Партияның Қарағанды облыстық филиалының атынан сайланған съезд делегаты ретінде мен «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және партияның көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағыт-бағдарын толық қолдаймын.
Тәуелсіздік, өркендеу және саламатты да қажырлы ұлт қалыптастыру – партияның басты мақсаты. Медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен еңбекақысын көтеруге, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға және бастапқы медициналық-санитарлық жәрдемнің сапасын арттыруға қол жеткізуге барынша ниетті екендігі де белгілі.
Осы съезде Елбасы денсаулық сақтау саласын дамыту үшін қосымша 120 млрд теңге бөлуді тапсырды. Мені жекеменшік медицина ұйымының басшысы, партия мүшесі ретінде «Нұр Отанның» біздің медицинаның әлемдік жоғары стандарттарға сай болуын және қазақстандықтардың денсаулық сақтау саласындағы ең үздік тәжірибелерге тең жағдайда қолжетімділік мүмкіндігімен қамтамасыз етілуін қалайтыны қуантады. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің жас буынын да ұмытпай, оларды мамандықтары бойынша жаңа және озық кәсіптерге ұдайы әрі сапалы оқытуды қолдайтыны тәнті етеді.
Бұл бағытта біздің облыста үлкен жұмыс атқарылуда. Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, биыл «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Теміртау қаласында емхана құрылысын бастайды. Қарағандыда 300 орынға арналған облыстық көп салалы клиника салу жоспарланған. Сонымен қатар биыл Жезқазғандағы аурухана қалашығы жөнделеді. Оның аумағында диагностикалық орталық, стоматология және балалар шипажайы ашылады.
Қызметтік баспана беру мен еңбекақыны көтеру медицина кадрларына деген мұқтаждық мәселесі шешімін табуда. Облыста 2017-2018 жылдары 45 қызметтік пәтер беріліпті. Биыл 60-тан астам дәрігер баспанаға ие болмақ. Балқаш қаласында медициналық колледждің 300 адамға лайықталған жатақханасы пайдалануға берілді.
Елбасы тұрғындарға қол созым жерде орналасқан емханалардың ашылғанына айрықша көңіл бөлді. Облыста бұл мәселе жеке инвестиция тарту және мемлекеттік-жекешелік әріптестігі механизмі арқылы шешіліп жатыр. Бүгінде Қарағандыда дәл осындай 2 емхана ашылды, алдағы уақытта бастапқы медициналық-санитарлық жәрдем негізінде 4 емхана салынбақшы.
Алдағы онжылдық партия үшін еліміздің гүлденуі жолында екпінді еңбек ететін кезең болмақ. Партия бағдарламасы аясындағы белсенді жұмыс еліміздің әрбір тұрғынының жайлы өмір сүруіне, өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретін бақуатты қоғам құруға игі ықпалын тигізері сөзсіз.
Борис ЗОРИН,
«Стоматологиялық бірлестік» ЖШС бас директоры,
«Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі
ҚАРАҒАНДЫ