Білім • 12 Наурыз, 2019

Алматыда балдырғандарды латын графикасына баулитын жаңа жоба іске қосылды

1362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының ұйытқы болуымен латыннегізді жаңа қазақ әліпбиін үйренуге арналған 32 сериялы анимациялық «Әліпби QAZ – жануарлар» мультфилімі жарыққа шықты. Су жаңа жобаны балдырғандарды жаңа әліпбиге негіздеуге арналған таптырмас көмекші құрал деуге болады.

Алматыда балдырғандарды латын графикасына баулитын жаңа жоба іске қосылды

32 анимациялық сериядан тұратын мультфильм 32 әріпті тез үйренуге арналған. Әр әріпке жануарлар атауы мен түрлі сөздер мысал ретінде алынған. Мәселен «А» әрпін бассаңыз мультфильм кейіпкері ретінде арыстан шығады. Оқушы назарына үш минут көлемінде шағын мультфильм ұсынылып, көптеген мағлұматтардан хабардар етеді. Бұл балабақша  тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларына аса тиімді.

Бір айта кетерлігі,  «Әліпби QAZ – жануарлар» кәдімгі мобилді қосымша. Кез-келген азамат оны өз ұялы телефонына жүктеп пайдалана алады. Жоба авторлары ойын жинағы арқылы балалар латын негізді жаңа қазақ әліпбиін көңілді әрі тез үйреніп, сөздерді құрастыруға жылдам бейімделетінін айтады. Көмекші оқу құралы негізгі екі ойыннан тұрады. Оның алғашқысы  Әліпби – «Жануарлар» деп аталған. Балалар ойын ырғағына ілесіп барлық әріптер мен әріп реттілігін жаттап алады әрі сол арқылы жануарлардың атауын латын қарпінде тани бастайды. Ал Лото әліпби – «Жануарлар» бөлімінде балдырғандар алғашқы  ойында алған білім мен дағдыларды пысықтайды. Баланың байқампаздығы мен логикасын, бейнелі ойлауын дамытатын жеңіл ойын түрі беріледі. Ата-ана ойын ережелерін алдымен өзі үйреніп, кейін балаға сөздердің мағынасы мен ережелерін түсінуге көмектесуі қажет. Жинақтың ішінде: ойын алаңы, карточкалар, лотоға арналған карталар, ойын ережелері бар.      

– Латын қарпіне көшуге байланысты ел Үкіметі бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес өңірлерде түрлі жұмыстар жүзеге асырылуда. Алматы қаласындағы балабақшалар мен мектептерге таратылып жатқан «қазақ әліпбиі» атты мультфильмдер сериясы да осы негізге бағытталған игі бастама деп айтуға болады. Яғни 32 бөлімнен тұратын мультфильм 32 әріпті танып білуге арналған. Осы ретте Алматы қаласы әкімдігі тарапынан латын графикасына көшуге байланысты әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерін трансформациялау кезінде нақты қадамдар жасалғанын айта кеткен жөн. Бұрынғы Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы қала әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы болып қайта құрылды. Яғни бұрынғы басқарманың барлық қызметтері әкімдіктің құзіретіне берілді. Барлық жұмыстар Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы арқылы жүзеге асатын болады, – дейді Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ