Елбасы: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», – деп түсіндіреді. «Ұлы даланың жеті қыры» атауымен халыққа жол тартқан бұл мақала тамыры тереңде жатқан төл тарихымызды қайта жаңғыртуға бастама болмақ. Мақалада мемлекет басшысы төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін ұрпақтың болашағы зор болатындығын айтады. Бұл – бүгінгі болмысымызды саралап, болашағымызды бағамдауға арналған мақала. «Ұлы даланың жеті қырының» әрқайсысы әр қазақстандықтың өткеніне үңілуі, қоғамның дамуына қосқан үлесін ой таразысына салуын көздейді.
Жалпыұлттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өткенімізге оң көзқараспен қарауға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлес қосса, «Ұлы даланың жеті қыры» ұлттық сананың оянуына, оның жаңа заман талаптарына сай қалыптасуына жол ашары сөзсіз. Ұлы далада өмір сүріп отырған бүгінгі жастар, яғни оқушылар өткен тарихтағы өр тұлғалардың ұрпағы екендігін мақтанышпен айтуы тиіс. Елбасының мақаласында атап көрсетілген міндеттерді орындау ісіне жас ұрпақты тарту керек. Сабақ үрдісінде оқушыларға Елбасы мақаласын дұрыс түсіндіре білуімен қатар, сол бағытта түрлі ізденіс жұмыстарын да жүргізгеніміз дұрыс. Сонымен бірге ұлы тұлғалар мен тарихи оқиғаларды заманауи ағынмен байланыстыра отырып, келешек ұрпақтың санасына сіңіре білуі және елжандылық сезімдерін оятуы қажет. Өркениетті еліміздің әлемдік мәдениетке, тарихи жаңалықтарға қосқан үлестерін оқушыларға жете түсіндірген дұрыс. Ұлт ретінде сақталу жолында бұл мақала құнды құжат әрі ұлтты сақтаудың механизмі болмақ. Олай болса, әр мұғалім өз сабағында оқушы бойына ең қажетті рухани байлықтарды дарытып, санасына сіңіру қажет. Сонда ғана әр оқушы, әр қазақстандық азамат өз тарихын мақтаныш етіп, Отанына деген сүйіспеншілігі арта түсері сөзсіз.
Райса САҚТАҒАНОВА,
Үстірт орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Маңғыстау облысы