Тараз қалалық №2 соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, көші-қон полициясының бұрынғы басшылары Қытайдың 163 азаматына заң талаптарын сақтамастан «оралман» мәртебесін, оның ішінде ұйғыр ұлтының 65 өкіліне ұлты «қазақ» деген төлқұжат ресімдеп берген.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің деректеріне қарағанда, Көші-қон полициясының бұрынғы басшысы А.Зейдалиев пен оның орынбасары Б.Наурызбаев және ортадағы делдал қызметін атқарған Қытай Халық Республикасынан шыққан У.Силамбекпен бірге қытайлықтарды «қазақтандыруды» жолға қойған.
Cотталғандар 2013-2016 жылдар аралығында Қытайдан Қазақстанға 170 адамның заңсыз кіруін ұйымдастырған. Бұл «еңбектері» үшін полицияның аталған лауазымды басшылары арадағы делдалдан әрбір шетелдік үшін 50 мың теңгеден алып отырған. Оның ішінде У.Силамбек Қазақстанға келген соң тұрақтап қалуға қажетті құжаттарын жедел түрде және кедергісіз, тиісті рәсімдерді сақтамастан алғысы келетін адамдарды іздестіріп, олардың бастапқы құжаттарын жинақтауға көмектескен. Сондай-ақ Жамбыл облысының аумағындағы белгілі бір мекенжайға тіркеу мен медициналық анықтамаларды қолдан жасатып отырған. Бұл қызметі үшін делдал әрбір шетелдіктен 80 мың мен 150 мың теңгенің аралығында қаржы алып келген.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған заңсыз әрекет негізінен 2016 жылы анықталған. Жалған құжат жасаумен айналысып, заңды белшесінен басқан шенеуніктер сол кезде қызметінен босатылып, қамауға алынған. Сол жылы сот үкімі де шыққан. Алайда уақыт өте бұл салаға қатысты тағы бірнеше заңсыздықтың беті ашылып, құзырлы органдар қайтадан қылмыстық іс қозғаған.
Сөйтіп Тараз қалалық көші-қон полициясы бөлімінің бұрынғы басшысы А.Зейдалиев Қылмыстық Кодекстің 361-бабы, 4.4-бөлімі, 3-тармағы «Ауыр салдарларға әкеп соққан лауазымдық уәкілеттілікті теріс пайдалану», 394-бабы 4.2-бөлімі «Адамдар тобының алдын ала сөз байласып, заңсыз көші-қон ұйымдастыруы» бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге, ал оның бұрынғы орынбасары Б.Наурызбаев Қылмыстық Кодекстің 361-бабы, 4-бөлімі, 3-тармағы, 394-бабы 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар олармен сыбайлас болған У.Силамбек Қылмыстық Кодекстің 394-бабы 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталды.
Сотталған Б.Наурызбаев пен У.Силамбек үкім жарияланғаннан кейін сот залында қамауға алынды. Ал А.Зейдалиевке қатысты бұрын қамау шарасы қолданылған болатын.
Қазіргі уақытта Қытай Халық Республикасының азаматтарына заңсыз берілген Қазақстан Республикасы аумағында тұруға құқық беретін ресми құжаттардың күшін жою туралы мәселе шешілуде. Сөйтіп үш жыл бұрын әшкере болған заңсыздықты ұйымдастырушы топтың ісіне нүкте қойылды.
Бет қатталып жатқанда, Түркістан облысы Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкері М.Жұмаділовтің де осы тақылеттес қылмыс бойынша істі болғандығы туралы хабар жетті. Дәлірек айтқанда, ол Өзбекстан азаматының біздің елде тұру ықтиярхатын ресімдеуде жәрдем көрсеткені үшін 260 мың теңге мөлшерінде ақшалай қаражат алу кезінде ұсталған. Бұл қылмысты да Ұлттық қауіпсіздік комитеті әшкереледі.
Нәтижесінде, М.Жұмаділов Мақтаарал аудандық сотының үкімімен Қылмыстық Кодекстің алаяқтық қылмысы бойынша кінәлі деп танылып, оған 2,6 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Хамит ЕСАМАН,
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»