«ЕАЭО елдері арасында Ресейдің Орталық банкі алғашқылардың бірі болып орталық банкті инфляциялық таргеттеу және жұмысының транспаренттілігін қолдаған саясатқа көшті. Қазақстан серіктес елдің экономикасында жүріп жатқан реформалардан тыс қала алмайды. Ресейдің инфляциялық таргеттеуде бірқатар жетістіктерге жетуі қазақстандық өңдеуші экономикаға кері әсерін тигізуі мүмкін», – дейді Д.Сочин.
Биыл Ресейге қатысты АҚШ және Батыс елдерінің санкциясы жалғасады деген болжам бар. Шетелдік басылымдарда «инвесторлар қазірдің өзінде Қазақстанға ЕАЭО аясындағы тығыз ықпалдастық призмасы арқылы қарайды» деген ақпараттар жариялана бастады. Біз қандай бағыт ұстануымыз керек? Бұл сауалға Дмитрий Сочиннің пікірі мынадай: – Ресейге қатысты санкциялар бізге тікелей әсер етпесе де, белгілі бір дәрежедегі қалыпты қызметімізді, дамуымызды тежеп отырғаны анық. Көрші елмен арадағы ірі тауар айналымы мен қаржы ағындары Қазақстанды белгілі бір дәрежеде ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр. Қазір сыртқы саясатта салмақты және парасатты ұстаным маңызды. АҚШ-пен және Еуродақпен белгілі бір шарттар мен кепілдіктер үшін сауда жүргізу керек. Бірақ басты және әмбебап құрал – экономикалық саясат, ол мемлекеттік шығындарды азайтуға қарай бағытталуы қажет, дейді Д.Сочин.
Әлемдік нарықтағы ахуал бүгінде алпауыт елдердің өзін ойландыра бастады. Мықты тәуелсіз қаржылық көрсеткіштер – әлемдік нарықтағы дауылдармен күресудің ең жақсы құралы. Қазақстан инвестор үшін әлдеқайда тартымды ел екенін атап өту керек, деді сарапшы.
Оның пайымдауынша, Қазақстанның санкцияларға ұшырау қаупі төмен. Еліміз шикізаттық емес экономикаға ауысуға бағыт алып отыр, Азияның дамыған елдерінің тәжірибесін белсенді түрде қабылдауда. Президент Назарбаевтың екі бағыттағы мығым саясаты байқалып отыр. Қазақстан Ресейге өзінің ең ірі сауда әріптесі ретінде қарайды, екінші жағынан бұл орынды уақыт өте келе Қытай иеленетінін түсінеді. Сол үшін Үкімет Бейжіңмен тығыз қарым-қатынас орнатуда, әлемдік экономикалық өсім шоғырланған Азия елдерімен де байланыс орнатуды жолға қойып отыр.
Соңғы кезде БАҚ беттерінде қытай синдромы туралы ақпараттар жиі жариялана бастады. Қытай – алып мемлекет. Алып мемлекеттер ұйықтап жатып аунап түссе де, кішігірім көршілерін тұншықтырып тастауға шамасы жетеді деген бар. Бізге Ресей мен Қытай тарапынан ондай қауіп төніп тұрған жоқ па? Бұған қатысты сарапшы: – Қазақстан экономикасына Қытай инвестицияларының рөлі маңызды. Бірақ Қазақстан әзірге инвесторлар мен кредиторлар арасында қарапайым елдік әртараптандыруды ұстанады, сондықтан Қытайға қандай да бір тәуелділік туралы айту ағаттық. Қытай айтарлықтай агрессивті ойыншы екені рас, көбінесе оның инвестициялық келісімдерінің шарттары екінші тарапты кіріптарлық жағдайға ұшыратады. Егер қазақстандық тарап пен Қытай арасындағы келісімдердің шарттарында екі тараптың мүдделері бірдей ескерілсе, онда қытайландыру мәселесі туралы айтудың өзі артық, – дейді.
Қытай юаны АҚШ долларын ығыстыруы мүмкін деген болжам 2014 жылдың ерте көктемінен бастап айтыла бастағаны белгілі. Сарапшының пайымдауынша, АҚШ доллары бұрынғысынша бүкіл әлемде негізгі резервтік валюта болып қалып, қаржы транзакцияларының көпшілігі доллармен жүзеге асырылуда. Юань әлі күнге дейін толық мағынасындағы еркін айырбасқа түсетін валютаға айналмағанын естен шығармаған жөн. Көрші елдің экономикасының ауқымдылығына қарамастан, оның әлемдік қаржы транзакцияларындағы үлесі өте аз. Таза техникалық жағынан алғанда, Қытайдан тыс нарықтарда юань транзакциялары қиындыққа ұшырауда, сол себепті жеке бір аймақта юанның үстемдігі туралы айтуға ерте.
Ресейдің Орталық банкі 2014 жылдан бастап банктерге қатысты біршама қатаң саясатты таңдап, олардың санын үнемі қысқарта бастады. Қазақстанда соңғы уақытта банктер саны қысқарып жатыр. Бұл Орталық банктің саясатын қайталау ма, әлде ЕАЭО-дағы жалпы тренд пе? Бұл сауалға сарапшы банктердің заманауи экономиканың маңызды бөлігі екенін, олар ақша мультипликаторының рөлін атқаратынын айтып өтті. Орталық банктер өзінің монетарлық саясатын дәл осы несие институттары арқылы көрсетеді, экономикадағы ақша массасының реттелуі және оның айналым жылдамдығы осылай жүреді екен.
Сондықтан банк бизнесінің саулығы және тұрақты болуы өте маңызды. Әлсіз ойыншылар нарықтан кетуі керек, өйткені теңгерімсіздіктерді жалпы жүйеге енгізеді. Бұдан басқа, бүкіл әлемде индустрия клиенттеріне қойылатын талаптарды қатаңдату үрдісі байқалуда. Ресейде қалта банктері деп аталатын банктер ақшаның ізін жасыруға байланысты заңсыз әрекеттерден кейін жабылды. Ал Қазақстанда банктер сапасыз кредиттік портфельдер, өтімділік тәуекелін нашар басқару сынды операциялық кемшіліктер салдарынан ғана жабылғанын ескерген жөн», дейді сарапшы.
Сарапшы осы ретте ортақ цифрлы валюта туралы Ресей тарапынан көп айтылып жүргенін де еске сала кетті. Оның қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар? Бұдан Қазақстан ұта ма, әлде ұтыла ма? Еуроаймақ мысалында алып қарасақ, ортақ валюта негізінен оның ең күшті мүшелеріне тиімді екенін байқауға болады. Ортақ валютаны егемендіктің белгілі бір деңгейде жоғалуы деп айтса да болады, дәстүрлі фиаттық немесе сандық формада ма, ол жағы маңызды емес.
Еуродақтың кейбір мүшелері еуро аймағына қосылмаған және олардың әлі күнге дейін өз валюталары бар екені белгілі. Мәселен, Чехия мен Польша тәрізді елдер. Олардың экономикалық және мемлекеттік қаржы құрылымдары Грекия немесе Балтық маңайындағы елдерге қарағанда әлдеқайда мықтырақ. Д.Сочиннің айтуынша, Еуродақ ішіндегі сауда преференциялары мен тәуелсіз қаржы саясаты оларға Германия мен Франция сияқты экономикалық алпауыттардың арасында жан сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Гүлбаршын САБАЕВА,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ