Білім • 13 Наурыз, 2019

Директорлардың кең кабинеті оқу сыныптарына берілді

1209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жалпы орта білім беретін мектеп директорларына даңғарадай кең кабинеттер қажет пе? Педагогикалық кеңестер мен өзге де оқу-тәрбие үдерістеріне қатысты жиындар өткізілетін залы бар мектеп ғимаратында бұл тіпті де шарт бола қоймас. Сондықтан да Ақтөбе қаласында мектеп директорлары аумағы үлкен кабинеттерін оқу сыныптарына ауыстыруға түсіністікпен қарап отырғанын көреміз. Қазіргі қолда бар деректерге қарағанда олар мектеп ғимаратының бірінші қабатындағы жан-жағы ашық, әйнектен жасалған шағын кабиннеттерге көшірілмек.

Директорлардың кең кабинеті оқу сыныптарына берілді

Қазіргі күні облыс орталығында мұндай жағымды жәйттің басталып кеткенінің өзі бір мерей. Атап айтқанда өткен аптада Ақтөбе қаласындағы бірқатар орта мектептің директорлары жоғарыда айтылғандай қызмет жасау жағдайына көшті. Ал олардың бұған дейін отырған кең кабинеттері оқу сыныптарына берілді. Кабинеті кішірейтілген №36 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Ержан Бақытбек бұл өзгеріс жөнінде өз ой-пікірін былайша жеткізді.

- Басшылардың далиған кабинеттерден ықшам қызмет орнына ауыстыру ісіне ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастамашы болғаны белгілі. Агенттіктің бастамасын шын жүрегіммен қолдаймын. Қазіргі кезде бұл қадам аймақта жүзеге асырылып жатқан «Ақтөбе –адалдық алаңы» атты жобамен тығыз үндестік тауып отыр. Осы орайда мен бұған дейінгі аумағы 65 шаршы метр кабинеттен мектеп ғимаратының бірінші қабатындағы жалпы аумағы 30 шаршы метр құрайтын кабинетке ауысқанымды айтқым келеді. Жаңа шағын қызмет орны оның төрт бұрышы әйнектен құрастырылған.

Жаңа да оңтайлы кабинеттік жүйе мектеп ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздікті бақылауға да ыңғайлы. Сонымен бірге мектеп үдерісіндегі өзге жайларды да мектеп директорының өз көзімен көріп, бақылап, қадағалап отыруына жол ашық. Сондай-ақ әйнектен жасалған кабинеттер ата-аналармен тығыз қарым-қатынас жасауға да септігін тигізе алады деп мәлімдейді жаңа өзгерістердің басы-қасында жүрген мамандар.

Облыстағы білім беру саласы жетекшілерінің мәлімдеуінше алдағы уақытта аймақтағы барлық мектептер мен колледж басшыларының кабинеттері осындай оңтайлы режимге көшірілмек.

Темір Құсайын,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ