Соның бірі – 1940 және 1950 жылдары Шыңжаң өлкесінен сая таппай Тибетті көктей өтіп, Үндістан-Пәкістан өлкесі Кашмирге табан тіреп, зорлық-зомбылықтың неше алуан түрін көріп, 1952 жылы 13 наурызда (дәл бүгін оқиғаға 67 жыл толып отыр) Түркия Республикасының президенті Жәлел Баяр мен премьер-министр Аднан Мендерес бастап, үкіметтің 16 министрі қол қойған «Үндістан, Пәкістан және Сауд Арабиясында босып жүрген шығыстүркістандық қазақтарды Түркияға қоныстандыру» туралы тарихи шешім қабылдағаннан кейін, жоғарыдағы босқын қазақтардың соңғы легі 1954 жылы Анадолы топырағына тұрақтады. Міне, биыл осы бір тарихи оқиғаға да 65 жылдың жүзі болыпты.
Шыңжаң Алтайынан дүркірей көтеріліп, әлемдегі сусыз шөл Такла-Маканды басып, құзар шың Гималайды асып, ақыры Түркияға ірге көмген жоғарыдағы қазақ көші жайлы сол кездің өзінде шетелдік тарихшылар кітап жазды. Соның алғашқысы – америкалық зерттеуші Милтон Дж.Кларк. Бұл адам 1951-1952 жылдары Кашмирдегі босқын қазақтар арасында бір жыл болып, 1954 жылы АҚШ-та шығатын «National Geographic Magazine» журналына мақала жарияласа, ағылшын журналисі һәм тарихшы Годфри Лайас босқын қазақтардың бастан кешкен тағдыры жайлы 1956 жылы Лондонда «Kazak Exodus» атты бірегей еңбек жазып, жарыққа шығарды. Автор бұл кітабында Қытайдың қысымына шыдамай, шетке көшуге мәжбүр болған қазақтың ауыр тағдыры мен қытайдың үстем саясатына қарсы соғыста айрықша ерлік көрсеткен қазақ батыры Оспанның өмірі мен ерлігін баяндайды.
Аталған шығарма өткен жылдың соңында ұлт тарихын түгендеуші мемлекетшіл азамат әрі баспагер Бақытжан Бұқарбайдың жетекшілігімен тұпнұсқадан қазақ және орыс тілдеріне («Аспантау асқан үркін көш», «Великий исход казахов») аударылып, 11-наурыз күні Алматы қаласындағы «Меломан Гранд» дүкенінде туындының тұсаукесер рәсімі өтті.
Қалай десек те, қазақ тарихының бізге белгісіздеу бір қыры жазылған кітаптың ең әуелгі ерекшелігі – шетелдік тарихшының ой-толғамы арқылы баяндалуы. Осы орайда, тарихи шығарманың қазақ оқырмандарына жетуіне мұрындық болып отырған Бақытжан бауырымызбен жүргізген шағын сұхбатты назарларыңызға ұсындық.
– Алтай қазақтарының жорық жолы баяндалған кітапты екі тілге аударып, қазақстандық оқырмандарға олжа салуыңызға не себеп?
– 2017 жылы ғаламтордан Алтайдан ауа көшіп, жарты әлемді басып өткен қазақ көші жайлы деректі кездестірдім. Әрі қарай індетіп көрсем, жазбаның авторы ағылшын тарихшысы екен. Бұл оқиға жайлы бұрындары там-тұмдап естігенім бар-тын. Сұрастырып көрсем, кітап бұған дейін қазақстандық оқырманның қолына тимепті. Яғни, орыс немесе қазақ тіліне аударылмаған екен. Осыдан кейін шетелдік тарихшының пайымымен жазылған кітапты отандық оқырманмен қауыштыру қажет деген ойға келдім. Өйткені кітаптағы таныс тарихи есімдер, сондай-ақ автор сипаттаған оқиғалар өзіме үлкен әсер берді.
Ең әуелі жұмыс бастамас бұрын менің көкейімде, бұл кітап қазіргі қоғамға керек пе, керек емес пе деген сұрақ тұрды. Әрине керек. Ендеше, бұл істі кім атқаруы керек? Жауап біреу – өзім атқаруға тиіспін. Өйткені АҚШ-тың 25-ші президенті Теодор Рузвельттің «Қандай жағдайда болсаң да, өзіңде бар дүниеден қолыңнан келетін нәрсені жаса!» деген тәмсілі менің өмірлік қағидаларымның бірі еді. Қолымнан келе ме? Келеді. Кітапты дайындап шығаруға ресурсым бар ма? Бар. Дәл қазір жасай аламын ба? Жасай аламын. Бұдан артық не керек? Міне, бүгін істің оң нәтижесін көріп отырмыз.
Біз кітапты қазақшаға аудару үшін байқау жариялап, жұмыс тобын жасақтадық. Іріктеу қатал жүргізілді. Аудармашылар бес көрсеткіш бойынша таңдалды. Яғни, аудару жылдамдығы, мұқияттылығы, сауаттылығы, ұтымды шешімдер ұсына білуі, аударма тілінің оқуға жеңілдігі назарға алынды.
Өтініш білдірген 30-дан астам үміткер арасынан жоғарыдағы бес талапты қанағаттандыратындар қатарында үш адам, яғни Нұргүл Есенгелді, Сағат Жүсіп және Ермек Ханкей болды. Нұргүл қазақша телебағдарламаларға редакторлық етіп жүрген білікті маман болса, Сағат ағамыз байырғы қаламгер, ал Ермек филология ғылымдарының кандидаты, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері. Үшеуі де өз ісінің үздік мамандары.
– Бір кітапты үш адам аударғандықтан мәтіндік ауытқулар болуы заңды. Бұл мәселе қалай реттелді?
– Бір кітапты үш адам аударған соң, әрине үш түрлі стилистика болады. Сол себепті, аударма мәтіндердің біртектілігін әуелі өзім бір қарап шықтым. Одан кейін сөз-сөйлемдерді бір-біріне үйлестіріп, толық редакциялау жұмысын тіл білімі саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен Жанат Әлмағамбетова апайымыз атқарып шықты.
– Ал орысшаға кім аударды?
– Орысшаға өзім 10 күнде аударып шықтым. Артынан бір ай уақыт мәтін сәйкестігін сараптадым. Өйткені туындының тұла бойы тұнған күрделі тарихи оқиғалар жиынтығы. Көбіне ғылыми анықтамалық ретінде түсіндірме, яғни сілтеме беру қажет болды. Оны кітапты оқу барысында өзіңіз де байқаған шығарсыз. Мұның бәрін сәтті атқарып шығуыма менің саяси білімім көп пайдасын тигізді. Әсіресе автордың сөз саптауы мен оның оқиғаларды беру тәсілін, өзіндік көзқарас ерекшелігін дәл беруге тырыстым. Аудару оңай болған жоқ. Тіпті бұдан кейін де осындай тәуекелге баруым екіталай.
– Бұл кітап қазақ руханиятына қосылған сүбелі дүние екені сөзсіз. Туынды авторы Аспантау асқан қазақтармен қай жерде жолығып жүр?
– Годфри Лайас үлкен сүргіннен аман қалған қазақтармен 1954 жылы, яғни олар Түркияға қоныс аударған соң бірер айдан кейін кездесіпті. Ең бастысы, автор оқиғаның тірі куәгерлерімен жолығып, олардың көрген-білгенін өз ауыздарынан жазып алған. Еңбектің басты құндылығы осында. Сонымен қатар кітапта қуғын-сүргін оқиғасымен қанаттас Алтай қазақтарының тұрмысы, этнографиясы, салт-дәстүрі, өмір сүру әдебі, олардың күрес жүргізу стратегиясы жайында тың деректер кездеседі. Әсіресе, қазақтардың азаттық жолында басынан кешкен қиыншылықтары өте шынайы суреттелген. Автор өзі әңгімелескен адамдардың аты-жөні, есім-сойын атап өтуді ұмыт қалдырмаған және кейбір түсінбей қалудан немесе білместіктен кеткен кемшілік болса алдын ала кешірім сұрап, оған оғаштық деп қарамауды да ескерткен.
– Кітап 1956 жылы Лондонда ағылшын тілінде жарық көргенін білеміз, содан бері де 63 жыл өтіпті. Бұл жәдігердің тұпнұсқасын қайдан таптыңыз?
– Кітаптың толық нұсқасын табу оңай болған жоқ. Оны сатып алуға менің үш есе қаражат ұсынғаныма қарамастан, сатушы кітапты бізге беруге ықылас танытпады. Ақыры, АҚШ-та тұратын досым арқылы кітапқа қол жеткіздім. Бірақ кітап мұқабасыз келді. Біз кітапты шығармас бұрын ежелгі мұқабадағы фотосын дәл бейнелеуді мұрат тұттық. Оны талантты фотограф Данияр Асылбектің арқасында толық орындай алдық.
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»