Осы мақала арқылы түп-тамырымызды тану, тарихымызды терең зерделеу, ұлы тұлғаларымызды ұлықтау бағытында білім беру жүйесінің алдына да үлкен мақсат-міндеттер қойылған. «Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады», – деп атап айтты Президент Елбасы атап көрсеткендей, «Өз тарихыңа деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан бастау алуы тиіс. Мектептер мен барлық өңірдегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды». Осы орайда Президенттің бастамасымен мектеп бағдарламасына енгізілген «Өлкетану» курстарының маңызы зор. Бұл игілікті іс, жаңа бастама осы мақалаға келер жолдағы ұтымды қадамдардың бірі екені анық.
Қашанда жаңа бастамалардың алдында маңызды мәселелер тұратыны белгілі. Сол мәселелердің шешімін табу мақсатында институт қабырғасында «Өлкетану» курсын жүргізетін мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытында курстар ұйымдастырылуда. Мұғалімдерге «Өлкетану» курсының мақсат-міндеттері, маңыздылығы, жасөспірімдерге берер тәлім-тәрбиесі жөнінде дәрістер оқылып, көшпелі-тәжірибелік сабақтарда тәжірибе алмасу мүмкіндіктері ұсынылады. Еліміздің болашағы – жас ұрпақты даңқты батырларымызды, ойшылдарымыз бен ел билеушілерімізді тануға, Отанын сүюге үндеп, өз елінің патриоты болып қалыптасуына септігін тигізуде үлкен рөл атқаратын құнды дүниеге құрметпен қарауға үйретеді.
Ұлы дала халқы Әбу Насыр әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай сынды тұлғаларды пір тұтқаны айтылған. Бұған орай, Елбасы тарихта ойып тұрып орын алатын адамдар құрметіне «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды ұсынды. Бұл оқу-ағарту саябағын Ұлы даланың әр өңіріндегі ұлы есімдер құрайды. Сондықтан әр адам өз өңіріндегі тұлғаларды, өлкесінің тарихын танып білуі тиіс. Алдағы уақытта институттың Баспа қызметі және қоғаммен байланыс бөлімінің жоспарына сай, Сарайшық қаласының орнына, Шыңғырлау ауданы жеріндегі Сарқырамаға, археологиялық қазба жұмыстары негізінде «Алтын адам» табылған жерге саяхат жасау, қасиетті «Дәдем ата» кесенесіне зиярат ету жоспарланып отыр. «Ұстаздар ұстаханасына» айналған институтымыз педагогтар біліктілігін арттыру курстарында мақалада ұсынылған жобалар бойынша дәрістер оқуды қолға алды.
Сонымен бірге мақала оқыған адамға өткеніңді ұмытпау, одан сабақ алу, қолда барды қадірлеу керектігі жөнінде ой салады. Бұл ретте институтымызда жыл сайын дәстүрлі түрде «Біліктілермен бір күн» атты кездесу ұйымдастыру жолға қойылған. Осы орайда аға ұрпақ ардагерлерден өнеге, олардың озық еңбек үлгілері мен өмірлік тәжірибелерінен, жеке тұлғалық адами қасиеттерінен сабақ алу – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына. Көп жыл бойы қызмет атқарған зейнет демалысындағы ардагерлерді дәріптеу, олармен институтқа келген жас мамандардың танысып, тәжірибе алмасуы үшін дәнекер болу – жылдағы қалыптасқан дәстүр. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында институт жанынан ашылған педагогикалық музейде облыстық білім саласында қызмет істеген үздік педагогтар, ардагер ұстаздар туралы құнды дүниелер жасақталған. Музей қоры жыл сайын жаңа жәдігерлермен толықтырылып отырады. Музейді курс тыңдаушылары және институт қонақтары тамашалайды.
Мақалада Елбасымыз ұсынған әр жоба маңыздылығымен құнды, тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде осы жобаларға үн қосуымыз керек. Соның ішінде «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасында «Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады», делінген. Осы аңыз-әфсаналар, ерлікті, елдікті, бірлікті ту еткен жыраулар поэзиясы, қиссалар мен дастандар арқылы бүгінгі ұрпақ ана тіліміздің қайнарынан қанып ішіп, ондағы айшықты сөз оралымдарынан, кестелі сөз өрнектерінен ана тілінің, мемлекеттік тіліміздің маңыздылығын, өзіндік ерекшелігін біліп, сезініп өседі. Ал бабаларымыздың аманаты – тарих қойнауынан сыр шертіп, салт-дәстүрімізді, ұлттық ерекшелігімізді үйреткен тілімізді дамыту, мемлекеттік тіл ретінде әлемдік деңгейге көтеру – азаматтық ұстанымымыз. Осы тұрғыда латын әліпбиіне көшуге байланысты жұмыстар жүйелі жүргізіліп, кестеге сай жүзеге асырылып келеді және оған барлық ұжым мүшелері өз үлестерін қосуда.
Софья ІЗМҰХАНБЕТОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» директоры
ОРАЛ