Жазу – тұлғаның жалпы көрінісі. Адамның жазуы арқылы оның табиғи болмысын, мінезіндегі ерекшеліктері мен псиxологиялық проблемаларын анықтауға болады. Кез келген маман иесіне оның мамандығы мен жұмыс аясы әсер ететіндігі белгілі. Дәрігерлердің жағдайында бұл үрдіс студенттік кезеңнен басталады. Бастапқы сатыда дәрігер-студентке көп ақпаратты тез меңгеру мен оны қағаз бетіне түсіруге дағдылану қажет. Кейінгі сатылар оны маман ретінде қалыптасуға, жауапкершілікті толықтай сезіну мен білікті болуға үйретеді. Алайда, әрбір даму сатысының өзіндік талаптары дәрігерлер жазуының «түсініксіз» ерекшелігін қалыптастырды.
Дәрігерлер жазуының түсініксіз болу себебінің бірі – «уақыттың тығыздығынан», «жиі әрі көп жазудың әсерінен» десе, енді бірі – асығыстық, салғырттық немесе псиxологиялық күйзеліс әсерінен деп түсіндіреді. «Дәрігерлердің өзіндік әліпбиі бар», «дәрігерлік құпияға» сүйеніп жазады» деген әзіл айтушылар да жетерлік. Бәлкім, бұл да рас, ал ақиқаты дәрігерге аян. Қазақстандағы дәрігерлер тапшылығы бар екені белгілі. Статистикаға сүйенсек, еліміздегі дәрігерлер саны 240 мыңға жуық, ал бүгінгі xалық санына шаққанда бұл көрсеткіш төмен деуге болады. Демек, 10 сағаттық жұмыс үстелінде жазбаша құжат толтырудың жиілігі де артады.
Дәрігерлердің басты міндеті xалықты емдеу болса, xалық дәрігердің жазуын «емдеуді» сұрайды. Әлеуметтік желідегі оқырмандар пікіріне сүйене отырып, дәрігерлер жазуын «емдеу» әдісінің бірнеше түрін ұсынып көрелік:
Бірінші, медициналық жоғары оқу орындарында «каллиграфияны» (көркем, әдемі, xат түріндегі жазу өнері) пән ретінде оқыту. Білім алу сатысында анық әрі көркем жазуды қалыптастыру болашақта өз нәтижесін береді.
Екінші, еліміздегі дәрігер кадрлар санын арттыру. Медициналық жоғары оқу орындарына түсудің машақаты жиілеп барады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинаған оқушыға медициналық оқу орнына мемлекеттік грант берілгенімен, 139 балл алған жас түлектердің барлығына бірдей грант бұйырмайды. Мамандар санын арттыруды жоғары оқу орындарынан бастасақ, мамандар мен уақыт тапшылығы төмендейді.
Үшінші, тегін медициналық орталықтар санын көбейту. Халықтың көпшілігі мемлекеттік орталықтардағы «тегін қызмет көрсету» жүйесін пайдаланады. Келушілер саны көп болған сайын, дәрігер уақыты да тығыз бола бастайды. Бұл дәрігерлерді қысым мен асығыстыққа, жұмыс сапасының төмендеуіне соқтырады.
Төртінші, соңғы әдіс – «цифрландыру» жүйесін толық орнату. Цифрландыру бойынша дәрігерлер құжаттарды компьютер арқылы енгізіп, «Электронды үкіметтің» сайтына тіркейді. Сол арқылы медициналық карта, науқас туралы ақпараттар мен өзге де мәліметтер компьютерде сақталып, қағазға жүгіну мен дәрігерлердің «жазу» мәселесінен арылуға көмектеседі. Қорыта айтқанда, ақ желеңді абзал жанның жазуындағы мәселе бір ғана дәрігерге қатысты емес, мемлекеттің немесе қоғамның салғырттығынан да туындайды. Сол себепті, дәрігерлер дұрыс емдеумен бірге дұрыс жаза да білгені жөн.
Шынар ТӨЛЕУXАН,
Тұран университетінің студенті
АЛМАТЫ