13 Наурыз, 2019

Мақтааралда шағын зауыт іске қосылды

1037 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында жылына 70 трактордың тіркемесін шығаратын өндіріс орны іске қосылды.

Мақтааралда шағын зауыт іске қосылды

Тұрақты жұмыспен 16 адам қамтылған шағын зауытта көлемі 8 тоннадан аса жүк сиятын трактор тіркемелері құрастырылуда. Қазірдің өзінде кәсіпорын 10 трактор тіркемесіне тапсырыс алыпты. Зауыт басшысының айтуынша, алдағы уақытта тағы он адамды жұмысқа қабылдап, тіркемелер санын арттыру жоспарланып отыр.

Мемлекеттік қолдаумен іске қосылып отырған кәсіпорынның ашылу салтанатына Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов пен еліміздің өңірлерінен келген ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары мен көршілес аудандардың кәсіпкерлері, шаруалары қатысты. Жиынға қатысушылар заманауи үлгідегі жаңа тіркемелердің жасалуы мен құрастырылу цехтарын аралап, зауыттың жұмысымен танысты. Өз идеясының халыққа тиімді екенін дәлелдеп, мемлекеттен қайтарымсыз 225 миллион теңге грант жеңіп алған Нұрлан Нұрбеков аграрлы аймаққа қажетті тіркемелерді шаруаларға тиімді бағада шығаруды көздеп отыр. «Еліміз бойынша қазіргі қолданыста жүрген тракторлардың 65 пайызы, комбайндардың 46 пайызының пайдалану мерзімі 17 жылдан асқан. Сондай-ақ, тракторлардың 15 пайызы қазірдің өзінде істен шықса, 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайндар және басқа да қосалқы техникалардың жағдайы да осындай. Ал, ескі техникаларды пайдалану шығынды көбейтеді және егінді толық жинап алуға мүмкіндік бермейтіні айдан анық. Осы олқылықтарды жою үшін мемлекет тарапынан техникаларды жасаушы отандық кәсіпорындарды қолдау шаралары белгіленді. Солардың қатарында отандық техника жасаушыларға өз өнімдерін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге арзандатып сату үшін субсидиялар беру, қосымша құн салығынан жеңілдіктер жасау, гранттар беру сияқты жұмыстар атқарылуда. Мемлекет тарапынан берілген осындай көмектің арқасында ауданымызда трактордың тіркемелерін шығаратын шағын зауытты іске қосып отырмыз» - деді аудан әкімі.

Шағын зауытта ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуден өткізіп, ескілерін қайта қалпына келтіруге болады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы