Орталықтың ашылуына орай облыс әкімдігі мен ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі арасында меморандум түзілді. Халықаралық ұйым өкілі Юрий Оксамитныймен кездескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ресурстық орталықтың ашылуы өңір үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. «Балалардың денсаулығын жақсарту – басты назарда болуы қажет. Бұл бағытта біз қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Жақын арада орталықтың жұмысы біздің өңірдегі аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай бүлдіршіндері бар отбасылардың денсаулығын, әл-ауқатын жақсартуға оң септігін тигізетініне сенімдімін», – деді Өмірзақ Шөкеев. Ал ЮНИСЕФ-тің өкілі екіжақты келісімге ризашылығын білдіріп, орталықта алдағы уақытта білікті мамандар даярланатынын жеткізді.
Аталған орталық аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай балалары бар отбасылар үшін озық үлгідегі кешенді қызмет көрсете алатын патронажды медбикелерді даярлайтын болады. Сапалы білім беретін мекемелерді құру, денсаулық сақтау жүйесіне қажетті ана мен баланың денсаулығын қорғайтын медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің сапасын жақсартуды қамтамасыз ету негізгі мақсаты саналатын орталық қажетті құралдармен толық жабдықталған.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы