Аймақтар • 13 Наурыз, 2019

Алматыға «Роботталған дәріхана» қондырғылары қойылуы мүмкін

1153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алып мегаполис Алматыда денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Алдағы сәуір айынан бастап қалада дәрі-дәрмек сатып алу электронды платформаға көшірілмек. Мамандар бұл әдіс барынша ашықтықты қамтамасыз етіп, айналымды қадағалап отыруға мүмкіндік тудыратынын айтады.

Алматыға «Роботталған дәріхана» қондырғылары қойылуы мүмкін

Саладағы тағы бір жаңашылдық, жергілікті бюджеттен тегін дәрі-дәрмек алатын науқастарға арналған дәріхана-робот іске қосылуы мүмкін. Аталған құрылғы электронды карта негізінде жұмыс істейді. Және науқастың кім екенін тану мүмкіндігіне ие. Әзірге оның нақты қашан жұмыс істейтіні белгісіз. Дәріхана-робот медициналық техникаларды қадағалаушы комиссияның шешімінен кейін сатып алынуы мүмкін.

«Біз бұл жүйенің көмегімен тегін берілуге тиісті дәрілердің науқастың қолына жеткен-жетпегенін нақты анықтай аламыз. Себебі, былтыр жүргізген мониторинг кезінде қажетті препаратты Алматы қаласында тіркелмеген тұлғалар алып келгендігі жайлы деректер анықталды. Ал мұнда науқастың жеке деректері электронды базада сақталады. Содан соң медициналық техникалардың қажет екенін бас дәрігерлер дәлелдей алуы тиіс. Қолданатын мамандардан бастап қойылатын жеріне дейін бәрі ескеріледі», – дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев.

Басқарма басшысының сөзінше, бас дәрігерлерге қатаң талап қойылады. Бұдан былай олар KPI бойынша жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ бас дәрігер жұмысқа тұрмас бұрын біліктілін дәлелдейтін арнаулы конкурстан өтуге тиіс. Сонымен қатар, емхана мен стационарлардағы бақылау кеңесіндегілердің қатары әр салада қызмет ететін тәуелсіз мамандармен толыға түседі.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ