Кездесуге мұнайлы аймақ халқы ықыласпен жиналды. Партия съезінде Елбасы атап көрсеткен тапсырмалар көпшіліктің көңілінен шыққаны анық. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мемлекет қолдауына мұқтаж әлеуметтік осал топтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Әлеуметтік қамқорлық» шарасы Атырауда да кеңінен жүргізіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ.Рыскелдинов және әлеуметтік блоктың бірінші басшыларынан құралған жұмыс тобы кездесуде Елбасы тапсырмасын іске асыру жайттарына тоқталды.
– Елбасы «кез келген экономикадағы жетістіктер, геосаясаттағы табыстар әр қазақстандықтың өмірінің оңалуына әсер етпесе, мәні болмайды» деп атап көрсетті. Қазақстанның жаңа даму кезеңі басталды. Бұл әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлумен, мемлекет көмегін қажет ететін отбасыларға қарайласумен басталып отыр, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова. – 2025 жылға дейін еліміз бойынша 40 мың пәтер беріледі. Әр өңірде аз қамтылған отбасыларға жалдамалы пәтер мамыр
айынан бастап беріледі.
«Әлеуметтік қамқорлық» шарасы кірісі төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге, білім беру, денсаулық сақтау салаларын жақсартуға, өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған тапсырмаларды қамтиды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев: «Әлеуметтік реформалар аясында әр отбасының құрамы мен байлығы туралы мәліметтер енгізілетін арнайы әлеуметтік карталар жасалады. Мұнда олар қажет ететін қолдау шаралары көрсетіледі. Көп балалы аналардың өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталады», деп атап өтті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев көп балалы, жұмыссыз аналарды жаңа кәсіпке бейімдейтін «Isker Ana» жобасының басталғанынан хабардар етті. Жаңа әлеуметтік бағдарлама мен Жастар жылының аясында мұнайлы өңірде басқа да көптеген бастама қолға алынады.
Кездесуде тұрғындар тарапынан сауалдар қойылып, нақты жауаптар берілді.
Жұмыс тобының сапары облыс орталығымен шектелмей, Махамбет, Мақат аудандарына барып, халықпен кездесумен, әлеуметтік нысандарды аралаумен жалғасты.
Премьер-Министрдің орынбасары бастаған жұмыс тобы әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешені құрылысымен танысты. Жұмыспен қамту орталығы, халыққа қызмет көрсету орталығы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттер үйіне де Астанадан келген мәртебелі меймандар ат басын бұрды. Сондай-ақ аудан әкімдерімен, кәсіпорындардың, кәсіподақтардың басшыларымен кеңес өткізілді. Өндірісті жаңғырту, еңбек қауіпсіздігі, еңбекақыны уақтылы алу мәселелері көтерілді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»
АТЫРАУ