12 Наурыз, 2019

Хазіреттер өнегесі

1050 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Хазіреттер өнегесі

Ел тарихындағы ақтаңдақтарды мұқият зерделеу, ұлттың рухани өрлеуіне өзгеше серпін-қуат қосқан даңқты тұлғалардың ізгілікті, тарихи іс-қимылдарын дәйек­тілік­пен таныту – қасиетті парызымыз, жүйелі ісіміз. Ендеше, қазақ жұртында діни-мұсылмандық дүниетанымы, көз­қарасы, қабілеті, білім-білігі, таным-пайы­мы терең, имандылық жолында ұлтқа, ұр­паққа жасаған берекелі қызметіне, ин­теллектуалдық мүмкіндіктер деңгейіне орай оларға белгілі бір дәрежелі лауазымдар ұй­ғарғаны − халықтың зердесі мен санасында сақталғаны мәлім. Анықтап айтқанда, сопылық дәреже сатыларындағы ең білікті, білім-ғылыммен мұздай қаруланған «то­лық адам» санатындағы, яғни аяндар мен қағидаттардың құпия мағынасын түсін­діретін хатибтер (уағызшы шешендер), хафиздер (Құранды жатқа анықтап, дауыс­тап айтушылар), заманының құтыбы атанған хазіреттер, құранқарилер, шейхтер (шайхылар), ахундар, қажылар – Ұлы дала елі тарихындағы діни-шығармашылық һәм ғылыми-санаткерлік әлеуеті жоғары ағарту­шылар еді. 

Осы орайда ұлт тарихындағы «ғылым – Пайғамбардан қалған мирас»деп қабыл­даған айтулы діни қайраткерлердің тұлғасы қандай дегенде Мәшһүр Жүсіп өзінің ұстазы Қамаралдин хазіретті былайша сипаттайды: «Ол − дін исламның шам­шы­рағы», «шариғаттың шегесі, дін тұт­қасы» еді. 12 пән ғылымды тұтасымен тә­мамдаған, таңдайынан дүрлер төгілген ділмар еді деп түйіндейді.

Я болмаса Науан хазірет (1843-1916) 16 жасынан бастап Бұхара мен Бағ­дат ша­­һар­ларының жоғары діни медресе­ле­рінде білім алған. Асылы, медреседе­ мұ­сылмандық құқық, араб-парсы тілі мен әдебиеті, морфология, синтаксис, сөй­лем құрылымы, зерттеу әдістері, хик­мет, пәлсафа, логика, хадистану, арифмет­ика,­ география, математика, тарих, анатомия,­ меди­цина, жарыс сөз, айтыс, хашия пәнде­рін түбірлеп оқытқан.

Негізінде, Ұлы дала тарихындағы ха­зіреттер мешіт,­ медресе, мектеп ұйым­дастырған, ұстаздық­­пен, қайрат­кер­лікпен шұғылданған. Мысалы, Бейіс хазірет (1849-1917) 1865-1870 жылдарда «Көкілташ» ме­дресесінде оқып, 1879-1890 жылы Мәдинеде «Хамидия» медресесінде дәріс оқыды. 1874-1878 жылдарда Құнанбай қажы тә­киесінде еңбектенеді. 1891 жылы Орынбор Мұсылман діни назаратының мүшесі әрі «Хусайния» медресесінде қыз­мет етеді. 1895 жылы Ақмола губерниясының бас имамы болып тағайындалады. Дария білімнің иесі, үздік ұйым­дастырушы, бір­неше тілде еркін сөйлеген Бейіс хазірет өз заманының озық ойлы тұлғалары − 1938 жылы Токиода имам болған қоғам қай­раткері Рашид Ибрагимовпен (1857-1944), заңгер, тілші, тарихшы, Сорбонна, Анкара, Ыстанбұл университеттерінің профессоры Садри Мақ­судимен, шейх Расул Хабиболлаұлымен (1833-1917), 

I Мем­лекеттік дума Мұсылман фракция­сы бюросының мү­шесі Шахайдар Сыр­тлановпен, ағартушы, ойшыл Дос­жан қа­жы Қашақұлымен мұраттас, пікірлес бол­ған-ды.

Бір ғана Ақмола өңіріндегі Жалтыр стан­сасының төңірегіндегі «Әулиелер қо­рымы» атанған бейітте 9 хазірет жерленген. Олар: Батырқожа (қажылыққа 5 рет барған) Алдажар, Мұқаш, Нұртаза, Баһреддин, Құтан, Садық, Сұлтан, Жан­батыр хазіреттер.

Хазіреттердің рухани болмысы бө­лек­ше. Діни-мұсылмандық білімін, көзқа­расын, ой-байламдарын ше­шендікпен де, ақындықпен де, жүрекке жеткізетін, санаға ұялататын анық, көркем лебізді дауыспен де ел көңілін тебірентетін-ді.

Айталық, маңғыстаулық Ыбырайым ахун (ахунд − парсы сөзі, «ғұлама» деген мағынада қолданылған) Құлбайұлы (1886-1982) – дінбасы, шежіреші және «Алтынды орда қонған жер» (шежіре-дастан), «Келімберді, Құдайке» дейтін көркемдік әлемі бай діни, тарихи дастандардың авторы. Ыбырайым ахунның «Ғұламасы көп еді, Шаһарлы жұртпен теңелген» дейтін лебізі Ұлы дала мәдениетіне берілген әділ сипаттама.

Хазіреттер дүниетанымының әлеу­меттік және мораль­дық сипаттарын біл­гірлікпен, шеберлікпен ел ішінде кеңінен қолданып, ұлт­тық дәстүрімізді, ұлттық санамыз бен­ көзқарасымызды, парасаттылық пен­­ адам­­шылық қа­сиеттерімізді байытты,­ қоғамды ізгі­лен­дірді. Сондықтан да Мәң­­гілік ел тари­хында қазақ қоғамын із­гілендіру мен сәулелендіру жолында жар­қын із, асыл сөз, құнды мұра қалдырған геноцид саясатының құрбаны болған ха­­зі­реттер еңбегін ескеру, ұлылығын ұлықтау – рухани жаңғыруымыздың кепілі болар еді.

Серік НЕГИМОВ, 

филология ғылымдарының докторы, профессор