Қазақстан • 13 Наурыз, 2019

Асыл қазынаны қорғай білейік

1352 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көне замандардан сыр шертетін тарихи нысандар – халықтың байлығы ғана емес, өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір, ал келешек ұрпақ үшін баға жетпес мұра. Статистика бойынша әлемдегі саяхатшылардың жартысына жуығын жанға жайлы демалыс орындарынан гөрі тарихи-мәдени нысандарға құмартатындар құрайды екен. Осыдан-ақ ежелгі сәулет талай жұртқа дәулет әкеліп жатқанын бағамдауға болады. Бұл тұрғыда Мысыр мен Римді мысалға келтірмей-ақ, туыстас Түркияның өзін тілге тиек етсек жеткілікті.

Асыл қазынаны қорғай білейік

Алтай мен Жетісу, Ұлытау мен Қаратау, Ертіс пен Сыр, Еділ мен Жайық, Түркістан мен Отырар, Маңғыстау сынды қазақтың төл бесігі саналған ұлан-ғайыр атырапта ұлт құндылығына баланатын киелі орындар аз емес. Бұл аумақтардағы қасиетті орындар дегенде Түркістан қаласындағы тұтас түркі әлемінің толағай тұл­ғасы Қожа Ахмет Ясауидың кесе­несі, Қарашаш ана мен Арыс­танбаб кесенелері, Гаухар ана зираты мен Әли Қожа бейіті, Қара­ғандыдағы Беғазы кешені, Жамбыл облысындағы Айша бибі мен Қарахан кесенесі, Шығыс­тағы Алтай ескерткіштері мен Жидебайдағы Абай мұражайы, Маңғыстау өңіріндегі Шопан Ата жерасты мешіті сынды тағы басқа да тарихи-мәдени ескерт­кіштер ойға оралады. Осы­­нау құндылықтарды көздің қара­шығындай қорғау ең алдымен дәстүр мен киені қастерлеу бол­са, екінші жағынан туризм сала­сын түлетуге таптырмас мүмкіндік.

Қазіргі таңда елімізде 25 мың­нан астам тарихи-мәдени мұра нысаны тіркелген десек, оның 70%-ын археологиялық ескерт­кіштер, 30%-ын сәулет және қала ескерткіштері мен ансам­бльдері құрайды. Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы бұл ба­­ғыттағы жұмыстарды едәуір ілгерілеткені рас. Нәти­же­сінде көптеген мәдени ескерт­кіштер мен нысандар ерекше қор­ғауға алынды. Ғылыми қал­пына келтіру жұмыстары да «Мә­дени мұра» мемлекеттік бағдар­ламасын (2004-2009 жж.) іске асыру жылдары қарқын алға­ны белгілі. Аталған кезеңде 105 тарихи-мәдени ескерткіш қалпына келтірілді. Сонымен қатар елімізден тыс жерлердегі қазақ тарихына қатысты киелі орындарды жаңғырту жұмыстары да жүйелі жүзеге асқан. Бұл ретте, Мысырда және Сириядағы Бей­барыс сұлтан кесенелерінде жүр­гізілген ғылыми қалпына кел­тіру жұмыстарын, Қазақ­стан­ның қатысуымен Шам қала­сындағы тарихи-мәдени орта­лықтың, Астраханьдағы Құр­манғазы орталығының қалпына келтірілгенін атай кеткен жөн.

Алматы қаласындағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының ұйыт­қы болуымен екі күнге жалғасқан «Тарихи қалалық ланд­шафтарды қорғау» атты семи­нарға қатысқан Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің сарапшы­лары бұл бағыттардағы жұмыс­тарды ынтымақтаса отырып да­мыту қажеттігін айтады. Еске сал­сақ, еліміз Дүниежүзілік мәде­ни және табиғи мұраны қор­ғау туралы конвенцияны 1994 жы­лы ратификациялады. Бүгінде Дүние­жүзілік мұралар тізіміне Қа­зақстаннан үш номинация бо­йынша ұсынылған 10 тарихи және мәдени ескерткіш енген. Бұл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Тамғалы» археологиялық ланд­шафтының петроглифтері, Қы­таймен және Қырғызстанмен бірлесіп әзірленген «Ұлы Жі­бек жолы: Тянь-Шань дәлізі желісі» трансұлттық аталымы аясындағы 8 тарихи-мәдени ескерткіштер.

ЮНЕСКО сарапшысы Катрии Лисицин тарихи орын­дарды сақтап қалу үшін сол за­манның салтына сай бедер­лен­ген архитектуралық ше­бер­ліктен ауытқып кетпеу қа­жет­тігін айтады. Оның сөзінше, мұн­дай ғимараттардың яки ескерт­кіштердің маңынан заманауи биік нысандардың бой көтеруі оның бағасын түсіреді. Ескі мұраларды қайта қалпына келтіру ісінде бұл аса маңызды рөл атқа­ратынын тілге тиек еткен маман, ежелгі сәулет жетістіктерін қаз-қалпында сақтап, сол арқылы зор табысқа кенеліп отырған бірқатар мемлекеттерді үлгі ре­тінде келтірді. Бұл ретте жылдың төрт мезгілінде де туристер саны толастамайтын Еуропа елдерін айрықша атай кеткен жөн.

– Қазақстандағы тарихи-мә­дени орындар санатына кіретін 25 мың нысанның 11 мыңнан астамы тарихи және мәдени ескерткіштердің мәртебесіне ие. Оның 244 бірлігі республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің Мемлекеттік тізіміне және 11 мыңға жуығы мемлекеттік тарихи-мәдени ескерткіштердің жергілікті ма­ңы­зы бар тізіміне енгізілген. Республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің көпшілігі Түркістан (31), Қы­зыл­орда (29), Жамбыл (30), Қа­рағанды (22), Маңғыстау, Шы­ғыс Қазақстан (20) облыс­тарында орналасқан нысандар. Тек 2018 жылдың өзінде тарихи-мә­дени мұра объектілерін қорғау са­­ласындағы жұмыстарды жетілдіру үшін 3 мұражай қоры құрылды. Оның алғашқысы – «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мә­де­ни мұражай-қорығы. Қорық­тың негізгі нысаны Ас­тана қа­ласы маңында ор­наласқан және қазіргі елорданың пайда болуын бей­нелейтін Бозоқ қалашығы орын тепкен жер. Болашақта ежелгі қоныстану рухын жаң­ғырту және елді мекендегі күйреген қалдықтарды із­дестіру ісі жоспарлануда. Тағы бір нысанның негізгі қызметі Энеолит дәуірінің та­рихын насихаттау және әрі қарай зерделеу болмақ. Жылқыларды үй­лес­ті­ру, яғни «Салт ат мәде­ние­ті». Ал үшіншісі «Сарай­шық» мем­ле­кет­тік тарихи-мәде­ни мұ­ра­жай-қорығы, – дейді Мә­де­ниет және спорт министр­лі­гінің Мәдениет және өнер іс­тері департаментінің сарапшысы Әсел Алитанова.

Мамандардың айтуынша, елімізде жыл сайын рес­пуб­ли­ка­­лық және жергілікті бюд­жет есебінен орташа есеппен 40 тарихи және мәдени ескерт­кіштерге зерттеу және қал­пына келтіру жұмыстары жүргізіледі. 

Сәулетші Бек Ыбыраев ежел­гі мұраларды қайта қалпына кел­тіру барысында белгілі шекара­дан аттамаған жөн деп есептейді. 

«Өкінішке қарай, көптеген тарихи кесенені болашаққа жеткізу ісінде қателіктерге жол беріп жат­қан жағдайлар бар. Қазақ ежел­ден аруақ сыйлаған халық. Нысан­ның сыртқы сұлбасын сақ­тап қалу өз алдына, оның не­гізгі тамыры саналатын дәс­түрлі құндылықтарын жойып алмауы­мыз керек. Қасиет пен кие, өнеге сонда жатыр. Осы екеуін тең ұс­тай алған жағдайда ғана бабалар алдындағы аманат, асыл мұрат діттеген жеріне жетеді», дейді ол.

Басқосу барысында мә­дени және табиғи мұ­ра­ларды қорғау туралы конвенцияны жүзеге асыру, сондай-ақ тарихи қалалық пейзаждарға бағытталған тәсіл­дерді енгізуге қатысты ұсы­ныстар айтылды. Тараптар мұ­раны қорғау мен ақпарат тарату жұмыстарында ин­новация­ларды қолдануға ар­налған жаңа тәсілдер іздестіру керек деген пікірге тоқайласты. Ең бастысы, экономикалық және әлеуметтік салалардың жаппай дамуы мә­дени ескерткіштер мен та­рихи мұраларға салқынын ти­гізбеуі керек.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ