Олимпиаданың алауы тұтанды
Жұма, 11 мамыр 2012 7:12
Кеше Грекияда Лондонда өтетін 2012 жылғы Жазғы Олимпия ойындарының алауы күн сәулесінен тұтандырылды. Грекиялық актриса Ино Менегаки рәсім барысында тұтанған алауды оны алғашқы алып жүретін жүзгіш Спирос Янниотиске тапсырды.
Жұма, 11 мамыр 2012 7:12
Кеше Грекияда Лондонда өтетін 2012 жылғы Жазғы Олимпия ойындарының алауы күн сәулесінен тұтандырылды. Грекиялық актриса Ино Менегаки рәсім барысында тұтанған алауды оны алғашқы алып жүретін жүзгіш Спирос Янниотиске тапсырды.
Янниотис Олимпиада алауының бірінші кезеңінде жүгірсе, елдегі бұл үдеріс 8 күнге созылады. 17 мамырда Олимпиада алауы Афинадағы стадионға жеткізіліп, сол арада Лондондағы ойынды ұйымдастырушыларға тапсырылады. Жетпіс күнге созылатын эстафета барысында Олимпиада алауы 12,8 мың шақырым жолдан өтеді.
ЛАҢКЕСТІКТЕН ОПАТ БОЛҒАНДАР КӨП
Сирияның астанасы Дамаск қаласында кеше ертеңгісін қосарланған лаңкестік жасалып, соның салдарынан 40-тан астам адам қаза тапты. Жараланғандар саны 170 адамнан асады делініп отыр. Жарылыстар Сирия барлау қызметінің штаб-пәтері орналасқан 9 қабатты ғимараттың кіре берісінде жасалған.
Жарылыстың күшті болғаны соншалықты, көршілес орналасқан тұрғын үйлерге де айтарлықтай зиян келген. Сирия оппозициясының деректеріне қарағанда, лаңкестік құрбандықтарының саны 50 адамнан асады. Көз жұмғандар арасында барлау офицерлерімен қатар, көшеде кетіп бара жатқан қарапайым адамдар да бар көрінеді.
ҮКІМЕТ ЖАСАҚТАУ МАНДАТЫНАН БАС ТАРТТЫ
Грекияның «Сириза» деп аталатын солшыл радикалды коалициясының серкесі Алексис Ципрас үкімет жасақтау мандатынан бас тартты. «Сириза» мүшелерімен кездесуі кезінде ол біз солшыл үкімет құру туралы арманымызды жүзеге асыра алмадық деп мәлімдеген.
Сөйтіп, Алексис Ципрас кеше президенттен үкімет жасақтау туралы алған мандатын қайтарып берді. Ал Грекияда 6 мамыр күні өткен кезектен тыс парламент сайлауында «Сириза» екінші орын алған болатын. Ал ең көп мандатты оңшылцентристік «Жаңа демократия» партиясы алған еді. Бұл партияның серкесі Антонис Самарас та үкімет жасақтау мандатынан бас тартқан болатын. Егер 17 мамырға дейін жаңа үкімет жасақталмаса, елде жаңа сайлау жарияланады.
ИРАНДА АГЕНТТІК ҚЫЗМЕТКЕРІ ҚАЗА ТАПТЫ
Иранда автомобиль апаты салдарынан Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) қызметкері қаза тапты. Оқиға Арак қаласы маңында тіркелген. Көлікте сондай-ақ атом энергетикасы жөніндегі тағы бір сарапшы болыпты.
Оңтүстіккореялық маман Ок Сеок Се қаза тапса, оның бірге келе жатқан әріптесі жарақат алған. Арак қаласында ядролық зерттеу жүргізілетін кешен орналасқан екен. Иран басшылығы Аракта орналасқан реактор тек бейбіт мақсатта пайдаланылатынын мәлімдеп отыр. МАГАТЭ болса, қолданылған отын ядролық оқтұмсықтар жасау үшін қайта өңделуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.
ӘЗЕРБАЙЖАНДАРДЫҢ АШУ-ЫЗАСЫН ТУҒЫЗДЫ
9 мамыр күні танылмаған Таулы Қарабақ республикасының астанасы Степанакерт қаласында әскери парад болып өткен еді. Бұған Әзербайжан тарапы өзінің наразылығын білдірді. Мұндай наразы көңіл-күйге парадқа Армения президенті Серж Саргсянның қатысуы себеп болды.
Әзербайжан сыртқы істер министрлігі өткен оқиғаны арандатушылық әрекет деп есептейтінін мәлімдеді. «Мұндай деструктивті ұстаным армян жағының келіссөздерді конструктивті жүргізуге дайын емес екенін айғақтайды», дейді министрліктің баспасөз хатшысы Эльман Абдуллаев. Шараға сондай-ақ Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян мен танылмаған ТҚР президенті Бако Саакян да қатысқан.
АЛҒАШ РЕТ БІР ЖЫНЫСТЫ НЕКЕНІ ҚОЛДАДЫ
АҚШ президенті Барак Обама көпшілік алдында алғаш рет бір жынысты некелер құруға рұқсат беру керек деген пікірін білдірді. Бұл мәлімдемесін ол АВС телеарнасы арқылы жасады. Сонымен бір мезгілде, президент бұл өзінің жеке пікірі екенін, бұл мәселе заңнамалық тұрғыда штаттар деңгейінде шешілуі тиіс екенін атап көрсетті.
Обама, сонымен қатар, қыздары Малия мен Сашаның бір жынысты жұп тәрбиелеп отырған достары бар екенін көлденең тартқан. Мұның алдында АҚШ-тың вице-президенті Джо Байден де бір жынысты некелерге қарсылығы жоқ екенін хабарлаған болатын. Бұл АҚШ президентінің Құрама Штаттарда алдағы күзде өтетін сайлау қарсаңында өз жағына адамдар тарту мақсатындағы қадамы болуы да ықтимал.
Қысқа қайырып айтқанда:
Филиппиндегі Бутуан қаласындағы дүкенде болған өрт салдарынан 17 адам көз жұмды. Өрт дүкеннің үш қабатты ғимаратында ертеңгісін тұтанған. Қаза тапқандардың көпшілігі жоғарғы қабатта ұйықтап жатқан дүкен қызметшілері екен.
Мысырда 2011 жылдың желтоқсанында билікке қарсы наразылық акцияларына қатысқан 293 оппозицияшы сотталатын болады. Оларға билікке қарсылық білдірді, мемлекеттік меншікке залал келтірді және заңсыз қару-жарақ ұстап жүрді деген айыптар тағылып отыр.
Ресей Федерациясының тергеу комитеті Индонезияда Sukhoi Superjet-100 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты қылмыстық іс қозғады. Түрлі дерек бойынша ұшақ бортында 45 пен 48 аралығында адам болған. Олардың бәрі де қаза тауыпты.
Украинаның Львов қаласындағы Лычаков аудандық соты 9 мамыр күні Даңқ биігінде (Львовтағы соғыс мемориалы) қызыл ту көтерген компартия өкілі Юрий Ткаченконы ақтап шығарды. Ол әуелде «қоғамдық тәртіпті бұзды» деп айыпталып, қамауға алынған болатын.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.