Аймақтар • 12 Наурыз, 2019

Тұтынушылар құқы сенімді смарт құрылғылармен қорғалады

1223 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық тұтынушылар лигасы 2019 жылдан бастап  «Сандық әлем: сенімді смарт құрылғылар» ұранымен жұмыс істейтіні осыған дейін хабарлаған болатын. Бүгін Алматыда журналистермен кездескен оның төрайымы Светлана Романовская 2019-2020 жылдар арасындағы жоспары туралы айтты.

Тұтынушылар құқы сенімді смарт құрылғылармен қорғалады

Лига  смарт құрылғылардың тұтынушыларының жағдайын жақсартуға бағытталған заң жобаларын жүзеге асыру, тұтынушылар арасында олардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттандыру үшін дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізуге ниеттеніп отыр екен. Төрайымның айтуынша  соңғы 1 жыл ішінде кеңес сұрап  6 310 азамат жүгініпті: Өтініш берген азаматтарға келтірілген залалдың жалпы сомасы – 1 217 682 470 тг.  Оның 99 пайызы медиация жолымен шешілген. Басқаша айтқанда тараптар бір-бірімен келісімге келген.

«Ғаламтор арқылы сауда-саттық саласына байланысты бізге тұтынушылардың көптеп шағым келіп түседі. Алайда олар қоңырау шалу арқылы көмек сұрайды. Өйткені олардың қолында дәлелдейтін құжат жоқ екен. Ал, біз жазбаша өтінішсіз көмектесе алмаймыз. Сондай-ақ, қазір жаңа заңнама негізінде тұтынушылар, тіпті, сотқа да арыздана алады», –дейді Светлана Романовская.

Светлана Романовская әңгіме арасында алдағы уақытта осы уақытқа дейін қолданыста болған тәсілмен жұмыс істеудің мүмкін еместігін айтты. Электронды сауда нарығының үлес салмағы жыл өткен сайын артып барады. 2016 жылы ел нарығындағы сауданың 28 пайызы электронды сауда болса, 2018 жылы 44 пайызға жеткен.

«2019 2020 жылдар арасында «Сандық әлем: сенімді смарт құрылғылар» бағытына басымдық беруіміздің басты себебі осы: Интернет сауданың бәсі басым екенін сезіп қалдыңыздар.  Тұтыну нарығының 40 пайызы 16-35 жас аралығындағы жастар. Сауданың көрігін қыздырып жүргендер де осы жастағылар. Сол себепті қолданыстағы заңдағы тұтынушылар құқығын қорғайтын бапты әлемдік стандарттармен   үйлестіретін кез келді. Сол себепті », деп атап өтті   Светлана Романовская.

Светлана Романовская әңгіме арасында жұмыс барысында әлемнің біраз елдерінде болғанын тілге тиек етіп өтті. Түйгені – қазақстандықтардың өзінің құқына құрметпен қарамайтындардың көш басында тұрғаны:

«Қазір үлкен сауда үйлері болмаса, кіші-гірім сауда үйлерінде кеңесшілер жоқ, Себебі оның иелері кеңесші жалдағысы келмейді. Бәрін сатушының әбжілдігіне тапсырып қойған. Мысалы, сары май немесе шұжық сатып алғанда оның құрамына мән беретіндер өте аз. Тек қана сақталу мерзіміне ғана басымдық береміз. Бұл біздің үлкен қателігіміз» ,  деп атап өтті төрайым.

Интеграцияланған, ғаламданған заманда қазақстандықтардың құқын қорғамаққа кірісіп отырған олар соңғы екі жылдағы басты жеңістері туралы айтуды ұмытпады. Бұл жерде әңгіме – азық-түлік емес, күнделікті тұрмыстық техникалық құралдар туралы болып отыр. Осыдан 2 жыл бұрын сатып алған техникасының сапасыздығын айтып  арызданған тұтынушыны техниканың сапасын тексеретін комиссия жұмысына араластырмай келген. Соның кесірінен, комиссия «техникалық ахау зауыттан емес» деп жеңісті сауда үйлері пайдасына шешіп келіпті. Енді өктемдік өткен күннің еншісінде қалды. Бұрын тек Алматы мен Астана және облыс орталықтарында жұмыс істеп келген тұтынушылар лигасы алдағы уақытта штат кестесі жағынан ұлғаятын  деп тұр. Алматы мен Астана қалалары жоғары оқу орындары тұтынушылардың құқын кәсіби тұрғыда қорғайтын мамандар  дайындауды қолға алыпты. Енді алдағы жылда бұл ұйым  қазіргідей қоғамдық деңгейде емес, мемлекеттік –құқықтық деңгейде қорғайтын болады.

«Тұтынушы ең алдымен өзіне сақ болуы керек. Әйтпесе тірліктің бәрі бос болып қалады.Біз осы мақсатта жұмыс істейтін боламыз», деп сөзін түйіндеді Светлана Романовская.

Гүлбаршын САБАЕВА,

 «Еqemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ