Қазақстан • 12 Наурыз, 2019

Жастар жылында өтетін іс-шараларға 24,6 млрд теңге бөлінеді

1109 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Ә.Смайылов Үкімет отырысында 2019 жылға арналған бюджетті нақтылау туралы заң жобасын ұсынды.

Жастар жылында өтетін іс-шараларға 24,6 млрд теңге бөлінеді

Министрдің айтуынша, бюджетті нақтылау шеңберінде «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы айтқан жаңа әлеуметтік шараларды іске асыру, сондай-ақ 2017 және 2018 жылдардағы Жолдауларда берілген тапсырмалар мен мемлекеттің бұрын қабылданған міндеттемелерін іске асыру жоспарлануда.

«Нақтылау жобасында қаражатты 3 бағыт бойынша бөлу көзделеді. Біріншісі жалпы сомасы 444,3 млрд теңгеге «Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы айтқан «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру» дейді Ә. Смайылов.

Ә. Смайыловтың дерегінше, осы қаражат шеңберінде мыналар жоспарланып отыр:

- азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейту - 224,3 млрд теңге;

- аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті кредит беруді енгізу -100 млрд теңге;

- өңірлік инфрақұрылымды дамыту 90 млрд теңге;

- «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру 30 млрд теңге.

«Екінші бағыт бойынша «Жастар жылын» өткізу шеңберінде іс-шараларды жүзеге асыруға 24,6 млрд теңге бөлінеді», дейді ведомство басшысы.

Сондай ақ үшінші бағыт бойынша Президенттің 2017 және 2018 жылдардағы Жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындауға 286 млрд теңге бөлінеді.

«Осы қаражат шеңберінде Түркістан облысының және Астана қаласының кешенді даму жоспарларын іске асыру, Астана қаласында ғылыми-онкологиялық орталық салу, «Сарыарқа» газ құбырын салу, сондай-ақ ел қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты іс-шараларды іске асыру жоспарланып отыр», дейді министр.