2018 жылдың қазанында мұнай бағасының біршама көтерілгені ақпан айында Ұлттық қорға түсетін салық төлемдерінің ұлғаюына себеп болды. Өйткені жер қойнауын пайдаланушылардың төртінші тоқсандағы салығы биыл ақпанның соңына қарай төленген болатын. Осылайша, салық түсімінің өткен айдағы жалпы сомасы 453,3 млрд теңгені құрап, былтырғы ақпандағы деңгейден 32,6 пайызға асып түскен. Бұл көрсеткіш биылғы қаңтардағы түсім көрсеткішінен 4 еседей жоғары екенін де атап өткен жөн.
– 2019 жылдың 2 айында Ұлттық қор 584 млрд теңгеге толықты. Дегенмен, биыл салық түсімдерінің негізгі бөлігі (76,3 пайыз) корпоративтік табыс салығы мен мұнай секторында жасалған өнімді бөлісу туралы келісімшарттардағы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Осыны ескермеуге болмайды, – дейді afk.kz.
Қазіргі түсім қарқыны сақталған жағдайда жыл соңына қарай Ұлттық қордың қоржынына түсетін қаражат былтырғы түсімнен асып түсіп, 3 400 млрд теңгені құрауы мүмкін. Табыстың молаюына ықпал ететін фактор ретінде мұнай бағасының жоғарылығы мен шикізат экспорты көлемінің артуын атап өтуге болады. Өткен қаңтар-ақпан айларында Каспий құбыр консорциумы 10,5 млн тонна мұнай экспорттап, былтырғы көрсеткішті 11,3 пайызға асыра орындады. КҚК-ның былтыр жыл бойы экспорттаған мұнай көлемі 61,1 млн тонна болған-ды.
Аfk.kz соңғы 2 айда Ұлттық қордан 430,6 миллиард теңге жұмсалғанына да тоқталып өтіпті. Аталған қаражаттың 430 млрд-ы кепілдендірілген трансферт түрінде алынса, 0,6 млрд қорды басқаруға байланысты шығындарға жұмсалыпты.
Биыл республикалық бюджетке қордан кепілді трансферттен бөлек, мақсатты трансферт те алынатыны тағы бар. Былтыр мақсатты трансферт болмаған-ды. Таяуда Президенттің «Нұр Отан» партиясының съезінде айтқан әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруға үш жыл ішінде Ұлттық қордан 1 трлн 350 млрд теңге жұмсалмақ, мақсатты трансферт деп отырғанымыз негізінен осы. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, ағымдағы жылы осы мақсатқа 447 млрд теңге жұмсалады. Сондай-ақ «Қазақстанның даму инвестициялық қорын» құруға қосымша 370 млрд теңге Ұлттық қордың қоржынынан алынады.
Бюджеттің Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділігін азайту үшін 2021 жылға қарай кепілді трансферт көлемін 2 трлн деңгейіне түсіру көзделген болатын. Былтыр кепілді трансферт – 2,6 трлн теңгені құраса, биыл 2,45 трлн теңгені құрауға тиіс. 2020 жылы – 2,3 трлн, 2021 жылға қарай жоспарланған 2 трлн-ға дейін төмендеуі керек делінген еді. Алайда, қазір Мәжілісте Ұлттық қордан алынатын кепілді трансферт көлемін 2019 жылы 2,7 трлн теңгеге дейін көтеру қарастырылған тиісті заң жобасы қаралып жатыр.
Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan»