлжытпай, сол қалпында көрсететін дүниелер екені даусыз.
«Тұлғатану» бөлімінде Қазақ елінің бүгіні мен келешегі үшін қызмет жасаған, ұлттың рухани байлығын сақтап қалу жолында аянбай күрескен өнер мен мәдениет және қоғам қайраткерлері туралы тереңнен қозғалып айтылады. Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов, Өзбекәлі Жәнібеков, Зейнолла Қабдолов, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Асанәлі Әшімов, Ғазиза Жұбанова, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек, Оспанхан Әубәкіров, Әзірбайжан Мәмбетов және басқа да қазақтың өнер мен мемлекет қайраткерлерінің әрқайсысы кемі бір-екі кітапқа арқау болатын тұлғалар. Автор ұзын арқау, кең тұсауға салмай, қысқа да нұсқа етіп жазып, сол шағын жазбасының өзімен тау тұлғалардың мінезін, қайраткерлігін, отансүйгіштік қасиетін шынайы жеткізе білген. Мұны Қалидың шеберлігі десек те болады.
Қали қоғамның тынысын, әлеуметтік болмысты тамыршыдай дөп басып сезінетін сергек, сирек қаламгер. Ол қоғамның, егемен елінің бірден-бір жанашыры. Сол себепті келеңсіздіктерге төзбейді, барынша әшкерелейді. Қалидың пайымды пікірі кім-кімді де бейжай қалдырмайды, қайта намысыңды жанып, құлшынысыңды күшейтеді.
«Шал мен шындық» деген шағын толғамына назар аударайық (ықшамдалып алынды). «Қазақ елі тәуелсіздік алған күннен басталған саяси кеңістіктегі тартыстарды он шақты вагонға тиесеңіз, оны тұтас составтар да тарта алмай, салмағынан қара жер қайысар еді. Сол тартыстардың бәрін жүрегіне жиып, қайыспай жүрген бір қарапайым адам бар. Бұл кісіде атақ та жоқ, байлық та жоқ. Бұл кісіде өзгеде жоқ намыс бар. Кейбіреулердің ойы да, көзқарасы да өзгеріп тұрады, тіпті керек болса намыстың өзін кейде аяқасты ететін жағдайы болады. Ал бұл кісі өзгермейді. Сол көзқарас, сол намыс. Қазақтың қалақтай ғана қара шалы қара нардың жұмысын жасап жүр.
Әуелде ұлтшыл болғысы-ақ келіп, бүгінде шатаса бастаған кейбір шалдарымызға осы кісі үлгі. Жастарды жазғырғыш кейбір шалдар өз қатарынан үлгі алса деп ойлайсың кейде. Бұл кісіні шал деуге аузың бармайды. Себебі оның істегенін отыздағы жігіттер әлі істеген жоқ. Денсаулығы да, тұрмыс-тіршілігі де алағай-бұлағай азаматқа ақиқат жолында күресу дегеннің қандай болатынын санаңызға сыйдырып, көз алдыңызға елестете аласыз ба? Кейбіреулер газет шығарып, ұлт намысын жыртқан болып, ірі сөйлей алмай, өсектің өртін қаулатып, тек біреулерден өш алу үшін ғана кіжініп, күшеніп сөйлеп жатқанда бұл кісі де «Казахская правда» газетін шығарды... Өз қаржысына, өз қалтасынан. Денсаулығына қимаған ақшаны газетке қиды. Газет болғанда қандай газет! Қанша рет сот пен оттың ортасына түссе де газеті шығып келеді. Ол ұлт намысын әлдекімдердей жеңіл сөзбен, тайыз біліммен, біреудің ыңғайына жығылумен емес, өзінің үлкен сөзімен, терең білімімен, биік мәдениетімен көрінгенге жалтақтамай, турашылдығымен қорғап келеді. Адам таңғалатын жағдай. Кейде қаптаған қызметкері бар кейбір басылымдар айта алмаған сөзді осы кісі айтады және қалай айтады!
Мынадай бір сөзді айтсақ, қазір ештеңеге де таңғалуға болмайды ғой, дерсіз. Ұлт намысы үшін өз кеңістігінде жалғыз күресіп келе жатқан, жетпістің қыр желкесіне шыққан ақиқаттың Алданына жұрттың бәрі (10 мың адам) алып жатқан бір медаль да бұйырмапты. Тәуелсіздікке әркім әрқалай үлес қосады, ал Әйімбетовтің жөні бөлек еді ғой...
Көше бойымен көптің бірі болып, шынашақтай ғана бір шал кетіп барады. Шындық кетіп барады. Қай жерге дейін барар екен…».
Осы сөйлемдерді оқығанда тұлабойың шымырлап кетеді.
Қалидың қай ойтолғамын алсаң да ата дәстүрімізді айтудан бір жалықпайды.
«Біреулерге дәстүр туралы айтсаң, ескілік туралы айтып отыр деп ойлайды. Дәстүр қай кезде де жаңғырып, жаңаша дамып, тіршіліктің әр тұсынан көрініс беріп отыруы тиіс. «Хабар» телеарнасынан Бақыт Жұмаділов жүргізетін «Асыл арман» хабары кісінің ұдайы бір сағыныш сезімін тербеумен болады. «Дос-Мұқасанды» тыңдаған сайын қазақтың таза қалпын, текті өнерін сағынасың. «Дос-Мұқасанды» неге сағынамыз? Өйткені «Дос-Мұқасан» қазақтың дәстүрлі әндерінің бекзат болмысын жасады...», – деп жазады «Жалғыз... » деп аталатын ойтүрткісінде.
Намысты жанитын жігер. Жігер қайдан күш алады? Оған күш-қуат, қайрат беретін шындық. Шыншыл адам қашанда қуатты, еркін, көңілді. Бірақ шындық жүрген жерде жарамсақ жалғандықтың да жүретіні рас қой. Ол жай жүрмейді, алды-артын тұмандандырып, шындықтың жүзін тұмшалап жүреді. Шындықтың шырмалғанын көрген жігер намысты жаниды. Намысты оятатын кім? Әрине өршіл ой, отты сөз. Олар еркін ойлы, ісі ақ (іші де ақ) әділдікті ар санаған қаламгердің аузынан шығады, қаламынан туады.
Қалидың кітабының атын «Шал мен шындық» деп қоюында да бір мән болса керек. Шал дегеніміз – жалпы қартайған, қолына таяқ ұстаған дәрменсіз жан ғана емес, өмірден көргені көп, түйгені мол адам. Айыбы – қарттығы, қажығандығы шығар. Ал Қалидың шалы мүлде басқа. Бұқар жыраудың, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің өнегелі өсиетін көңіліне тоқыған, Махамбет пен Абайдың жырларын оқыған білімі дария шал. Қалтасында қос-қос дипломы бар шал. 70 жылдық бодандықты басынан өткерген, тәуелсіздікке дөп келген шал. Автор үш ғасырда қолымыз әзер жеткен елдің шындығын осындай абыз шалдың көзімен көріп, сөзімен жеткізіп отыр ғой.
Қали шындықты Шал бейнесінде алып отыр. Негізі шал мен шындық егіз ұғым. Бірін-бірі толықтырып, біріне-бірі сәулесін шашып тұрған қос құдірет. Бүгінгідей шындықты шырақ алып іздеген заманда осындай шалдар керек-ақ. Менің көптен бері тұшынып оқыған кітабым осы «Шал мен шындық» болды...
Осы өз пікірімді топтастырған мақаламды аяқтап қалған кезімде «Алматы ақшамының» жаңа саны үйге келді. Жазуымды тоқтата салып, қолыма сүйікті газетімді алып парақтай бастадым. Бірдеңе іздегендеймін, не екенін өзім де білмеймін... Міне, таптым! «Ақшамның» бірінші бетіне, өзінің үйреншікті орнына Қалидың жаңа ойтолғамы басылыпты (№16, 6 ақпан, 2018 жыл). «Бiр қазақты қуанта алмасақ...» деп қойыпты тақырыбын. Жүрекке жақын, қазақы, жігерлі сөз. Оқып шықтым. Мазмұны мынадай:
Көп балалы отбасынан шыққан, бiр басына жетерлiк бiлiмi де, бiлiгi де бар бiр азамат жұмыс iздеп көп қиналады. Бармаған жерi, ашпаған есiгi қалмайды. Оны әсіресе түрлi сылтау, түрлi кедергiлер шаршатады. Әйтсе де ол қажымайды, өмiрден түңiлгендей кейіп танытпай, қайта жігерлене түседі. Ақырында оның бойындағы қайсарлығы, бiлiмi, бiлiгi конкурстардың бәрiнен мүдіртпей алып шығады. «...Айтпағым: осы кiсiнiң қызметке тұруына пейiлдi болған бiр басшы азаматтың еңбегi едi. Ол оның осы ерекшелiктерiн көре бiлдi, жасына қарамай, басына қарап, қоғамға керек азамат екенiн тани бiлдi. Бұл бiздiң қоғам үшiн басшы адамға ең керек қасиет, талап екенiн кейде ойлай бермеймiз ғой. Осыны әлгi кiсi көрдi. Әсiресе «бiр қазақты қуанта алмасақ, несiне отырмыз бұл жерде» деген сөзiн айтсайшы» деп ойын түйіндейді автор.
Кішкентай ойтүрткіде терең астар, үлкен намыс бар, елді мейірімділікке үндейтін, қайырымдылыққа шақыратын жылы леп бар. Шағын болса да шашатын шуағы мол, білдей бір әдеби жанрдың (әңгіме немесе новелла) жүгін көтеріп тұр... Мен бұл көріністен не аңғардым. Шындықтың шырайын шығарған «Шал мен шындықтың» жалғасы жазылып жатқанын аңғардым. Лайым, жазар көбейсін, Қали бауырым! Қаламыңа қанат бітсін, қадамыңа құт бітсін!
Сәбит ОРАЗБАЙ,
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты