Қазақстан • 13 Наурыз, 2019

Көп балалы ана мен көп балалы отбасы: айырмашылық неде?

5407 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жалпы, мемлекет әлеуметтік са­ланы ешқашан назардан тыс қалдыр­ған емес. Былтыр жарық көрген «Пре­зиденттің бес әлеуметтік баста­масы» атты үндеуінде де Елба­сы мемлекеттің әлеуметтік жаң­ғы­ру жолында ауқымды істерді бас­тауға әзір екендігін айтқан болатын. 2018 жылдың 5 қазанындағы Жол­дауында да халық табысының өсуін қамтамасыз ету, тұрмыс сапасын арт­тыру, өмір сүруге жайлы орта қа­лып­тастыру мәселелеріне ай­рықша назар аударған-ды.

Көп балалы ана мен көп балалы отбасы: айырмашылық неде?

Бұл бағыт­тағы жұмыстарды жетілдіру «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде де көте­рілді. Дегенмен, әлеуметтік көмекке мұқ­таж жандарға көрсетілетін қолдауға қатыс­ты алып-қашпа пікір ел ішінде жиі кезде­сіп жатыр. Әсіресе, «көп балалы отба­сы» және «көп балалы ана» санаттары­на байланысты сауал көп. Бұқара бұл екі ұғымды бірдей санат ретінде қа­былдайтын сияқты. Содан болса керек, әлеу­меттік көмекке аса мұқтаж жан­дарға 1 сәуірден бастап қолдау көрсе­тілуі тиіс екендігін айтқан Елбасы сөзін дұрыс түсінбей жүргендер жетерлік. Пре­зидент әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелері жөніндегі кеңесте жәр­демақы аса мұқтаж және көп балалы от­басыларға берілетіндігін айтқан болатын. Демек, бұл жәрдемақының да өзіндік есеп-қисабы бар. Сондықтан мәселенің байыбына бара білген абзал. Оның үстіне көп балалы ана мен көп балалы отбасы ұғымдарының арасында айыр­машылық бар екенін ескеру қажет. 

Бұл ұғымдар біздің заңнамада екі түрлі құжатта көрсетілген. «Көп бала­­лы ана» ұғымы Қазақстан Респуб­лика­сы­­ның 2005 жылғы 28 маусымда қа­­был­данған «Балалы отбасыларға мем­­лекет­тік жәрдемақылар туралы» №63 заң­­ын­да көрсетілген. Заңның 1-ба­бы 1-тар­­мағында «Алтын ал­қа», «Кү­міс алқа» алқаларымен наград­тал­ған не­месе бұрын «Батыр ана» атағын ал­ған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ор­ден­­дерімен наг­радталған көп балалы аналарға тағайын-

далатын және төленетін ай сайынғы мем­лекеттік жәрдемақы» деп келетін ұғым бар. Яғни, «көп балалы ана» атану үшін кемі «Күміс алқа» болуы керек. Бірақ бұл ұғым 4 перзентті шаңырақтың «көпбалалы отбасы» болуына кедергі жасамайды. 

Қазақстан Республикасының 2011 жыл­дың 26 желтоқсанында қабылданған №518-IV «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде көп балалы отбасы ұғымы бар. Кодекстің 1-бабы, 17-2 тармақшасында «көп балалы отбасы – құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасы», деп көрсетілген. Демек, екеуі екі түрлі ұғым.

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің Әлеу­мет­­тік көмек департаменті­нің бас­қар­ма басшысы Асқар Ниязов­тың айтуына қарағанда, ел ішінде бұл ұғым­дарды шатас­тырып ала­тын­дар да кездеседі екен. «Көп бала­лы отбасы деген ұғым «Неке және отбасы туралы» Кодекс­те көрсетілген. Аталған Кодекс­ке сәйкес көп балалы отбасы ретін­де 4 және одан көп баласы бар от­ба­сы­лар қарастырылады. Ал көп бала­лы ана деген ұғым «Бала­лы от­ба­сыларға берілетін мемле­кет­тік жәрдемақылар туралы» заңда көрсетілген. 

Көп балалы ана ретінде біз «Алтын алқамен» және «Күміс алқамен» марапатталған аналарды есептейміз. Өйткені аталған алқалар аналарға көрсетілген құрмет пен арнайы мәртебенің белгісі. «Көп балалы әке» деген ұғым жоқ. Бірақ көп балалы от­басын­да кейде барлық пер­зент­ті асы­рау міндеті әке мой­нына артылуы да мүмкін. Яғни, жалғызбасты әкелер де көп балалы отбасы бола алады. Сон­дық­тан көп балалы ана және от­басы деген ұғымдарды жеке-жеке қарастырамыз», дейді министрлік маманы.

Жәрдемақы көп балалы отба­сыларға беріледі. Оның өзінде аса мұқтаж отбасыларға берілмек. Жәрдемақы төлеудің өзіндік есеп-қисабы да бар. Ал көп балалы аналар «Күміс» және «Алтын» алқа иегерлеріне төленетін ай сайынғы жәрдем­ақы­ларын алуды жалғастыра береді. Яғни, осынау алқаларға ие болған аналарға ай сайын 6,4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы беріледі. Бұл дегеніңіз – 16160 теңге. Ай­лық есептік көрсет­кіш­тің жыл сайын өзгеріп отыраты­нын ескерсек, бұл сома да жылда өзгеріске ұшы­рауы мүмкін әрі Ел­басы мұн­дай төлем­дерді отба­сының табы­сы ретінде есеп­темеуді тап­сыр­ған. Ал әлеу­меттік көмекке аса мұқ­таж адамдарды қолдауға ба­ғ­ыт­­­талған қар­жы бөлек дүние. Сон­­дықтан 1 сәуірден бастап бері­­­летін жәр­демақыға қатысты түсі­­ніс­­­пеу­шілік туындамауы керек. 

Алайда, қоғамда екі ұғымды шатыстырып алатындар кездесіп жатыр. Әрі мұны мемлекеттің әлеуметтік саясатының әлсіз тұсы ретінде алға тартатындар бар. Іс жүзінде мемлекет бұқара­ның тұрмыс деңгейінің жақсы болуын басым бағыттардың бірі ретінде ұстанып келеді. Былтыр елімізде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілген болатын. Бірақ жаңа форматтағы атаулы әлеумет­тік көмек арқылы берілетін қар­жы бұрынғы жәрдем түрлерін қосқандағы қаржылай табыс­тан көп болатын. 4 перзент дүниеге әкелген ананы көп балалы ана деп есептеу де сол бұрын­ғы, 2018 жылдың 1 қаңтары­на дейін қолданылған норма­лар­ға қатысты қалыптасқан ұғым. Өйткені бұрынғы тәртіп бойынша бұл санаттағы аналарға ай сайын 9500 теңге шамасында жәрдемақы беріліп келді. Мұндай қаржы төлеп отыру жайын­дағы норма жаңа форматтағы әлеу­меттік жәрдемақыны енгізу кезін­де алынып тасталған болатын. Алайда, құқықтық тұрғыда қарас­тырған­да 4 перзент дүние­ге әкел­ген ана ешқашан көп балалы ана бол­ған емес. Тек осыншама баласы бар шаңырақ көп балалы отбасы саналды. Де­мек, заңдық тұрғы­да өзгеріс жоқ. Дегенмен, 1 сәуір­ден бас­тап бері­летін әлеумет­тік көмек­тің был­тырғыдан бө­лек тұсы бар. Был­тыр енгізілген жаңа фор­матт­ағы атаулы әлеу­мет­тік көмек тәртібінде кейбір жәрдемақы түрлері, атап айтқанда мүгедек аза­матқа төленетін жәр­дем­ақы табыс ретінде есептелген еді. Елбасы тапсырмасына сәй­кес 1 сәуірден бастап төленетін жәр­­дем­ақыны есептеу кезінде мұн­дай көмектер, шәкіртақы, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін жәр­дем­ақы отбасы табысы болып саналмайды. Сондықтан Мемлекет бас­шысының тікелей тапсырмасы арқылы жүзеге асыры­лып жат­қан әлеуметтік саясат­тың үлкен бетбұрыс екенін атап өткен жөн. 

Мемлекет көмекті бере отырып, отбасы мүшелерінің жұмыс­пен қам­­тылуына да мүдделі. Бұл өз кезе­гінде әлеуметтік көмек­ке зәру және тұрмысы төмен көп бала­лы отбасыларды қоғам­дағы әлеу­меттік әлсіз топтар қатары­нан шы­ғаруға септігін тигізуі керек.

Бұл бағытты әлеуметтанушы Динара Есімова да қолдайтынын білдірді. «Меніңше, Прези­дент­тің 1 сәуірден бастап әлеумет­тік көмекке аса мұқтаж және көп балалы отбасыларға қолдау көрсетуді тапсыруы маңызды шаралардың бірі деп білемін. Бұл жерде біз «аса мұқтаж» деген сөзге айрықша назар аударуы­мыз керек. Өйткені көп балалы отбасылардың ішінде де әлеуметтік жағдайы жақсы, ел қатар­лы өмір сүріп жатқандары бар. Ал «аса мұқтаждар» санатына кіретіндердің жөні бөлек. Оларға көмек көрсету арқылы біз адам капиталының сапасын түсірмеу жағына назар аударып отырмыз. Әлеуметтік жәрдемақы отбасылардың күнкөрісін жақ­сартып қана қоймайды. Бұл шара болашаққа дені сау, білім­ді, бәсекеге қабілетті ұрпақ қал­дыруға септігін тигізеді. Сон­дық­тан әлеуметтік көмектің нақ­ты, жағдайы шынымен де нашар от­басыларға берілгенін құп көре­мін», деді ғалым. 

Қысқасы, 1 сәуірден бастап бері­­­летін атаулы әлеуметтік көмек көп балалы отбасыларға да, көп балалы аналарға да үлкен қол­­­дау болғалы тұр. Қарапайым есеп­­­ке жүгінсек, сәуірден бастап жан басына шаққандағы табысы ке­дей­шілік шегінен аз от­ба­сы­лар үшін әр адамға 20789 тең­ге қарас­тырылған. Бірақ табыс қандай болса да, 6 және одан да көп пер­зентті дүниеге әкеліп, «Кү­міс алқа» немесе «Алтын алқа» ие­лен­ген анаға беріле­тін 16160 тең­ге­ге ешкімнің таласы жоқ. 

Амангелді ҚҰРМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»